Қазақстандық оқушылар шахматтан әлем чемпионатында күміс пен қола иеленді

Dalanews 08 авг. 2023 06:30 844

Ақтауда мектеп командалары арасында өткен шахматтан әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кіші топта (12 жасқа дейін) Үндістаннан келген «Velammal MHS Mogappair» мектеп оқушылары барлық сегіз матчта жеңіске жетті. Екінші орын және күміс медаль Украинаның «Lviv Academic Gymnasium» командасына берілді (Львов қаласы). Үшінші орынға бірден бес команда үміткер болса, оның төртеуі Қазақстаннан. Қола жүлдегерлер қосымша көрсеткіштер бойынша анықталды. Нәтижесінде медальдарды Астана қаласының Республикалық физика-математика мектебінен Аланбек Жайназаров, Әмір Жүкенов, Мирас Хасенов, Айсұлтан Анетов алды.

Ал үлкен топта (18 жасқа дейін) турнир аяқталуға бір күн қалғанда Стамбулдық «Istanbul ENKA High School» мектебінің шахматшылары алтын медальға қол жеткізді.



Қазақстандық математиктер Чемпионаттың соңғы күніне дейін тек жетінші орынға ие болып келсе, соңғы күні жеңіске деген ерекше төзімділік пен ерік - жігердің арқасында Алматылық РФММ күміс алды. Олардың 7-ші және 8-ші турдағы екі жеңісі, командалық ұпай бойынша Үнді командасымен теңесуге, ал қосымша көрсеткіштер бойынша қарсыластарынан басым түсуге ықпал етті. Күміс жүлдегерлер қатарында Эдгар Мамедов, Иманғали Ақылбай, Әмір Иген, Зарина Нұрғалиева, Әлихан Дәулет бар. Осылайша, «Velammal Vidyalaya alapakkam» және «Chennai» үнді мектебінің оқушылары қола медаль алады.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев болашақта Ақтауда осындай турнирлер жиі өтетінін атап өтті.



- Бірнеше күнге созылған Халықаралық шахмат турнирі аяқталды. Бұл стратегиялық маңызды жарыста біздің оқушылар өздерінің тапқырлығын, терең білімі мен коммуникациялық машықтарының жоғары екенін көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада шахматтан әлем чемпионатының ашылуында «Шахмат-бұл адам санасын шыңдайтын спорт» деген болатын. Бұл интеллектті дамытатын қызықты ойын ғана емес, сонымен қатар адамның ойлауына оң әсер ететін құнды құрал іспеттес. Осы спорт түрімен айналыса отырып, біздің жасөспірім балаларымыз тапқырлығы мен шығармашылығын шыңдайды, сондай-ақ өз қатарына үлгі болады, - деді Нұрлан Ноғаев.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде Қазақстан шахмат Федерациясының Президенті барлық қатысушыларға шахматтың маңыздылығын және оның бүкіл әлемде танымалдылығын атап өтіп, табыс тіледі.

- Бүгін мұнда әлемнің 50-ден астам елінен ондаған команда жиналды. Бұл бүкіл әлемдегі шахмат қозғалысының керемет танымалдылығын және Қазақстанның әлемдік шахматқа әсер ете алатынын көрсетті. Турнир жүздеген жас шахматшылардың мансабындағы алғашқы нүкте болғанына сенімдімін. Сондай-ақ мұнда олар жаңа достар мен пікірлестер тауып қана қоймай, Ақтаудың сұлулығынан ләззат алып, қазақ мәдениетін жақынырақ тани түскеніне күмәнім жоқ, - деді Тимур Тұрлов.

Чемпионаттың жабылу салтанаты Каспий теңізінің жағалауындағы амфитеатрда өтіп, түрлі-түсті отшашумен аяқталды.

Топтық есепте бірінші орын алған түрік командасының ойыншысы Ишик Джан атап өткендей, чемпионат барлық қатысушылар үшін үлкен шахмат мерекесі болған.



- Мұндай жарқын әсерді бұрын-соңды шахмат іс-шараларында кездестірмедім. Чемпионат өте жоғары деңгейде өтті, - деді шахматшы.

Естеріңізге сала кетейік, чемпионат 4-7 тамыз аралығында болып, әлемнің 53 елінен 400-ден астам оқушыны жинаған болатын. Іс-шараны халықаралық және Қазақстандық Шахмат федерациясы ұйымдастырды. Бас серіктес және демеуші «Freedom Holding Corp».

Іс-шара Маңғыстау облысы әкімдігінің, Қазақстан Республикасы Білім Министрлігінің және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.

Рекомендовать
Последние новости