Қазақстаннан Нью-Йоркқа рейс ашылуы мүмкін

Сағыныш Сардарова 08 июл. 2025 14:58

Мемлекет басшысы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы кеңесінің (ICAO) президенті Сальваторе Шаккитаноны қабылдады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кездесу барысында Қазақстанның өңірде тәуелсіз Авиация әкімшілігін құрған алғашқы ел екені атап өтілді. Бұл қадам ұшу қауіпсіздігіне бақылауды айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік берді. Былтырдан бері Монреаль қаласында Қазақстан Республикасының ICAO жанындағы тұрақты өкілдігінің кеңсесі жұмыс істей бастады.

Халықаралық әуе тасымалдарының географиясы кеңейіп келеді. Бүгінде Қазақстан әлемнің 30-дан аса елімен тікелей әуе қатынасын жолға қойды. Нью-Йорк, Токио және Сингапур қалаларына рейстер ашу мәселесі пысықталып жатыр.

Қазақстан Президенті былтыр Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар пайдалануға берілгенін айтты. Соның ішінде Алматы әуежайының өткізу қабілеті алты есе, яғни жылына 2,5 миллионнан 14 миллион жолаушыға дейін ұлғайды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан мен ICAO арасында қол қойылатын азаматтық авиация бас жоспарының маңызына тоқталды. Бұл құжат авиация секторын ұзақмерзімді дамыту стратегиясы ретінде қарастырылады.

Өз кезегінде ICAO кеңесінің президенті еліміздің азаматтық авиация саласындағы жетістіктерімен құттықтады. Ол Қазақстанда авиация қарқынды дамып, орнықты өсім көрсетіп отырғанына және нақты құрылымы жасақталғанына назар аударды.


Рекомендовать
Последние новости