Қазақстандықтардың жеке дерегін сатты деген күдікпен 140-тан астам адам ұсталды

Қаракөз Амантай 09 июн. 2025 09:30

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсы хабарлағандай, қазақстандықтардың жеке дерегін сатты деген күдікпен 140-тан астам адам ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz

ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, бұл іспен байланысты тұлғалардың толық тізімін анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.

ІІМ-нің Киберқылмысқа қарсы күрес департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, интернет кеңістігінде қазақстандықтардың жеке мәліметтерін заңсыз сатқан қылмыстық топтың қызметін әшкерелеп, тоқтатты.

"Ақпарат мемлекеттік мәліметтер базаларынан заңсыз алынған. Олар Telegram-арналар арқылы таратылып, кейбір коллекторлық компанияларға да берілген. Аталған іске байланысты 140-тан астам адам ұсталды, олардың қатарында компания иелері мен Telegram-арналардың әкімгерлері бар. Қазіргі таңда бес күдікті қамауға алынды. Коллекторлық ұйымдарға жүргізілген тінту барысында 400-ден астам компьютер мен өзге де электронды техника тәркіленді", – деді Сүйінбай.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 205-бабының 3-бөлігі (ақпаратқа заңсыз қол жеткізу), 147-бабының 5-бөлігі (жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және жеке деректер туралы заңнаманы бұзу), сондай-ақ 211-бабының 3-бөлігі (шектеулі қолжетімділігі бар электрондық ресурстарды заңсыз тарату) бойынша қылмыстық істер қозғалды.


Рекомендовать
Последние новости