Қазақстандық делегация Ресейдегі АЭС-ті тексеруді аяқтады, мердігерді таңдау жақындап қалды, деп хабарлайды Dalanews.kz Энергетика министрлігіне сілтеп.
21 қаңтарда Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің басшылығымен қазақстандық делегация Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барды.
Сапардың негізгі мақсаты - атом электр станцияларын пайдалану тәжірибесімен танысу және ВВЭР-1200 реакторлары бар 3+ буынды энергетикалық блоктардың технологияларын зерттеу болды. Делегация Ленинград АЭС-іне барып, станция жұмысының негізгі техникалық аспектілерімен танысты, соның ішінде блоктық басқару пунктінің құрылғысы, турбина цехы, зертханалық кешен және энергоблоктардың салқындату жүйесі ұсынылды. ВВЭР-1200 реакторы «Росатом» мемлекеттік корпорациясының флагмандық жобасы болып табылады.
Ресей Федерациясына сапар Қазақстанда АЭС салу үшін технологиялардың әлеуетті жеткізушілерімен бәсекелестік диалогтың қорытынды кезеңі болды.
Бұған дейін, 2024 жылдың қазан-желтоқсан айлары аралығында, осындай жұмыс сапарлары Корея Республикасына, Француз Республикасына және Қытай Халық Республикасына жасалған болатын. «Росатом» мемлекеттік корпорациясы корейлік KHNP, қытайлық CNNC және француздық EDF компанияларымен бірге «шорт-тізімге» енген.
Сапар барысында делегация Ленинград АЭС басшылығымен консультациялар өткізіп, станцияның инфрақұрылымымен танысты. Сондай-ақ, АЭС-тің серіктес қаласы – Сосновый Борға бару жүзеге асырылды, ол заманауи ғылыми қаласы және ғылыми-инженерлік құзыреттер орталығы болып табылады.
Анықтама: Ленинград АЭС-і – Ресейдегі орнатылған қуаты бойынша ең ірі және екі түрлі типтегі энергоблоктар жұмыс істейтін жалғыз АЭС: уран-графитті каналды (РБМК) және су-су (ВВЭР). ВВЭР-1200 жобасының басты ерекшелігі – станцияны сыртқы және ішкі әсерлерге барынша төзімді ететін белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің бірегей үйлесімі.
«Бүгін біз ядролық энергетика саласындағы әлемдік үздік тәжірибелерді зерттеуге бағытталған жұмыс сапарларымызды аяқтадық. Ленинград АЭС-іне бару қоршаған ортаны қорғау және жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын қамтамасыз ететін технологиялар мен қауіпсіздік шараларымен терең танысуға мүмкіндік берді», - деді Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
АЭС салу жобасы үшін жеткізушіні немесе консорциумды таңдау бойынша соңғы шешім ағымдағы жылы қабылданатын болады. Шешім ұлттық мүдделерді, халықаралық нормалар мен міндеттемелерді, сондай-ақ Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (АЭХА) ұсыныстарын ескере отырып қабылданады.