Қазақстандық мамандар атом энергетикасы және жасанды интеллект саласында “Болашақ” бағдарламасы аясында шетелде білім алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Биыл "Болашақ" стипендиясына конкурс ережелері жаңартылды. Үміткерлер үш кезеңнен тұратын іріктеуден өтеді: кешенді тестілеу, сұхбат және Республикалық комиссияның ең жоғары ұпай жинаған қатысушыларды іріктеуі. Сонымен қатар бір күнтізбелік жыл ішінде конкурсқа қайта қатысу мүмкіндігі қарастырылған, бұл әлеуетті үміткерлерге бағдарламада өз мүмкіндігін сынауға қосымша мүмкіндік береді.
Конкурс қорытындысы бойынша 225 қазақстандық азамат халықаралық «Болашақ» стипендиясын иеленді. Орта есеппен бір орынға төрт үміткерден келді. Сондай-ақ, биыл шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарға қойылатын талаптар өзгерді: олар халықаралық беделді рейтингтерде үздік 100 орынға енуі керек. Бұл "Болашақ" стипендиясы аясындағы академиялық білім сапасын арттыруға жол ашады.
Жаңа стипендианттардың 152-сі магистратурада, 16-сы докторантурада оқиды, ал 57 отандасымыз шетелдік университеттер мен орталықтарда кәсіби тағылымдамадан өтеді. Сонымен қатар 182 қазақстандық әлемнің жетекші ғылыми және зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтуге грант алды. Іріктеу сапасын арттыру мақсатында үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтілді: беделді басылымдарда ғылыми мақалалардың немесе халықаралық патенттердің болуы міндетті болып саналады. Ғылыми тағылымдама бағыттары Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның басымдықтарына сәйкес үйлестірілді.
Отырыста 2026 жылы кәсіби тағылымдамадан өтушілер үшін жаңа санат – "Жасанды интеллект жүйесін пайдаланушылар" бекітілді. Экономиканың түрлі саласын цифрландыру бағдарламасы жасанды интеллект құзыреттерін дамыту қажеттілігін туындатады, бұл ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және негізгі салаларды дамыту үшін маңызды деп саналады.
Сонымен қатар 2026 жылдан бастап магистратура, докторантура және тағылымдама бойынша атом энергетикасы саласындағы мамандарды даярлауға арнайы санат енгізіледі. Жыл сайын бұл бағытқа 20 квота бөлінеді, бұл отандық атом өнеркәсібіне қажетті білікті кадрларды уақтылы даярлауға мүмкіндік береді.
Жалпы, жаратылыстану-техникалық бағыттағы "Болашақ" стипендияларының үлесі 2022 жылғы 59,2%-дан 2025 жылы 70%-ға дейін өсті. Инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша ғылыми тағылымдамаларға берілген стипендиялардың үлесі 46%-дан 72,4%-ға артты.
Отырыс қорытындысы бойынша Ерлан Қарин "Болашақ" халықаралық стипендиясын одан әрі іске асыру және жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
