Қазақстандық ғалым әйелдер форумы өтті

Dalanews 07 нояб. 2017 06:05 846

27 қазан күні Астанадағы Ұлттық академиялық  кітап­ханада «Қазақстандық  ғалым  әйелдер  қоғамы» бірлестігінің ұйымдастыруымен Абай атындағы  Қазақ  ұлт­тық  педаго­ги­калық универ­ситетінің, М.Әуе­зов атын­дағы Оңтүстік Қазақ­стан мемлекеттік универси­тетінің,  Л.Н.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетінің қол­дауымен ғалым әйелдердің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: латын графикасына көшу үдерісінің тарихи маңызы және оның қолданысының әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етілуі» атты Халықаралық форумы өтті. Шараны бірлестік төрайымы, филология ғылымдарының докторы, профессор Таңат Аяпова жүргізіп,  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу бастамасын қолдайтынын, қазақстандық  ғалым әйелдер латын әліпбиіне тезірек көшудің әдістемесін ұсынып, елге қалай насихаттау маңыздылығын талқыға салатындығын айтты. Дөңгелек үстел форматында өткен басқосуға  әртүрлі салады жемісті еңбек еткен ғалымдар қатысты. Біз орайлы сәтті пайдаланып, бірлестік төрайымымен аз-кем әңгімелескен едік.

[caption id="attachment_31958" align="alignright" width="324"] Таңат Аяпова[/caption]

– Таңат Тәңірбердіқызы, «Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы» бірлестігінің құрылғанына көп бола қойған жоқ. Көктемде «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Әйел.  Қоғам.  Білім және ғылым» атты халықаралық симпозиум өткізген едіңіздер. Сол жолы елімізден және шетелден белгілі ғалымдар Қазақстанның ғылыми әлеуеті, қоғамдық  жаңғыру, білім сапасын жетілдіру, еліміздің дамуына үлес қосудың әртүрлі бастамалары мен әдістемелерін әңгімеге арқау еткен болатын. Астанада өткен форум соның жалғасы секілді. Бұл жолғы басқосу нақтылы қандай тақырыпқа арналды?

– Көктемдегі симпозиум Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орай әрі бірлестіктің ресми құрылғандығын елге жеткізу аясында өткен еді. Елімізде 400 мыңға жуық ғалым әйел бар екен. Олардың мүддесін, ойын, ұстанымын, өзара  пікірлесу алаңын қалыптастыратын орта керек екені көптен бері ойымда жүрген еді. Шетелдерге барғанда ғалым әйелдер бірлестігі секілді мемлекеттік емес ұйымдардың белсенді қызмет ететінін байқадым. Сонау 90-жылдардың өзінде Америкада ғалым әйелдер бірлестігі бар болатын. Олар сол елдегі әрбір жаңалыққа дер кезінде үн қатып, өздерінің пікірлерін білдіріп отыратын. Ал олардың пікірімен, көзқарасымен жоғары билік те, жергілікті әкімшілік те санасатын. Мен сол кезде-ақ осындай  ұйым қажеттігін сезінгенмін.

Бұл жолғы басқосу көктемдегі симпозиумның жалғасы деуге болады. Біз бұл рет латын әліпбиіне көшуді қолдайтынымды әрі оған жалпы ел болып, әсіресе ғылым мамандары жұмыла үлес қосуымыз керектігін талқыладық. Бұл басқосуды ұйымдастыру кезінде байқағаным, еліміздегі ғалым әйелдердің басым бөлігі Президент Назарбаевтың бастамасын толықтай қолдайды екен. Латын әліпбиі арқылы біз қандай игіліктерге жетеміз, оның бүгінгі күні нақты қандай маңызы бар, әліпбиге көшу барысында қандай кедергілер, ғылыми түйткілдер жолығуы мүмкін, оны қалай шешуге болады деген сұраққа жауап іздедік. Жақсы идеялар, оңды бастамалар, жаңа көзқарастар айтылды.

– Ағылшын тілінің білгір маманы ретінде өзіңіз латын әліпбиіне көшудің нақты қандай маңызы бар деп ойлайсыз?

– Бұл – заман талабы. Біз технократтық, ақпараттық дәуірде күн кешудеміз. Заман ағысы ешқашан тоқтамайды. Ол тек алға жылжиды. Технологиялық жаңалықтардың дені ағылшын тілінде жасалып жатыр. Ақпараттың да басым бөлігі осы тілде. Біреулер латын әліпбиіне өткеннен қандай пайда бар деп ойлайды. Меніңше, жаһандану кезеңі біртұтастық  ішінде өзіңді сақтау. Оқшау қалу, оңаша кету мүмкін емес. Латын әліпбиіне көшкеннен соң бәрі ойдағыдай болып кетуі мүмкін емес. Ғылымды, технологияны игеру арқылы ғана алға озамыз. Ол үшін сананың жаңғыруы керек. Латын әліпбиі бізді заманауи  жаңалықтарға, технократтық заманға бейімдейді. Бұл бастаманың игілігін бір күнде емес, біраз жылдан соң көреміз. Астанада өткен басқосуда біз елге арнап үндеу жолдағанбыз. Сонда қазақстандық ғалым әйелдердің көзқарасы толық қамтылған.

– Қазақ тілін латын графикасына көшірудің бірнеше нұсқалары ұсынылды. Қазір ел әртүрлі пікір айтып жатыр. Сіздіңше, осы нұсқалардың  қандай олқылығы немесе  артықшылығы бар?

– Латын графикасында қазақтың төл дыбыстарын белгілеу бойынша  бірнеше нұсқа ұсынылғанын білесіз. Меніңше, дәл қазір осы нұсқа түбегейлі түрде белгіленді деген байлам яки шешім жоқ. Арнайы комиссия әлі де талқылап, қарап жатыр. Кез келген пікір, идея, ұсыныс ескерілетінін айтты. Тіл ғалымдарының текке қарап отырмағаны анық. Апострофтары бар нұсқаны әлі де жетілдіру керек шығар деп ойлаймын. Біз өз ұсынысымызды форум аясында жеткіздік.

 

Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамының

Үндеуі

Қымбатты қазақстандықтар!

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Бо­лашаққа бағ­дар: рухани жаң­ғыру» атты бағдар­ла­масына сай мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі бүгінде барша қазақстандықтардың, оның ішінде ғылыми қауымның назарында.

Қазақстан ғалым әйелдері қоғамының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: латын графикасына көшу үдерісінің тарихи маңызы және оның қолданысының әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етілуі» атты халықаралық  ғылыми форумы өз жұмысында –  латын графикасына көшу үдерісінің тарихи маңызы, қазақ тілі төл әріптерінің латын графикасында белгіленген жолдары, латын әліпбиіне көшу үдерісінің әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етілуі және оның қолданысының перспективалары тақырыптарында ой бөлісіп, өзіндік пікірлерін білдірді.

Атап айтар болсақ,  қазақ тілінің төл әріптерін латын графикасында белгілеудің ұсынылған варианттары талқыланып, жаңа ұсыныстар айтылды. Латын әліпбиіне көшудің әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етілуі мәселесі және болашақта атқарылатын істер айқындалды.

Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы мемлекеттік тілдің латын графикасына көшуін іске асыру үшін ғылыми талдаулар мен тұжырымдар әзірлеуде өз  білімдері мен біліктіліктерін жұмсауға әзір екендіктерін білдірді. Латын әліпбиіне көшу – қажеттіліктен туындаған уақыт талабы екендігін түсіне отырып, білім мен ғылым саласында және қоғамның басқа да салаларында жаңа графиканың еш зиянсыз енуіне ат салысамыз.  Себебі, қазақ жазуына латын графикасын енгізу еліміздегі көп тілділіктің дамуына жағдай жасайды. Қазақстанның әлемдік экономика мен коммуникацияларға, ғылым мен мәдениетке интеграциялануы үшін, экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымына кіру үшін, қоғам өмірінің барлық салаларын цифрландыру принципінде үшінші жаңғырту жүргізу үшін  ұзақ мерзімді әсер бере алады. Бұл инвесторлармен шетелдік туристерге және Қазақстанға қызығушылық танытқандардың барлығына біздің елімізді қолжетімді де тартымды ете түседі.

Заманауи қазақстандық ғылыми жетістіктерді  жаһанда  ілгерілету  үшін жаңа перспективалар ашады. Шетелде тұратын отандастарымыз үшін ана тілі мен жазуды дамытудың, тарихи отанымен жақындасудың жаңа мүмкіндіктері пайда болады. Латын әліпбиін енгізу – еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған елдерінің «отыз­дығына» енуіне бағытталған, жаңғырту реформаларына толығымен сай келетін және олардың ажырамас бөлігі болып табылатын прагматикалық сындарлы қадам болып табылады.

Біз еліміздің барлық азаматтарын мемле­кеттік тілдің жаңа әліпбиін талқылау және қабылдау бойынша жұмысты қолдауға, қуатты да өркендеген Қазақстанды құруымыз үшін Мемлекет басшысының осы бастамасын тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге шақырамыз!

Латын әліпбиі – әлемдік ғылыми кеңістікке енуге апаратын жол!
 

 

Рекомендовать
Последние новости