Бүгін SCAT және Air Astana әуе компаниялары Дубай мен Дохадан Алматы және Астана қалаларына 6 рейс орындамақ. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрлік мәліметінше, Таяу Шығыс бағытындағы рейстер әлі де алты елдің (Иран, Израиль, Ирак, Иордания, Сирия және Ливан) әуе кеңістігін айналып өтіп орындалып жатыр.
Air Astana 25 маусымнан бастап Дубайдан Алматы мен Астанаға, сондай-ақ Дохадан Алматыға тұрақты рейстерін қайта бастады. Алдыңғы күндері тоқтатылған рейстердің жолаушыларын елге қайтару үшін қосымша репатриациялық рейстер ұйымдастырылуда.
SCAT әуе компаниясы Қатар мемлекетінен азаматтарды елге жеткізуді бастады. Алғашқы Доха–Алматы рейсі бүгін Катар уақытымен 07:35-те ұшып шықты. Ұшақ бортында 213 жолаушы болды. Сонымен қатар бүгін Доха–Астана бағыты бойынша тағы бір рейс орындалады, ұшақ Катар уақытымен 14:30-да ұшып шығады. Бұл рейспен 290 жолаушының келуі күтіліп отыр.
Алдағы күндері Доха–Астана бағыты бойынша келесі чартерлік рейс 27 маусымда, ал Доха–Алматы рейсі 29 маусымда орындалады.
Айта кетейік, бұған дейін Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты қазақстандық әуе компаниялары рейстерді уақытша тоқтатқан еді.
“2025 жылы 24 маусымдағы жағдай бойынша Таяу Шығыстағы әскери-саяси ахуалдың күрт шиеленісуіне байланысты бірқатар елде ресми түрде шектеулер енгізіліп, азаматтық авиацияға арналған әуе кеңістіктері жабылды. Мәжбүрлі шаралар қаруды қолдану қаупі, навигациялық жүйелердің дұрыс жұмыс істемеуі, әуе қорғанысы жүйелерінің белсенділігі және азаматтық әуе кемелерінің ұшуы үшін жоғары тәуекелдерге байланысты қабылданды”, — деп хабарлады Көлік министрлігі.
Соңғы мәліметке сәйкес, шектеулер келесі елдерде қолданылады:
- Израиль әуе кеңістігі толық жабық;
- Иран әуе кеңістігі толық жабық (оның ішінде Парсы және Оман шығанақтары);
- Ирак, Иордания, Ливан — зымыран мен дрон шабуыл қаупіне сәйкес ұшуларды уақытша шектеу;
- Кувейт, Бахрейн, БАӘ — рейстерді шектеу және тоқтату, ішінара қақтығыс аймағына жақын маршруттарды бұғаттау.
“Ірі халықаралық авиатасымалдаушылар да рейстерді уақытша тоқтатты. Олардың қатарында Air France-KLM, United, American Airlines, Japan Airlines, Air Canada
Дубай, Доха және Эр-Риядқа ұшуды тоқтатты. Qatar Airways ұшу кестесін реттейді. Etihad ресми ескерту жасады. Emirates қақтығыс аймағын айналып,ұшуды жалғастыруда”, — деді министрлік.
Айтуларынша, осыған байланысты қазақстандық әуе компаниялары қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Дубай мен Доха қалаларына бірқатар рейсті уақытша тоқтатты.
“Демек елімізден шетелге шықпақ болған адам саны 683 болса, шетелден елге оралатын адам саны — 1051. Жалпы алғанда бұл жағдай 1 734 жолаушыға әсер етті.