Абай ауданында «Абай елі» стелласы ашылды

Ақтоты Жапатова 11 авг. 2025 10:03

Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында Абай ауданының Қарауыл ауылы маңындағы Қарауылтөбеде «Абай елі» стелласы пайдалануға берілді. Ескерткіштің ашылуына облыс әкімі Берік Уәли, ауданның ақсақалдары қатысты,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Мерейтой аясында ескерткішке апарар баспалдақ салынып, абаттандырылды.

Ескерткіш төрт тұғырлы. Бірінші тұғыры: қауырсын қалам немесе «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы». Екінші тұғыры: Қалқан – кешегі ел қорғаған батырлар мен бүгінгі ерлеріміздің ерлік айбары. Үшінші тұғыры: Домбыра – Абайдың жаны мен әнінің өзегі. Төртінші тұғыры: ұлыларды тудырған ақбесік. Ескерткіштің ең басы, шарықтау шегі – ғаламшар мен оны айнала қалықтаған тыныштық пен тұрақтылықтың символы – қарлығаш құс.

Аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен бой көтерген ескерткіштің авторы – мүсінші Нұрбол Қалиев.

«Ел-жұрттың береке-бірлігінің арқасында республикалық деңгейдегі тойды ойдағыдай өткіздік деп ойлаймын. Басқа облыстан делегациялар келіп, қолдау көрсетті. Бір-бір нысаннан салып бермек. Мұның бәрі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауы. Абай елі –ақындар елі, батырлар елі. Бүгін үлкен мерейтой аясында Қарауыл ауылында мән-мағынасы өте терең ашылды», – деді аймақ басшысы.

Бұл нысан аудан қонақтары үшін ауылдың көркем келбетін биіктен тамашалауға мүмкіндік беретін ерекше көрікті орынға айналмақ.


Рекомендовать
Последние новости