ҚазМұнайГаз елдегі су тасқыны салдарын жою үшін құтқарушыларды отынмен жедел қамтамасыз етуде

Dalanews 04 апр. 2024 18:26 2362

«ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес кәсіпорны) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мен арнайы мемлекеттік органдарына мұнай өнімдерін жеткізу бойынша «Бірыңғай оператор» функциясы аясында су тасқынынан ең көп зардап шеккен өңірлерге Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның қажеттіліктеріне сай мұнай өнімдерін үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар қазіргі таңда облыс әкімдіктеріндегі су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және көктемгі су тасқыны салдарын жою жөніндегі штабтың тапсырысы бойынша өңірлерге мұнай өнімдерінің қажетті көлемі жеткізіліп жатыр.

«ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС жұмысшылары көктемгі су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерге көмек көрсету үшін бір күндік жалақысын аударды.

Сонымен бірге Атырау мұнай өңдеу зауытында жедел штаб және 150 зауыт жұмысшыларынан тұратын жұмылдыру жасағы құрылды. Олар облыс әкімдігі бекіткен аумақта су тасқынына қарсы шараларға қатысады. Бұдан бөлек, Атырау мұнай өңдеу зауыты арнайы техника, жеке қорғаныс құралдары мен өзге де құрал-саймандармен қамтамасыз ететін болады. Қажет болған жағдайда, зауыт халықты эвакуациялау үшін көлік беруге дайын.

Бүгін, 4 сәуірде, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Атырау мұнай өңдеу зауыты арқылы Жылыой ауданына 20 тонна дизель отынын жөнелтті. Сондай-ақ АМӨЗ Махамбет ауданына жанар-жағармай сақтауға арналған сыйымдылықтар мен жағалауды қорғау жұмыстары үшін қажетті құрал-жабдықтарды беріп жіберді.

Бұған қоса кәсіпорын ұжымы Атырау облысының көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге қаржылай көмек ретінде біркүндік жалақысын аударады.

ҚМГ тобының басқа компанияларының қызметкерлері де су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қаржы жинап жатыр.

Мысалы, КРІ («Kazakhstan Petrochemical Industries Inc») компаниясының қызметкерлері Атырау облысының су тасқынынан зардап шегіп жатқан ауылдарына көмектесу мақсатында қаржылай көмек жинап жатыр. Жиналған қаражатқа гуманитарлық, қаржылық, әлеуметтік көмек көрсету жоспарланып отыр.


Рекомендовать
Последние новости