Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымының дамуына қандай күш ықпал етеді? – Huawei Kazakhstan СЕО басшысы Чжао Сюй

Dalanews 08 дек. 2022 04:08 981

Отандық ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) нарығының күшті әрі осал тұстары қандай? Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамытуға ықпал ететін не және оған Huawei компаниясы үлес қосуға ниетті ме? Аталған компания ҚР мемлекеттік құрылымдарымен ынтымақтастық шеңберінде қандай жаңа платформалар ұсынуға дайын? Осы және басқа да сұрақтарға іскерлік ақпарат орталығы – Kapital.kz тілшісіне берген сұқбатында СЕО Huawei Kazakhstan басшысы Чжао Сюй мырза жауап берді.

 

– Чжао Сюй мырза, жақында ғана өзіңіз ҚР-дағы СЕО Huawei басшысы лауазымына тағайындалдыңыз, сондықтан рұқсат етсеңіз, ең алдымен өзіңізді құттықтап қойсақ. Әрине, Сіз жайлы өз аузыңыздан естіп, білсек дейміз. Бұл компанияда қашаннан бері жұмыс істейсіз, Қазақстанға дейін қай өңірлерде қызмет атқардыңыз? Өзіңізге қандай жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі бұйырды?

– Huawei-де 2005 жылдан бері жұмыс істеп келемін, шамамен барлығы – 17 жыл. Оның 11 жылында Оңтүстік-Шығыс Азияда, атап айтқанда Таиландта, Мьянмада, Вьетнамда орналасқан компания кеңселерінде жұмыс істедім, ал соңғы бірнеше жыл Еуразиялық аймақта, алдымен Ресейде болдым, қазір Қазақстандамын.

Өз жұмысымды Бейжіңдегі кеңседен бастадым. "Моторолла" бренді бағыты бойынша ұялы байланыс технологиялары мен тұтынушыларына қызмет көрсетуге маманданған қарапайым менеджер ретінде.

Жалпы, Huawei-де жұмыс істеген жылдардың өң бойында бизнестің барлық салалары, соның ішінде сатылым жағынан да дамып, ұштала түстім. Сондықтан мен қолға алған жобалар көп болды.


Егер ірі жобалар туралы сөз тарқатар болсақ, онда бірнеше мысалды алға тарта аламын. Атап айтқанда, менің басшылығыммен Вьетнамдағы алғашқы 3G интернет станциясы іске қосылды. Соның арқасында 2009 жылы Huawei бүкіл елді осы байланыс түрімен толықтай қамтамасыз етуге қол жеткізді. Біз өз жабдығымызды алдымен үлкен қалаларға орнаттық, одан кейін адам аса тығыз орналаспаған аймақтарға көштік, сөйтіп-сөйтіп қиыр шеттерді де түгендедік.

Тура осылай 2012 жылы Тайландта 4G жобасын сәтті жүзеге асырып, іске қостық. 2017 жылы тағы осылайынан бүкіл Мьянманы 4G байланыс желісімен қамтыдық.

Осы жобаларды жүзеге асыру барысында біз тап болған басты кедергілердің бірі – халық тығыз орналасқан қалаларда станциялар орнатуға орын табудың қиынға соғуы. Тіпті, үйлердің тығыз орналасқаны сонша, жабдықты тіпті ғимараттардың төбесіне орнатудың өзі мүмкін болмайтын жағдаймен бетпе-бет келдік. Сондықтан әртүрлі жолдарды іздестіруге тура келді. Ақырында біз мынандай екі шешімге тоқтадық: біріншісі – станцияларды шам бағаналарына бекіту, екіншісі - жабдықты бірнеше бөлікке бөліп, тұрғын үйлердің қабырғаларына орнату.

Сонымен қатар, станциялар құрылысы қаншалықты қарқынды жүргізілсе, әдетте, соншалықты жобаның тез жүзеге асырылуы мүмкін екендігіне баса назар аудартқым келеді.

Бұл тұрғыда Қазақстанның көптеген артықшылығы бар.

– Ол қандай артықшылықтар? Жалпы, қазақстандық нарықтың қандай күшті және осал жақтарын бөліп, қарастырар едіңіз?

– Қазақстан үшін күшті жағы базалық станцияларды салу үшін көптеген бос алаңның болуы, жалпы жерінің кеңдігі. Екіншіден, Қазақстан территориясы ауқымды болғанымен, халық санының салыстырмалы түрде аз болуы сапалы әрі кең жолақты интернетті қолжетімді етуде кейбір қиындықтар туғызады. Бірақ мәдени-жағрафиялық ерекшеліктерден бөлек, бұл елдің қол жеткізген өзіндік көптеген экономикалық және технологиялық жетістіктері бар.

Солардың бірі - халықты қолма-қол ақшадан, тіпті банктік карталардан да толығымен бас тартуға мүмкіндік берген ұялы ақша аударымдарының көзі Kaspi феномені. Шын мәнінде, бүгіндері Kaspi қосымшасы арқылы кез-келген қызмет немесе тауар үшін кез-келген жерден және кез-келген уақытта төлем жасай аласыз, бастысы интернет қолжетімді болса болғаны. Kaspi Әзербайжан нарығына да дендеп еніп жатқаны жақсы үрдіс деп бағалаймын, менің ойымша, бұл жалпы өңірдің экономикасына оң әсер ететін жайт.

Екінші бірегей жағдай - Қазақстанда E-gov электрондық үкіметі бар, ол мемлекеттік сервистерді тұтыну және ресми құжаттарға қол жеткізу жағдайында азаматтардың өмірін айтарлықтай жеңілдетіп отыр. Осы жағынан алғанда, Қазақстан БҰҰ рейтингісінде электрондық үкіметті дамыту бойынша 28-ші орында тұруы заңды деп білемін.

Сондай-ақ, Қазақстанның ірі қалалары мен халқы тығыз орналасқан аудандарында мобильді интернет пен ұялы байланыстың жеткілікті түрде дамыған бағытта екенін атап өткім келеді. Тіркелген және мобильді интернет пен ұялы байланысты енгізуге келетін болсақ, бұл жағы Қазақстанда айтарлықтай дамыған және тұрақты, бұл бірінші кезекте ірі қалалар мен халық тығыз орналасқан аудандар үшін өте өзекті.

Тағы бір үлкен жетістік - мемлекеттің жасыл энергетиканы қолдайтыны. Өздеріңізге мәлім, Қазақстанның орталық және оңтүстік өңірлерінде күн көп түседі, соған сәйкес мұнда күн энергиясы өндірісі тұрақты түрде пайдаланылады. Қазір Үкімет күндіз және түнде өндірілетін энергияны қалай үнемдеу керектігі бойынша шешімдер қабылдау үшін белгілі бір амалдарды қарастыруда. Біз де осы бағыттағы дамуға үлес қосуға тырысып, өз шешімдерімізді ұсынуға дайынбыз. Huawei компаниясы үшін жаһандық жеткізуші ретінде ұзақ қашықтыққа байланыстың үздіксіз тарауы ғана емес, сонымен қатар пайдаланып отырған жабдықтың энергияны үнемдейтіні және экологиялық таза болуы да маңызды.

Осы айтылғандардың барлығы Қазақстанның БҰҰ тізіміндегі ТОП-20-дан көрінуі үшін отандық ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін берік іргетасы барын білдіреді.


Сонымен қатар, әлі күнге дейін еңсерілмеген осал тұстар да бар. Ең алдымен, бұл елді интернетпен қамтудағы үлкен алшақтық. Жоғарыда атап өткенімдей, ірі мегаполистерде желі өте жоғары деңгейде дамыған, бірақ, егер қала шетіне қарай шықсаңыз, интернет сапасы бірден нашарлай бастайды. Тіпті Алматының маңында жақсы байланысты ұстау әрдайым мүмкін бола бермейді, ал, тіпті кейбір жерлерде байланыс мүлдем үзіледі, шалғай аймақтар мен ауылдарды айтпағанда. Реттеуші мен байланыс операторларының алдында кез-келген адамды, тіпті елдің ең шалғайындағыларды да кең жолақты әрі сапалы интернетпен қамтамасыз ету міндеті тұр.

– Бұл алшақтықты, яғни айырманы азайту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Бұл мәселені шешу үшін мемлекет, ұялы байланыс операторы және жабдықты жеткізушінің үйлестірілген бірлескен жұмысы қажет.

Бірақ, ең алдымен, мемлекет ұялы байланыс операторларына шалғай және халқы аз аймақтарда станциялар орнатуға ынталы болатындай жағдай жасауы керек. Сонымен қатар, мұндағы басты фактор - электр энергиясы тасымалы, ол барлық жерде бірдей жүргізілмеген.


Дегенмен, біз аймақтарда байланыс желісін түзетін станциялардың баяу да болса бірінің артынан бірі орнатылып жатқанының куәсі болып отырмыз. Бұл да жаман емес.

– Ауа райы жағдайларының жабдықтың жұмысына қандай да бір әсері болуы мүмкін бе?

– Huawei жағдайында, ауа райының әсері жоқ. Біз үшін бұл базалық талап. Тіпті, біздің жабдықтар Эверест шыңы, Солтүстік полюске орнатылған кездері болған. Жабдық жап-жақсы жұмыс істеп тұр, ешқандай ақау жоқ.

– Huawei-дің Қазақстандағы мемлекеттік органдармен қалай ынтымақтаса жұмыс істеп жатқанын білуге болады ма?

– Huawei Қазақстанда 1998 жылдан бері жұмыс істейтінін баса атап өткен жөн, яғни біз мұнда 24 жыл бойы өз қызметтерімізді ұсынып әрі көрсетіп келеміз және әу бастан, барлық байланыс операторларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз, біздің серіктестеріміз экономиканың түрлі секторларындағы ірі ұлттық компаниялар болып табылады.

Осы уақыт ішінде біз 15 мыңнан астам базалық станция орнаттық, халықтың шамамен 85%-на қызмет көрсеттік.


Жалпы, біз көптеген мемлекеттік құрылымдармен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойдық, ол экономиканың түрлі салаларын одан ары қарай цифрландыруда іргетас рөлін атқарады. Мұндай ынтымақтастық түрінен мысал келтіретін болсақ, Білім министрлігінде құрған корпоративтік желіні алға тартуға болады. Сонымен қатар, білім беру саласында Huawei қазір Болашақ IT мамандарына арналған бағдарламаны қолдайды.

2019 жылдан бастап біздің компания байланыс саласындағы реттеушімен және байланыс операторларымен 5-ші буын байланыс желісін енгізу бойынша белсенді түрде әріптестік танытып келеді. Біз Қазақстанның ірі қалаларында 5G желілерін тестілік сынақтардан сәтті өткіздік. Қазіргі уақытта біз реттеуші органның 5G байланыс қызметтерін ұсыну үшін жиіліктерді бөлу бойынша аукцион өткізу туралы шешімін күтіп отырмыз. Оның нәтижесі негізінде Қазақстанның бүтін территориясында 5G желілерін енгізу және тарту бойынша ҚР-дағы жетекші байланыс операторларымен тығыз ынтымақтастық орнатуға дайын боламыз.

– Компанияның мемлекеттік органдармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспары бар ма?

– Huawei цифрландыру саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды және ұзақ мерзімді әріптестікке негізделген ұлттық жобалар талқысына бұрыннан қатысып келе жатыр. Ынтымақтастық туралы меморандумдар шеңберінде біздің жетекші сарапшыларымыз бен мамандарымыз саланы дамытудың ең өзекті бағыттары бойынша консалтингтік қолдау көрсетеді.

Қазақстан Үкіметіне ұсынуға дайын белгілі бір шешімдеріміз де бар. Ол өзара егжей-тегжейлі талқыланып жатқандықтан, бұл ретте ашып ештеңе айта алмаймын, мәселе келіссөздер сатысында қарастырылып жатыр. Биылғы жылдың соңына дейін біз қандай да бір нақты нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенемін.

Тек Huawei-дің осы салада үлкен тәжірибесі әрі барлық мүмкіндіктері бар екенін баса айта аламын. Айтқандай, жақында Өзбекстан Үкіметімен ынтымақтастықта біз ауқымды платформаны жасадық, ол - болашақта 3-5 жыл ішінде елде цифрландырудың платформалық моделін және «электрондық үкіметтің «жаңа архитектурасын» іске қосып, оған еш кідіріссіз көшуге көмектесетін хаб іспетті. Осыған ұқсас схеманы біз Қазақстанда да жүзеге асыра алар едік.

– Өзіңіздің басшылыққа келуіңізбен жақын арада қазақстандық нарықта Huawei қандай жаңа цифрлық шешімдерді ұсынып, іске қоса алады?

– Шын мәнінде, мен қазақстандық нарыққа оң көзқараспен қараймын және үлкен перспективаларды байқаймын. Мемлекеттің жоғары деңгейде цифрландыруды дамытуға қолдау білдіруін айрықша әрі жақсы белгі деп санаймын.

Сондықтан, Huawei-дің жақын болашақтағы жоспарларымен бөлісе отырып, біз бірінші кезекте әріптестеріміз – ҚР байланыс операторларымен бірлесіп ұялы байланыс операторларына интернет жылдамдығын арттыруға мүмкіндік беретін мобильді және тіркелген кең жолақты интернетті енгізуді, оны тез жеткізуге ықпал ететін кең жолақты оптикалық талшықтарды шалғай өңірлерге тарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Бұл, бір жағынан үнемді және тағы бір жағынан экологиялық таза нәрсе.

Екіншіден, біз қалалық жерлерде Интернеттің сапасы мен жылдамдығын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, оның арқасында мегаполис тұрғындары VR және 3D-шынайлығына ену нүктелерін пайдалануға мүмкіндік алады.


Ең алдымен біз осы сервисті пайдалану мүмкіндігін үш қалаға – Алматыға, Астанаға және Шымкентке ұсынамыз, содан кейін басқаларына да кезек келеді.

Одан бөлек, біз қазір жекелеген компаниялар, корпорациялар, өндірістік кәсіпорындар үшін жабық желіні пайдалана алатын кампустық интернетті ұсыну бойынша шешімдер әзірлеп жатырмыз.

Жалпылай алғанда, бұлтты технологияларды, жасыл энергетиканы дамытуға және алдында атап өткендей, бүкіл Қазақстан бойынша 5G-ды таратуға күш салынатын болады.

– Биыл Huawei-дің Қазақстандағы кеңсесі өздерінің нысаналы көрсеткіштерін қайта қарап, бизнес-жоспарларына өзгеріс енгізуіне тура келген жағдайлар болды ма?

– Иә, Huawei жоспарына, сондай-ақ бүкіл аймақтың экономикалық жағдайына екі оқиға қатты әсер еткені белгілі. Біріншісі - қаңтар трагедиясы, соның салдарынан байланыс операторлары инвестицияны қысқартып, көп нәрсені қайыруға мәжбүр болды, екіншісі – Еуразия өңіріндегі геосаяси жағдай. Тиісінше, олар біздің көрсеткіштерімізге де әсер етті.

Дегенмен, қазір Қазақстанда болып жатқан ағымдағы өзгерістер жақын арада цифрлық инфрақұрылымды дамытуға үлкен мүмкіндіктер ашады деп сенеміз. Біз оған тікелей қатысып, әртүрлі салалар мен өңірлердің өркендеуіне, соның ішінде әлеуметтік және білім беру жобаларын іске асыруға өз үлесімізді қосқымыз келеді. Осы мақсаттарға сүйене отырып, біз "Қазақстан вижн" деген жаңа стратегияны әзірледік.

Huawei-дің басқа елдерде жаһанданудан алған тәжірибесі алға қойған мақсаттарына қол жеткізуге және Қазақстанды дамудың келесі сатысына шығаруға мүмкіндік беретіндігіне сенімдімін. Біз өз шешімдеріміздің сапасы мен технологиялық құрамдас бөлігіне назар аударып қана қоймай, сонымен қатар әріптестерімізге жан-жақты қолдау көрсете отырып, кейінгі қызмет көрсету жайын да жадымыздан қалыс қалдырмайтындығымызды атап өткім келеді.

– Жалпы, Huawei бүкіл әлемдегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қандай жаһандық трендтерді ұстанады және бұл Қазақстанға қалай әсер етеді?

– Қазіргі уақытта Қытайдағы біздің компания электромобиль өндірушілерімен ынтымақтаса жұмыс істеп жатыр. Бұл - қазіргі уақытта Huawei ұстанатын жаңа және танымал трендтердің бірі.

Мен Алматы мен Астанада жүрген көптеген электромобильді байқадым, бірақ олардың қуат алатын арнайы станциялары аз екен. Көп салынбаған. Сол себепті, мұндай көліктің иелері көбінесе үй жағдайында қажетті жабдықты орнатуды жөн көреді.


Дегенмен экологиялық таза тұжырымдамасы қазір бүкіл әлемде өзекті бола түсуде, менің ойымша, болашақта бәрі соған қарай ұмтылатын болады. Бұл үрдіс Қазақстанда қаншалықты табысты болатыны тағы да айналып келгенде, инфрақұрылымға, жақын болашақтағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қалай дамитындығына тікелей байланысты болады.

– Қазір Huawei жаһандық желісінде, оның ішінде Қазақстанда қанша адам жұмыс істейді?

– Қазіргі уақытта Huawei-де 170-тен астам елде 200 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Қазақстандағы жұмысшыларының саны шамамен 220 адамды құрайды.

– Huawei-дің қалыптасқан өзіндік бірегей корпоративтік мәдениеті бар екені белгілі.  Оның ерекшелігі неде екенін айта отырсаңыз...

– Иә, шынымен де Huawei-дің қалыптасқан бірегей өзіндік корпоративтік мәдениеті бар. Біз үшін таланттарды тәрбиелеп, өсіру маңызды, онда да тек тігінен ғана емес, көлденеңінен де. Біз адамның жеке қабілеттеріне сүйене отырып, оларды дамытуға тырысамыз. Жұмыс процесі барысында қызметкер өзін қандай бағыт қызықтыратынын түсінеді және соған сәйкес өзінің мансап жолын түзеді, оның үстіне біліктілігін үнемі арттырып отыруға әрдайым мүмкіндігі бар.

Мысалы, алдында айтып өткенімдей, өзім Huawei-дегі еңбек жолымды техникалық бағыттағы маман ретінде бастадым, содан кейін тұтынушыларға қызмет көрсету бөліміне ауыстым, тағы бірде сатылымда жұмыс істедім және тағысын тағы. Осылайша бүгінгі лауазымға көтеріле отырып, түптеп келгенде, компанияның барлық бағыттарын іштей жатқа білетін жағдайға жеттім.

Сонымен қатар, Huawei корпоративтік мәдениеті толықтай жұмыс процесінде болуды, яғни нәтижеге және тұтынушыларға барынша берілуді білдіреді.

–  Чжао Сюй мырза, тұщымды сұқбатыңыз үшін рақмет!

 

https://dalanews.kz/aimak/84166-qonaev-turkistanga-kelgen-sayyn-iassa

 

Рекомендовать
Последние новости