Қазақтың сана-сезімі, рухани өресі украиндардан төмен емес

Dalanews 24 окт. 2017 10:17 936

Сұңғыла саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев арамызда қазір жоқ болса да, өзін толғантқан ойлары, ұстанған  принциптерін еліміздің тарихында алтын әріптермен жазып қалдырды. Сәрсенбаевтың шоқтай қызу ойларының бір шоғырын "Түркістан» газеті топтастырып берген екен. Өзекті, өлмейтін дүние болғасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

***


...Қазақ тілін саудаға салушылық көп. Бірақ тіл үшін нақты қызмет атқарып жатқандар жоқ. Ал мемлекеттік тілдің мүддесін қорғап сөйлеген азаматтардың бетін қайтару, меніңше, дұрыс саясат емес. Біз өз тілімізді қорғау үшін, өз тілімізді дамыту үшін көрші елдерге жалтақтамауымыз керек. Себебі, олар да өз тілін дамытуда бізбен санасып отырған жоқ. Қазақ халқының алдындағы қазіргі ең үлкен проблема - кедейшілікті жою болса, рухани саладағы ең басты проблема - тіл мәселесі. Осыларды шешуге күш салуымыз керек.

***

...Демек, сол зиялы қауым өз-өзіне баға беріп отыр. «Менің жазғандарым, менің айтқандарым, менің өмірлік шы­ғармашылығым украиндардың кино­режиссерлерінен, олардың журна­листерінен әлдеқайда төмен», - деп отыр. Зиялы қауым өзін-өзі жоққа шығарып отыр, ондай болса. Бұл - олардың «Менің қосқан рухани дүниеммен тәрбиеленген ұрпақ әлі топас, біз украиндардың ширегіне татымаймыз» дегені. Ондай зиялылар өзіне-өзі некролог жазсын. 
Ал өз басым біздің халықтың сана-сезімі, рухани өресі украиндардан кем деп есептемеймін. Олар да біз сияқты. Олар да біз сияқты Кеңес өкіметінде 70 жыл өмір сүрді. Оның алдында Ресей империясының қоластында болды. Десек те, украиндардың бір ерекшелігі бар.
Мәселен, бүкіл халық боп бүгінгі күні қарғап-сілеп отырған бұрынғы президент Л.Кучма «Украина - Ресей емес!» деген кітап жазды.

Енді өзі жаза қоймаған шығар. Кучманың сол кітабын соңына дейін оқып шықтым. Кітапта ол украин халқының орыстан бөлек халық екенін дәлелдеп шығады. Автор бүкіл тарихи оқиғаларды қамтып, орыстың, поляктың, литвандардың арасындағы соғыстарда украиндардың өзін сақтап қалғанын жазады. Ұлт ретінде. Леонид Кучма өз кітабын былай деп қорытындылайды: «Бізді коммунистер орыстың ауылда тұратын, сало жейтін інісі сияқты көретін. Украиндар - орыстың інісі емес, бөлек халық. Менің міндетім - соны дәлелдеу». Олар мұны дәлелдеді.

***

...Демократиясыз қоғам - тұрақсыз қоғам. Тұрақтылық дегеніміз - қоғамдағы барлық пікірлерді ұштастырып, соның жүйесін тауып отыру. Бұл тек демократиялық жолмен келеді.

***

...Бальзактың сөзімен айтсақ, бюрократия - көрінбейтін тұлғалардың қолымен жасалатын алапат күш. Бұл оқиға менің де көзімді ашты, ешқашан, ештеңеге таңдануға болмайтынын тағы бір рет түсіндім. Бюрократияның соншалықты агрессивті бола алатынына тағы бір рет көз жеткіздім. Бюрократия агрессивті кейіпке енгенде, президенттің саяси шешімін елеп-ескермеу былай тұрсын, оның саясатына қасақана қарсы шығып, беделін түсіру де түк болмай, мемлекет басшысының кейбір келіспеушіліктерін де құлақтарынан асырып жібере ме деп қалдым.

***

...Біз Қазақстанда 15 миллион халық тұрамыз. Шетімізден дені сау, жетілген, көзіқарақты ұлттың өкілдеріміз. Сондықтан да, өзімізді бізден дәрежесі әлдеқайда төмен елдерге қарай сүйреудің реті жоқ, керісінше, «есіктегі басымызды төрге сүйреп», өзімізді бізден жоғарғы даму сатысындағы халықтардың қатарына қосуға талпынуымыз керек. Негізгі мақсат та, негізгі мүдде де осы төңіректе болса ғана, бізде даму болады. Ал енді таққа мұрагерлікке келсек, егер «таққа мұрагерлік» басқарудың ең тиімді жолы болатын болса, дүниежүзі елдерінің монархиядан бас тартып не әуресі бар? Ол заман әлдеқашан келмеске кеткен. Билік саяси көзқарастардың тартысынан туындауы керек.

***

 

...Қазақ баласы екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүр. Не ауылда жұмыс табылмайды, не қалада береке таппайды. Қалаға келгендегі көретіні - өгейлік. Бастарында бас­панасы жоқ, әркімнің босағасын тоздырып жүргені. Өрімдей-өрімдей ұл-қыздарымызды тағдырдың тәлкегіне өз қолымызбен салып отырған сияқтымыз. Сейфуллин мен Саин көшелерінің бойын жағалатып, одан қалса, «жетім бұрышты» сағалатып қойдық. Осылайша, соңғы он-он бес жылдың ішінде білім-білігі төмен, болашағы бұлыңғыр буын дүниеге келді.

***

...Өкпешіл адам - өлмеші саясаткер. Мен солай деп санаймын.
Шеттетілгендер мен өкпелегендердің ғана саясаткер болатын уақыты келмеске кетті.

Саясатқа баянды бағыт, белсенді ұстаным, ойлы көзқараспен ойланып келетін уақыт пісіп-жетілді. Өкпешіл адам айналасындағы құбылысты ешуақытта объективті түрде бағалай алмайды. Өкпе-ренішін бірінші кезекке қойып, өзінің жеке субъективизмінің құрбандығына айналады. Ондайлармен бәсекеге түсу де оңай. Ал менде өкпе-реніш болмақ емес, сондықтан да, мен біраз адамдарға олар ойлағаннан гөрі әлдеқайда қиын қарсылас бола алам ғой деп есептеймін.

 

***

...«Әрбір адамның тағдыры оның мінезіне байланысты» дейді Ф.Аттар. Ал мінезді қалыптастыратын не нәрсе? Меніңше, мінезді қалыптастыратын - мәдениет. Ішкі мәдениет. Ішкі мәдениеті кемшін адам ешуақытта шындықты айта алмайды. Үлкен мәдениетті игерген адам әманда шындықтың жағында болады. Өйткені, шындықты айтпау - үлкен мәдениетсіздік.

 

***

...Қазір ұлттық құндылықтарды ұсақ-түйек саясатқа араластыру көбейіп кетті. Саясатқа араласа бастағандар Иассауидің басына баруды «сәнге» айналдырды. Иассауи - мәңгілік, саясат - уақытша. Біз осыны түсінуіміз керек.
Саясат деген - ол кісілердің рухының жанында түкке тұрғысыз дүние.

Басқаша айтқанда, Қожа Ахмет Иассауи саяси партиялардың «пиар» жобасы болмауы керек.

***

...Әдеби ортамен ұзақ жұмыс істедім ғой. Әр жазушының дүниетанымы жеке-жеке категория болғандықтан, бұл саланы басқару оңайға соққан жоқ. Атақ мәселесі, кітап шығару мәселесі...
Мен айтар едім, егер Қазақстанда әдебиет, мәдениет қайраткерлеріне ең жоғарғы атақ беру керек болса, «Халық қаһарманын» Мұхтар Мағауинге беру керек.

Себебі, тоталитаризмнің тұсында «өткеніңді ұмыт, кеңестік дәуірге қызмет ет» деп жан-жақтан күштеп жатқанда, бұл кісі өзінің басын қауіп-қатерге тігіп жүріп, халқымыздың әдебиет тарихын үш ғасырға әрі жылжытты. Көне дүниенің мұралары үшін басын қатерге байлады. Бұл - үлкен ерлік. Сол үшін жеке басында көп қиындықтар болды. Мағауиннің осы ерлігі тәуелсіздік алған он төрт жылдың ішінде де аса еленбей келе жатыр.

 

Тақырыпқа сай сурет voxpopuli.kz сайтынан алынды.

Рекомендовать
Последние новости