Қазақстанның ірі салық борышкерлері анықталды: 10 компания 448 млрд теңге қарыз

Сағыныш Сардарова 22 апр. 2025 11:59 17538

Мемлекеттік кірістер комитеті төрт ай бойы салық қарызын өтемеген, борышы 150 АЕК-тен (589,8 мың теңге) асатын компаниялардың толық тізімін жариялады. Комитет дерегіне сүйенген Dalanews.kz мәліметінше, бұл тізімде 15 мыңнан аса компания бар, олардың жалпы қарызы 758,7 млрд теңгеге жеткен.

Қарызын өтемей жүргендер кімдер?

Ең назар аударарлығы осы қарыздың 60 пайызы немесе 448,3 млрд теңгесі небәрі 10 компанияның еншісінде екен. Борышкерлер арасында белсенді жұмыс істеп тұрған да, қазір жұмысын тоқтатқан да компаниялар кездеседі. Олардың кейбірі туралы дерек аз.

Ең көп салық берешегі бар компаниялар мыналар:

  • Ai-To Progress – 104,1 млрд теңге (Алматы, тіркелген жылы – 2007, көтерме саудамен айналысады);
  • TEX ALLIANCE – 94,1 млрд теңге (Алматы облысы, тіркелген жылы – 2013, көтерме сауда);
  • Alpha-bet – 88,1 млрд теңге (Алматы, тіркелген жылы – 2015, құмар ойындар ұйымдастырушы, шетелдік үлесі бар компания);
  • OLIMP KZ букмекерлік кеңсесі – 80,2 млрд теңге (Астана, тіркелген жылы – 2006, спорт саласы);
  • GB Invest – 43,5 млрд теңге (Алматы облысы, тіркелген жылы – 2011, бөлшек сауда);
  • "Кастинг" – 18,1 млрд теңге (Алматы, тіркелген жылы – 1999, түсті металл құю, шетелдік қатысуы бар, бірлескен кәсіпорын);
  • "КазГерСтрой" бірлескен кәсіпорны – 8,9 млрд теңге (Астана, тіркелген жылы – 2004, тұрғын үй құрылысы);
  • "ПФД Интернэшнл" Атырау филиалы – 3,8 млрд теңге (Атырау облысы, тіркелген жылы – 2000, шетелдік компания);
  • "ФортСтрой-Т" – 3,69 млрд теңге (Астана, тіркелген жылы – 2020, құрылыс-монтаж жұмыстары);
  • GL-TRANSPORT – 3,59 млрд теңге (Алматы, тіркелген жылы – 1999, автобус тасымалы).

Салық берешегінің басым бөлігі мына бес өңірге тиесілі:

  • Алматы қаласы – 369,9 млрд теңге;
  • Алматы облысы – 151,5 млрд теңге;
  • Астана қаласы – 53,1 млрд теңге;
  • Қарағанды облысы – 45,9 млрд теңге;
  • Ақтөбе облысы – 38,1 млрд теңге.

Премьер-министр Бектеновтің ескертуі

28 ақпанда премьер-министр Олжас Бектенов вице-премьер-ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен және қаржы министрі Мәди Такиевпен бірге жұмыс кеңесін өткізді. Кеңесте салық-бюджет реформасы және салық түсімдерін бақылауды күшейту мәселелері қаралды.

Қаржы министрі Мәди Такиев жүргізілген талдау шеңберінде салық төлеушілер шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында бұрын енгізілген арнайы салық режимдерін (СРП) пайдаланғаны анықталғанын баяндады.

"Қаржы министрінің ақпаратынан салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлер барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниясы жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазір салық жүктемесін оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына қарата айтқым келеді. Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы хабарламалар келіп түседі", - деді Бектенов.

Олжас Бектенов кәсіпкерлерден екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және шынайы салық сомасын төлеуді сұрады.

"Егер бұл әрекеттер жасалмаса, мемлекет фискалдық және құқық қорғау органдарын қосқанда, мемлекет иелігіндегі барлық ресурсты қолдану құқығын өзіне қалдырады. Мұның соңы қиын болады, бірақ егер бизнес мемлекет алдындағы міндеттемесін әділетті түрде орындауға дайын болса, біз диалогқа дайынбыз", - деді Олжас Бектенов.


Рекомендовать
Последние новости