Қазақстанның ЖІӨ өсімі 2025 жылдың 7 айында 6,3% болды

Кәмшат Тілеухан 12 авг. 2025 09:38

Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6,3%-ға өскен. Тауар өндіру көлемі 8,3%-ға, қызметтер 5,2%-ға (бұл ретте ең қарқынды сегмент көлік пен сауда болып отыр), өнеркәсіп 6,9%-ға артты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ЖІӨ-нің өсуіне ең көп үлес қосқан салалар:

  • көлік және қойма – 22,5%,
  • құрылыс – 18,5%,
  • көтерме және бөлшек сауда – 8,6%,
  • тау-кен өнеркәсібі – 8,5%,
  • өңдеу өнеркәсібі – 6,1%.

Көлік және қойма саласындағы қызмет көлемі теміржол, құбыр желілері және автомобиль көлігімен жүк тасымалы көлемінің жоғары болуына байланысты 22,5%-ға өсті.

Құрылыс саласында жұмыс көлемі 18,5%-ға артты (2025 жылдың қаңтар–маусымындағы 18,4%-бен салыстырғанда). Түркістан облысында (+34,6%) мектептер, теміржол желілері және автожолдар құрылысы, Ақтөбе облысында (+25,6%) жайлы мектептер құрылысы мен жолдарды реконструкциялау, Жамбыл облысында (+13,1%) және Шығыс Қазақстан облысында (+5,9%) тұрғын үйлер, медициналық нысандар және электр желілерін салу жобаларын жүзеге асыруға байланысты жоғары өсім тіркеліп отыр.

Сауда 8,6%-ға өсті (2025 жылдың қаңтар–маусымында 8,4%). Есепті кезеңде көтерме сауда 9,5%-ға өсіп, жалпы өсімнің 66%-дан астамын қамтыды, бөлшек сауда 6,6%-ға артты. Айтарлықтай динамика Қостанай облысында (+17,6%), Солтүстік Қазақстан облысында (+12%) және Астанада (+9,2%) байқалды, мұнда астық, агрохимия, азық-түлік, отын, фармацевтика өнімдерін және техника сату көрсеткіштері қарқынды түрде өсіп келеді.

"Өнеркәсіп өндірісіндегі өсім – 6,9%. Еліміздің барлық өңірінде өсім байқалды, бірақ динамика бойынша көшбасшылар – Жамбыл облысы (+18,2%), Солтүстік Қазақстан облысы (+14,9%), Шымкент (+15,8%) және Алматы (+13,5%), сондай-ақ Түркістан облысы (+12,3%). Өңдеу өнеркәсібіндегі өсімді (6,1%) машина жасау (+14%), азық-түлік (+9,2%), мұнай өнімдері (+8,6%), химия өнеркәсібі (+6%) және металлургия (+1,3%) көрсетіп отыр", делінген Ұлттық экономика министрлігінің хабарламасында.

Ауыл, орман және балық шаруашылықтарындағы өндіріс көлемі 3,7% деңгейінде сақталды. Мал шаруашылығындағы өсім сүт (+6,1%), мал, құс бордақылау (+2,1%) және жұмыртқа (+0,9%) есебінен 3,4%-ға жетті.
Үкімет экономикадағы негізгі салаларды қолдауға, оны әртараптандыруға және инвестициялық белсенділікті ынталандыруға ерекше назар аудара отырып, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету жөніндегі Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру барысын бақылауда ұстап отыр.

Айта кетсек, 2025 жылы 1 тамызда Ұлттық экономика министрлігі 2024 жылғы қорытынды бойынша ЖІӨ өсімі 4,8%-дан 5%-ға дейін арттыру тұрғысында қайта қаралғанын мәлімдеген болатын.


Рекомендовать
Последние новости