Қазақстандық 4 банк "Золотая коронамен" жұмысты тоқтатып қойды

Dalanews 23 сент. 2024 13:39 3289

Қазақстандық Halyk Bank, ForteBank, Jusan Bank және RBK Bank қаржы мекемелері қазір «Золотая корона» ақша аударым жүйесі арқылы қаражат аудару мүмкіндігін тоқтатып қойды. Оған ресейлік «Центр финансовых технологий» (ЦФТ) компаниясына АҚШ салған санкция себеп болды деп хабарлайды Dalanews.kz BES.media-ға сілтеме жасай отырып.

«Золотая коронаның» бағдарламалаушы-компаниясына санкция салынған соң қазақстандық бірнеше банк бұл ресейлік сервиспен серіктестікті уақытша тоқтатқан еді. Соның салдарынан Ресейге ақша алып-салып жүргендер ол мүмкіндіктен айырылған. Қазақстанда бұл сервис өте атақты. Мысалы шілдеде Қазақстаннан жіберілген барлық аударымның 90 пайызы «Золотая корона» арқылы жіберілген. Сол сияқты жартысына жуығы сол сервистен Қазақстанға түсіп отырған. Ресейлік компаниямен жұмыс істеуге қатысты шешімді әр банк өзі қабылдайды.

«Золотая коронамен» жұмысты тоқтата тұрған банктерге келсек, саны төртеу: Halyk Bank, ForteBank, Jusan Bank және RBK Bank. Ал ВТБ бұрыннан жұмыс істемеген. Қазір ресейлік сервис қызметі әлі жүріп тұрған банктер ішінде ЦентрКредит банкі, Bereke Bank, Еуразиялық банк, Freedom Bank, Нұрбанк пен Altyn Bank бар.     

Halyk Bank баспасөз-қызметі халықаралық санкцияларды қатаң сақтайтынын атап өткен.  Ал ForteBank біржолата емес, уақытша ғана тоқтатып қойған. Қаржы ұйымы «Қазір біз «Золотая корона» серіктестерінің біріне санкция салынды деген жаңалық шыққан соң қосымша тексеріс жасап жатырмыз. Осы жағдайды анықтау үшін қосымша ақпарат сұраттық. Мәселенің мән-жайы анықталған соң шешім қабылданады» —, дейді. 

Жоғарыда айтылған басқа банктерде «Золотая корона» арқылы ақша жібере беруге болады. Десе де, Ресейге мүлдем қаражат жолданбайды деген сөз емес. Себебі SWIFT-аударым арқылы да ақша жолдайтын мүмкіндік бар екенін айта кету керек. Амалын тапқандар осылай түрлі жол іздейді.

 

 

 

 

 

 


Рекомендовать
Последние новости