Қазақтың тарихын бұрмалау үшін Ресей бар күшін салады - тарихшы

Көркем Алдабергенова 26 нояб. 2024 10:43 637

Тарихшы Арман Жұмаділ Ресейге «ортақ тарихшылар тобы» не үшін керегін түсіндірді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Арман Жұмаділ «Дәрігердің қателессе бір адамның өмірі қиылады. Тарихшының қателігінен екі ел соғысады» деген қағида бүгін сол сөздің рас екенін уақыт көрсеткенін айтады.

Мысалы, 1990-жылдардың аяғында ҚХР 1937 жылғы Нанкин қырғыны оқиғаларын мектеп оқулықтарында толығымен қайта қарастырғаны үшін Жапон елімен дипломатиялық қатынасын үзген болатын.

"Сол сияқты 2015 жылы «Қазақстанның «Мектеп» баспасынан шыққан орта мектептерге арналған оқулықтарда Қырым Автономиялық Республикасы Ресей Федерациясының субъектісі ретінде көрсетілуіне байланысты Украина елшілігі Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын жолдаған.

Ал, ІІ Дүниежүзілік соғыстың қанды қасабын бастау үшін нацистік Германия да тарихқа жүгініп, Ұлы Рейхтың адамзат алдындағы «ерекше миссиясын» көтеріп, «қолдан жасалған халықтардың өмір сүруіне құқығы жоқ» деген ұстанымдарын жалаулатқан жоқ па?!", - деп жазды тарихшы. 

Жалпы, тарих тоталитарлық, диктаторлық елдерде биліктің қолжаулығына айналатыны заңдылық. Оған дәлел патшалық Ресей мен Советтік тоталитарлық жүйе кезінде империяның қол астына қараған халықтардың, соның ішінде қазақ халқының тарихын қасақана бұрмалануы.

"Тарих бұрмаланып қана қоймай, сол тарихпен айналысқан қаншама тарихшы ғалымдар мен зиялылар бас бостандығынан айырылды. А дегенде бірден еске түсетіндер: Бек Сүлейменов «Кеңес халқының моральдық-саяси бірлігіне, социалистік құрылысқа орны толмас зиян келтірді» деген айып тағылса Ермұхан Бекмаханов «буржуазиялық ұлтшыл» деп айыпталды. Белгілі Абай танушы Қайым Мұқамедханов «Абайдың ақын шәкірттері» деген ғылыми тақырыбы үшін айыпталып ісіті болды. Үшеуіне де бір үкім: 25 жылға бас бостандығынан айыру кесілді. Бүгінгі РФ сол жүйенің мұрагері…

Ал енді мынандай сұрақ туындайды. Бір ғасырдан бері қазақ тарихын бұрмалап келген, бүгін де қазаққа шекараны да, мемлекеттікті де қимай отырған, «Назарбаевқа дейін қазақтарда не шекара болған жоқ, не мемлекет болған жоқ», «Қазақстан қасиетті орыс жері», «Қазақстан Мәскеудің сыйы» деп жар салған елге аяқ астынан Қазақстан тарихшылары не үшін қажет боп қалды екен?", - дейді тарихшы. 

Мүмкін РФ 1932-33 жылдары қазақ халқының басына түсірген зұлматты мойындап, аштықтан қырылған халықтың құнын төлегісі келді ме?

"Әлде, «бәріміз Алтын Орданың мұрагерлеріміз, сондықтан да бәріміз «анамыздың» құшағына қайта оралып бір ел болайық (жаңарған СССР)» дегенді негіздегісі келе ме? Қазақстанның тарихшы ғалымдары Ресейдегі әріптестерімен онсыз да өз зерттеп жүрген тақырыптары мен жобалары бойынша ғылыми байланыс орнатқан", - дейді маман. 

Керек десеңіз Ресей тарихшылары «Қазақстан тарихының» жаңа 7 томдық академиялық басылымын дайындауға да белсенді түрде тартылып жатыр. Ал, археология саласында бұл әріптестік 30 жылдан бері үзілмей келеді.

"Қазақстан онсыз да РФ экономикасы мен саясатына тәуелді. Кедендік одақ, Евразэс сияқты ұйымдар РФ саяси-экономикалық мүддесінен шыққан және тек РФ үшін қызмет істеп отырғаны мәлім. Сол одақ ҚР ешқандай пайда әкелген жоқ. Қазақстан мен РФ арасында достық, стратегиялық серіктестік туралы қаншама келісімдерге қол қойылса да, ҚР экономикасы РФ тәуелді болып отыр.

Өйткені ол келісімдер көп жағынан РФ мүддесі тұрғысынан жасалды. ҚР жерасты, жерүсті байлығы мен кен орындарының бәрі дерлік РФ мен ҚХР меншігіне берілген. Халық жер байлығын игеріп отырған шетелдік компаниялармен жасалған келісім шартты көрсет десе өкімет «ол құпия» деп көрсетпей отыр", - дейді Арман Жұмаділ.

Біздің заңдар қаншалықты өз халқына, өз бизнесіне қарсы жұмыс істесе, соншалықты РФ және басқа да шетелдік компаниялардың мүддесі үшін қызмет етіп отыр.

Ал енді бұның бәрі тарихқа қанша қатысы бар? - деген орынды сауал туады.

"Мәселе мынада, С.В. Лавров мырза Қазақстан мен Ресей тарихшыларынан ортақ топ ұйымдастырудың артында бір-ақ мақсат тұр. Бүгін Қазақстан экономикасы РФ кіріптар болса да тәуелсіздік жылдары санасы ояу, көкірегі ашық, жүрегі «қазақ» деп соғатын қанша ұрпақ келді! Кеңестік-тоталитарлық жүйеде тәрбиеленген аға ұрпақ түбі кетеді. Сонда қазақ қоғамында Ресейді «аға тұтатын» адам қала ма жоқ па?, - деген мәселе Ресейдң алаңдатып отырған сияқты.

Егер Ресей мен Қазақстан тарихшыларынан ортақ топ құрылатын болса ол қолдан «РФ прогрессивтік рөлін көтергеннен» басқа не тындырар екен. Орта ғасыр мен отарлық кезең өз ұстанымдарынан ажырамайды. Ресей империясы Қазақстанды жаулады, қазақ елін отарлады, қазақ ауылдарын қанға бөктірді, ұжымдастыру жылдары қазақ халқына қарсы этноцит саясатын жүргізді…", - дейді тарихшы. 

Қарастырылуы мүмкін тағы бір мәселе, РФ 2025 жылы Ұлы Отан соғысының 80 жылдығын атап өтпекші. Осы соғысқа қатысты соңғы кезде жаңа фактілер мен ұстанымдар орын алып жатыр.

"Біз әлі күнге дейін ІІ Дүниежүзілік соғысқа Сталин кезінде қалыптасқан ұстанымдарды басшылыққа алып қарап келеміз. Осыған байланысты СВО басталғалы Ресей басшылығының секем алып жатқан бір мәселесі «ІІ Дүниежүзілік соғыс отының өршуіне тек фашистік Германия ғана кінәлі ме?», деген сауал. Польшаны бөліп алған, Прибалтика елдеріне кірген кім? Ресей мен Қазақстан «ортақ тарихшылар тобы» бұл мәселеге ешкім күмән келтірмейтіндей «нүкте» қоятын шығар.

Еуроодақ елдерінде Холокосқа күмән келтіргені үшін жауапкершілікке тарту қалай қаралса, тура солай «ортақ тарихшылар тобы» жасаған қортындыларға да күмәндану қылмыс боп саналатын шығар…", - дейді Арман Жұмаділ. 

Ресейдің болашағының өзі бұлыңғыр. Түбі Путин де кетер. Сонда РФ тағдыры қандай болмақ? Ресей өз тұтастығын сақтай алама жоқ па? Ресей Федерациясының субъектілері қандай да бір «бұлғақ» шығарып жүре ме?! «Ортақ тарихшылар тобы» бұған да жауап іздейтін шығар.

"Бірақ тарихшы болған соң өткен тәжірибеге көз салмаса болмайды. Болашақта құрылатын «ортақ тарихшылар тобына» бір ақыл-кеңес бере кетейік. КСРО деген империяның бір оқ атылмай ыдырап кеткені бәріміздің есімізде. «Тәуелсiздiк шеруiн» Прибалтика республикалары бастады. Олар КСРО-ның I Жалпыхалықтық сайланған съез жұмысы кезінде мәжіліс залынан үн-түнсіз шығып кетті. Себебі олар ұсынған «Одақтық шартты қайта қарау туралы» ұсынысы күн тәртібіне енгізілмеген. Олар өз республикаларына оралды да СССР құрамынан шығу мәселесін бүкілхалықтық референдумге шығарды. Референдум нәтижесі бойынша Балтық жағалауының үш республикасы СССР құрамынан бірінші болып шығып кетті.

Егер, Ресей сол тағдырды қайталағысы келмесе, федерацияның барлық субъектілерімен федералдық келісімді жаңартып қайта қарау керек. Әйтпесе СССР-дің кебін киюі ғажап емес. РФ-да аз ұлттарға ұлттық тілде мектеп түгіл сынып ашпайтын өкімет кімге ақыл айтқандай! Атам қазақта «Бүлінгеннен бүлдіргі алма!» деген сөз бар. Сонымен қатар «сорлыдан аулақ жүру соры жұғады!» деген қағиданы да ұмытпайық", - деп түсіндірді тарихшы. 


Рекомендовать
Последние новости