Еліміз қазіргі таңда татулықты ту етіп, тұрақтылық пен бірлікті, әділдік пен ынтымақтықты жалпыхалықтық деңгейде насихаттай отырып жылдар бойына тату тәтті тіршілік етіп келеді. Еліміздегі тұрақтылық, тыныштық қазір талай елге үлгі болып отыр. Жүзден астам ұлттың ондаған жылдар бойы бір шаңырақ астында бірлікте, өзара достықта өмір сүруінің сыры мемлекеттік ұстаным мен елдік басымдықта екені даусыз. Осы орайда еліміздегі мұндай ұлт болып ұйысуда маңызы зор органның бірі Қазақстан халқы Ассамблеясы дей аламыз. Ассамблеяның жылдар бойына Достық үйлерінде өткізілетін шаралары негізінен ұлттың бірлігін, біртұтастығын насихаттап, барша ұлтты бір шаңырақ астында ұйысуға, өзара татулықты сақтауға үндейді. Асамблея жандарынан құрылған медиация кабинеттері барша халықты, өзара тіл табысып, дау жанжал туындай қалса бітіммен шешуге шақырса, «Аналар кеңесі» жыл бойына атаулы шараларға мән беріп, ұлттық салт дәстүрді жаңғыртуға, ел ішінде ізгілік, бірлік, татулықты секілді ұғымдардың қадірін арттыруға, ел ішіндегі сенім мен жауапкершілік құндылықтарын насихаттауға, мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеуге, ұлттық қасиеттеріміздің дәріптеуге шақырады. Осы орайда Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Жахинамен арнайы сұхбаттасып, жоғарыда сөз болған мәселелерді жан жақты талқылауға тырыстық.
– Елімізде осыдан біршама уақыт бұрын атауының өзі әдемі Достық үйлері барлық облыстарда бой көтерген еді. Қазіргі таңда олар қандай жұмыстарға мұрындық болып отыр?
– Ақмола облысына тиесілі Достық үйі Көкшетау қаласында орналасқан. Достық үйі көркем жерде, Көкшетау қаласының орталық мешіті мен салынып жатқан христиан ғибадатханасының жанында көршілес тұр. Орналасқан жерінің өзі еліміздегі толеранттылықты, барша ұлттың, қай діннің өкілі болмасын үлкен құрметпен қарайтынымызды насихаттап тұрғандай...
Қазіргі таңда бұл орталық еліміздегі маңызы зор шараларды ұйымдастыруға ұйықты болып отыр. Облыс деңгейіндегі атаулы күндер, бірлік пен ынтымақты насихаттайтын, облыс көлеміндегі игі шаралардың барлығы қазір осында өтеді десем асыра айтқандық болмас еді.
Ғимараттың жалпы ауданы 4 мың шаршы метрден асады. Бұл Достық үйінде өңірдің мәдени-демалыс қызметінің деңгейін арттыру үшін қажет нәрсенің бәрі бар, ойын-сауық іс-шараларын өткізу үшін жағдай жасалған. Өңірдегі барлық ұлттардың ұлттық мерекесін атап өтеміз. Мұндай шаралар арқылы бір облыста өмір сүріп жатқан барлық ұлттардың бір біріне деген құрметі арта түсетіні сөзсіз.
Бір-бірінің мәдениетін, ұлттық құндылықтарын, артықшылықтарын тани түседі. Сол арқылы бір-біріне өзара сыйластығы артатыны анық. Сондықтан бізде өтетін әрбір іс-шараның маңызы зор деп есептаймын.
Айталық, орталық залымызда этномәдени орталықтардың қызметін көрсететін көрме витриналары орналасқан, сондай-ақ репетициялық, хореографиялық залдар, үлкен салтанат залы, өңірдің этномәдени бірлестіктерінің кабинеттері, ана тілін үйренуге арналған сыныптар және тағы басқа мақсаттарды көздейтін кабинеттеріміз бар.
Достық үйі қызметінің басым бағыттары рухани бірлік идеяларын қалыптастыру және тарату, этносаралық келісімді нығайту, қазақстандық патриотизмді насихаттау, фольклор мен көркемөнерпаздар шығармашылығын, ұлттық бірегейлікті дамыту, этностардың мәдениеті мен дәстүрлерін құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады. Соның ішінде барша ұлт өкілдерінің басын біріктіре отырып, қазақстандық патриотизмді насихаттау басты мақсатымыз!
– Қазақстандықтардың патриоттық сезімін арттыру үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз?
– Негізі патриоттық сезім елдік үлкен шараларда байқалады ғой. Бір қарағанда патриот сияқты емес көрінуі мүмкін. Бірақ кешегідей Париж төрінде халықаралық деңгейдегі Олимпиада да спортшыларымыз атой салып жатқанда, әрбір қазақстандық ұлтқа бөлінбестен шын жанкүйерлігін танытты. Сол секілді сын сағаты соққанда әрбір қоғамымыздың мүшесі өзінің елінің жанашыры екенін танытады деп ойлаймын.
Жалпы, елімізде патриоттық сезімді арттыру үшін ел басына күн туған тарихи киноларымызды жиі көрсетуіміз керек. Сонда ата-бабамыздың қандай жолдардан өткенін сезінген жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімдер көріне түседі. Патриоттық бағыттағы әндер мен өлеңдердің байқауы жиі ұйымдастырудың маңызы зор деп есептеймін.
Ерекше сәтімен шыққан әндер ел аузында да айтылып, халық арасына патротизм дәнегін себетіні сөзсіз.
Қайбір жылдары елімізде патриоттық әндер жоқ екені ашық айтылып, үлкен сын айтылды емес пе? Сол кезде әскердегі сарбаздарымыз махаббат туралы әндер айтқанын да білемін Бірақ кейіннен бәрі реттелді. Осы мәселеге қоғам назары аударылғаннан кейін көптеген патриоттық әндер пайда болды. Бұл үшін әншілеріміз бен сазгерлерге алғысымыз шексіз. Демек сол кезде қазақ қоғамына патриоттық бағыттағы әндер жетіспегені анық. Сарбаздарымыз сапта келе жатып махаббат туралы әндер айтуға мәжбүр болды. Қазір патриоттық әндеріміз көп. Мұндай әндерді балаларымыз жаттап алып, көп орындап жүр.
Өткенде бір оңтүстік жақта әскерден оралған баласына той жасап беріп жатқан отбасыны көріп сүйсіндім. Бұл бір жағынан той не үшін қажет дарақылық деп сынауы да мүмкін жұрттардың. Бірақ баласының Отан қорғап келіп, әскери борышын өтеп әскери киімде жүруі жасөспірімдердің бойында еліктеушілік туғызады.
Бұрын ауылда әскерден келген жігіттер үстіндегі әскери киіммен бірнеше күн ауылда жүріп, ол әскерде жүргенде дүниеден озған адамдардың үйіне қайыр айтып кіріп, кейбір үлкендердің үйіне сәлем айта барып ауылда аралап жүретін. Олардың сол жүрісі жастарды қатты еліктеуге әкеліп, жас жігіттердің бойында Отан қорғауға деген құштарлықтарын арттыратын-ды.
Қазір шыны керек көп жастар әскерге барудан қашады. Сондықтан тиісті орындар оларды көшеден қуалап жүріп әкетуге мәжбүр. Өйткені жастар әскерге шақырту қағазын елемейді, мүлдем әскерге барғысы келмейді. Жұмыссыз бос жүрсе де әскери борышын өтегісі келмейді. Бұл да болса елі ішіндегі париоттықтың әлсіреуінің бір себеп деп есепетймін.
Сондықтан қазақ үшін той ерекше бір құндылық қой. Әскерден келген балаларына ата-аналардың той жасауы басқа жастарға ой сала ма деп үміттенемін.
Сонымен қатар базарлардағы ұлттық киімдердің бағасын түсіруді де ойлауымыз керек. Киміге бір ою түссе бағасы шарықтап шыға келеді. Бұл дұрыс емес. Ұлттық киім тігетін шеберлерлі мемлекет тарапынан ынталандырып, ұлттық киімдердің бағасын түсіруді ойлаған жөн. Бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Қай бір жылы жас қыздар арасында тақия кәдімгідей сәнге айналды емес пе? Сол секілді ұлттық киімдерді түрлендіріп, сән әлемінде ұстай білсек ұлттық киімге деген халықтың сұранысы да, қызығушылығы да артар еді. Осы Өзбекстанның қыздары ғасырлар бойына шәй матадан тігілеген көйлектерін тастамай киіп келеді ғой. Есесіне оларды сырт киіміне қарап-ақ қай ұлттың өкілі екенін танисың.
Ал айыр қалпақты қырғыздарды бас киімдерінен алыстан танимыз. Сол секілді біздің ұлттық киімдеріміз де бізді танытатын болуы керек. Ұлттық домбыра секілді аспаптарымыз да кез келген үйдің төрінде ілініп тұруы керек. Бәрібір ұлттық заттар халықтың бойына рух сыйлайды. Егер ниет болса патриоттықты насихаттаудың жолдары көп. Жалпы патриоттық деген ұлттық құндылықтар арқылы қалыптасуы керек деп санаймын.
– Айнұр ханым, сіздің ойыңызша елімізде патриоттықтың әлсіреуіне не себеп болы мүмкін?
– Ең алдымен патриоттық тәрбиеге мән бермегеніміз себеп болды ма деп ойлаймын. Әйтпесе қалайша осындай мәдениеті мен тарихы мақтан етерлік, жылдар бойына ұлтты ұйыстырып отырған, тұрақтылығы мен ашықтығын паш етуге тырысқан, жемқорлық секілді жаман заттардан бойын аулақ ұстауға тырысып, барлық азаматтардың құқығын қорғауға барынша тырысып отырған елді қалайше жақсы көрмеске?! Бұл елдің патриот азаматы болуға қалай ұмтылмасқа?!
Өз басым патриоттыққа мән берсек халықтың өз еліне деген сүйіспеншілігін де арттыра аламыз. Патриоттық дегенде жастардың қазір шетел асып кетуге тырысатыны жиі айтылады.
Бірақ одан қорықпау керек. Қазір шекара ашық. Бұрынғыдай емес әлем елдерінің бір біріне емін еркін кіріп шығуына мүмкіндік бар. Ендеше неге жастарымыз да басқа елді көріп, жұмыс істеп, бар мүмкіндікті пайдаланбасқа?! Бұл патриотизмнің әлсіреуі емес, керсінше басқа елдің игіліктерін көріп, өзімізге тартуға жақсы мүмкіндік, сол арқылы елімізді дамытуға берілген жақсы бастама дер едім.
Бара-бара шекара қалмайтын секілді. Өйткені бұрынғыдай емес қауіпсіз аура қалыптастырып, басқа елдің турзимін тамашалау қазір дәстүрге айналып барады. Сол мақсатта қазір өздеріне туризм мәдениетін дамытуға тырысатын халық көп. Сондықтан бұдан шошымауымыз керек.
– 100 ден астам ұлтты бір мемлекетте тату-тәтті ұстап тұру оңай емес. Еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің сыры неде деп ойлайсыз?
– Біздің халқымыз негізі бейбіт сүйгіш ел. Жайдан-жай ешкімге тиіспеген ғой. Екіншіден, еліміздегі атқарылып жатқан мемлекеттік саясаттың өзі соған үндейді. Барлық халықтың дәстүрін, діни ұстанымын, мәдениетін сақтай отырып, оларға құрметпен қарауды насихаттайды.
Сондықтан басқалар да бізге сондай көзқараспен, құрметпен қарайды. Айналып келгенде бұл еліміздегі татулықты, бірлікті насихаттап отыр.
– Достық үйлеріндегі атқарылып жатқан шаралардың бұл бағытта маңызы қандай?
– Жақында ғана «Елдесу және татуласу» жобасы аясында медиация семинар-тренингтер өткіздік. Басты мақсат – ел ішіндегі татулық, бірлікті сақтауға арналған шараның маңызы зор деп ойлаймын. Оның алдында 16 маусым Әкелер күніне орай да шара өткіздік.
Атап өтер жайт, біз отбасылық құндылықтарды арттыруға да тырысамыз. «Жапырағын жайған бәйтерек» шарасына қатысқандар шарамызды жоғары бағалады. Жас ұрпаққа отбасы құндылықтарын насихаттап, мемлекет отбасы деген шағын мемлекеттерден құралатынын еске салып, әрбір отбасының нағыз махаббат пен сүйіспеншіліктен тұратынын ұқтыруға тырыстық.
Мамыр айында да «Ел дамуының негізі – тұрақтылық пен бірлікте» атты шарамыз өтіп, ел ішіндегі атқарылып жатқан шараларды талқыладық. Айта берсек шараларымыз өте көп. Олардың әрқайсысының қоғамдағы орны бөлек дер едім!