ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті жаһандық цифрлық платформалармен өзара іс-қимылды жетілдіру аясында 2025 жылғы мамырдан бастап OpenAI, L.L.C. компаниясы шартты түрде тіркеуі жүргізілгенін мәлімдеді. Бұл — жасанды интеллект саласындағы жетекші америкалық ұйым, кеңінен танымал ChatGPT интеллектуалдық жүйесінің әзірлеушісі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"2022 жылдан бастап Қазақстанда цифрлық қызметтерге салық – "Google салығы" сәтті енгізілді. Бұл шара ел нарығында жұмыс істейтін трансұлттық ІТ-компанияларға әділ салық салу жолындағы маңызды қадам болды", - дейді құзырлы ведомство.
Енді Қазақстан аумағындағы жеке тұлғаларға қызмет көрсеткені үшін ChatGPT Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес қосымша құн салығын төлейтін болады.
ChatGPT — бұл жасанды интеллектіге негізделген чат-бот. GPT (Generative Pre-trained Transformer) тілдік моделі негізінде жұмыс істейді және келесідей мүмкіндіктерге ие:
- сұрақтар мен өтініштерді түсіну;
- мағыналы әрі қисынды жауаптар құрастыру;
- аударма, хат жазу, кодтау, оқу және басқа да салаларда көмек көрсету.
ChatGPT-ті виртуалды көмекші, кеңесші, сұхбаттасушы немесе шығармашылық пен жұмысқа арналған құрал ретінде пайдалануға болады.
Айта кетсек, 2025 жылы 30 сәуірде Мәжіліс Салық кодексі жобасын екінші оқылымда қабылдады. Онда қосымша құн салығының көлемі 12%-дан 16%-ға өсірілді. Бұл өзгеріс келесі жылдың басынан бастап өз күшіне енеді деп күтіледі.