Қазақтар не дейді?

Dalanews 08 апр. 2015 10:18 962

«Zonakz.net» деген сайт бар. Кезінде қазаққа жаға бермейтін дүниелердің бірталайын жариялады. Әлгі Ермек Тәйшібеков те осы сайттың төрінен түспейді, негізі. Соңғы кездері көзге көрінбей кеткені болмаса... Мәскеуге жұмыс істейтін саясаттанушы-сымақтардың біразы осы «Зонада» көсіліп сөйлеп қалады.




 Біраз бұрын әлгі «Зона» жаңа бағдарлама ашты. «О чем говорят казахи?» деп атапты. Жоба жақсы-ақ.  Әй, бірақ... атауы жаман атаңа нәлеттің.

Жобаның жетекшісі Игорь Хеннің кім екенін білмейміз, бірақ ол осы елдің қожасы, осы елдің иесі іспетті. Біз болсақ отаршылдар қырып-жойған Америкадағы аз ғана үндіс пен Австралиядағы абориген сияқтымыз.  «Әй, бұлар не деп жатыр? Тыңдай салайықшы осы. Не шатиды екен...» дейтіндей. Негізі бұл сауалды әлгі Хенге мына біз қойсақ жарасар ма еді? «О чем говорят корейцы? Как им живется в Казахстане?». Жалпы, кәріске ғана емес, орысқа да сондай сауал қойсақ заңды.  Себебі, бұл жердің қожасы – қазақ. Асылы, біздің не деп жатқанымызды, әлгі Хен біз айтпай-ақ білуі тиіс еді. Бірақ, ол тіл білмейді ғой.

[caption id="attachment_10052" align="alignright" width="460"]юрий мизинов "Зона" интернет газетінің бас редакторы Юрий Мизинов[/caption]

Ал қазақтар не дейді, не деп жатыр өзі? Негізі сіздер айтқан дүниені біз де айтамыз. Орыс баспасөзі көтерген тақырыптар бізге де таңсық емес. Тек қазіргі күннің ең басты сауалын (бәлкім, ол бірнешеу болар) қабылдауға қаншалықты әзірсіздер? Біз ұлтараздық татулықты шайқалтқан болып шықпаймыз ба?

Мысалға, біз үшін (мен деген сөз тым тұрпайылау естіледі, сондықтан біз дегенге ауыстырдық) Путин әлдеқашан атажауға айналған. Соны білесіздер ме? Қазір біз оның ит терісін басына қаптап жатырмыз.

Біз қазақтың орыспен одақтасқанын қаламаймыз, қаламаған едік.

Ресей Қырымды басып алды. Тартып алды. Тарихи отанына оралтқан жоқ. Ол – агрессор.

Украинаның шығысында соғысып жатқандар КТК арнасыдағы Красиенко айтатындай, «ополченецтер» емес, сепаратистер, террористер. Және дәл солай жазып жатырмыз. Солай жазылуы керек.

Тіл. Біздің әлсіз тұс.  Білесіздер ме, Қазақстанда қазақ тілін білмей-ақ шалқып өмір сүруге болады. Мұны бір білсе, сіздер білесіздер ғой. Бірақ, қас қылғанда қоғам қазақыланып барады. Принципті түрде қазақ тілінде сөйлеуді талап ететіндер пайда болып жатыр. Соларды сыбайсыздар келіп. Олардан жау жасағыларыңыз келеді. «Менімен мемлекеттік тілде сөйлес!» дегенде қабақтарыңыз кіржие қалады. Жаратпайсыздар. Алаңдаулысыздар. Неге?

Себебі, өз тілінде сөйлейтін қазақ сіздер үшін – бөтен (чужой). Мұндай бөтендердің көбеюінен өздеріңізді қолайсыз сезінесіздер, қарадай қысыласыздар. Бәрі бәз-баяғыша қалғанын қалайсыздар, іштей. Себебі, орысша сөйлейтін қазақ сіздерге қазақша сөйлейтін қазаққа қарағанда әлдеқайда жақын. Солай ғой? Ал біз ше? Біз бөтендердің арасында өмір сүруге бейімделіп кеттік.

Білесіздер ме, біздегі тыныштық пен тұрақтылық сіздердің арқаларыңызда орнап отырған жоқ. Қазақтың үндеместігінің нәтижесі. Көнбістігінің нәтижесі. «Қазақтар не дейді?» дегенге намыстанбайтындығының нәтижесі. Әйтпесе, қазақты «жаңқаға» теңеген әлгі Швецованы әлдеқашан талап-жеп қояр ма едік. Сіздер оны сөкпедіңіздер де. Әншейін ақпарат жеткілікті деп ойладыңыздыр. Ал біздің көңілде дік (күдік) қалды. Біз қазақ, сіз орыс екенсіз. Және біздің қазақстандыққа айналуымыз бос қиял сияқты. Мәселен, мұны кім бұзып отыр? Қазақтар осылай дегісі келеді, осылай деп жатыр. Оны ұққыңыз келсе, қазақша үйреніңіз!

Мұның бәрі көтеруге тұратын тақырып. Осыны айтсаңыздаршы. Тағы біразы қамтылмай қалды. Айтып отырмыз ғой, мұны қабылдауға мына сіздер дайынсыздар ма? Біз ұлтаралық татулықты шайқалтқан болып шықпаймыз ба?

Думан БЫҚАЙ 


 

Рекомендовать
Последние новости