Қазақстандағы кіші халықтардың «үлкен досы» – тек қана қазақтар

Dalanews 17 сент. 2021 02:41 1300

Тәуелсіздік жылдары көптеген мемлекеттер жете алмай отырған жетістіктерге біздің еліміз жетті. Оған елімізде қалыптасқан тұрақтылық, бірлік, ынтымақтың арқасында қол жеткізгеніміз рас. Біз мемлекеттігімізді нығайтудың басты шарты ретінде сырттан жау іздемей, есесіне өзіміздің қоғамдық келісімімізді өркендетіп, бірлігімізді дамытуға күш салдық. Қазақстандағы ынтымақ пен қоғамдық келісімді өркендетуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы көп ықпал еткенін атап айтуымыз керек. Бүгінгі таңда біздер, еліміздің алға басқан әр қадамы болашаққа деген нық сенімділікке бастап, әлемдік қоғамдастықтың алдындағы беделі мен абыройы жылдан-жылға артып келе жатқанының куәсі болып отырмыз.

Кеңес Одағы ыдырған кезде көпэтникалық Қазақстан бірден ұлтаралық жанжал ошағына айналуы мүмкін деп сәуегейсігендер де табылғаны еді. Соған қарамастан, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты және қазақ халқының сабырлы, дарқан пейілі арқасында елде ұлттардың татулығы мен сыйластығының «қазақстандық феномені» әлемге үлгі болды.

Ұлтаралық қатынастарды ұдайы реттеу әу бастан-ақ ішкі саясатымыздың негізгі бағдары, ұлтаралық татулық саяси тұрақтылықтың кепілі саналды. Мемлекет өзге ұлттарды жасанды түрде ассимилациялау, қысым көрсету әрекеттеріне барған емес.

Конституцияның 19-бабына сәйкес, әр ұлт өкілдері өз салт-дәстүрін сақтауға, ана тілінде білім алуына, еркін өмір сүруіне құқықтық негіз жасалған. Елдегі қоғамдық келсімді сақтау, аз ұлттардың мәдени орталықтарын барынша қолдау мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясына зор міндет жүктелді.

Бұдан басқа, Қазақстанның заң шығарушы органы ҚР Парламенті Мәжілісінде Ассамблея өкілдерінің болуы, біріншіден, бұл ұйымның мәртебесі мен беделін көтерсе, екіншіден, еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің мемлекеттік басқару жүйесіне кеңінен қатысуына, тұрақты дамудың кепілі – бейбітшілік пен ынтымақтың одан әрі нығаюына әсер еткені сөзсіз.

Біздің мемлекетіміздің этносаясатының негізгі бағдары: этностың бейсаясилануы, ұлт ұғымынан азаматтыққа көшу, азаматтық қоғамды нығайту, барлық ұлттардың мәдени өзіндік ерекшелігін сақтау, мемлекеттік идеологияның базасын арттыру, барлық ұлт өкілдерінің диалектикалық интеграциясын қамтамасыз ету басты орында болды.

Әлемдегі мемлекеттердің 90 пайызы көпэтникалық болғандықтан, өздерінің ұлттық саясатында жергілікті ұлтқа басымдық беріп, ұлттық азшылық өкілдерін де қорғау үшін примордиалистік және конструктивистік тәсілдеріне жүгінеді.

Көптеген ұлт өкілдері тұратын Қазақстан жағдайында қазақ ұлты да конструктивтік негізде біріктіруші һәм тұтастырушы міндетін атқарғаны анық. Елдегі тыныштық пен ынтымақтастықты сақтау әр қазақтың ғана емес, барша қазақстандықтардың міндеті болуы тиіс.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Тәуелсіздік жылдары еліміздегі қоғамдық тұрақтылықты, ұлтаралық татулық пен келісімді, халықтар достығын сақтау мемлекеттік саясаттың негізгі бағытына айналды. Біздер осы жылдары Қазақстанға тән қоғамдық келісім мемлекетті өркендетуде пайдасы зор екеніне көз жеткіздік. Алдағы уақытта біздер басты байлығымызға айналған ұлтаралық татулықты нығайтып, келешек ұрпаққа аманаттауымыз керек» деген болатын.

Бүгінде біздер Елбасы аманаттаған татулық пен достығымызды өркендетуге бәріміз бір кісідей атсалысып келеміз. Қазақстанда түркі, орыс, өзбек, ұйғыр, кәріс, неміс, күрд, татар сынды жүздеген ұлт мекендейді. Бұл ретте біздер қазақ жеріне туын тіккен қайсы ұлт өкілінің көп, аздығын айтып жатпауымыз керек. Бәріміз Елбасы айқындап берген ортақ мұратымызды ұлықтап, алға қадам басудың маңызы зор. Сол кезде біздің береке-бірлігімізге ешкім сына қаға алмайды.

Атақты авар ақыны Расул Ғамзат «Менің Дағыстаным» деген ғұмырнамалық-пәлсапалық тәмсілдік таңғажайып дүниесінде атақты Шәміл бабасының «Кіші халықтарға үлкен қанжар керек» деген сөзім мысалға келтіреді де, оны Әбутәліп ақынның араға алпыс жыл салып «Кіші халықтарға үлкен дос керек» деген сөзімен түйіндейді. Шәмілдің «үлкен қанжары» да, Әбутәліптің «үлкен досы» да өз заманының үні, тілегі. «Үлкен қанжардың» сыры белгілі, ал «үлкен достың» мәнісі «үлкен халық» деген сөз. Қызыл империяның кешегі билеушілерінің саясатын ғана уағыздайтын жарнама сынды тым жалаң дүние де болып көрінуі мүмкін.

Бүгін заман да, заң да өзгерді. Кеңестік Мәскеуге бодан болған одақтас республикалардың ішіндегі шаңырағы биік, керегесі кең Қазақстанның тәуелсіздігін жариялағанына 30 жыл толмақшы.

Ал сол Қазақ елінде жүзден астам ұлттар мен ұлыстар тұрып жатыр. Қап тауының қаһармандары айтқан «үлкен достың» рөлін атқару қазір қазақтардың маңдайына жазылғанын байқау қиын емес. Неге десеңіз, қазір Қазақ еліндегі «кіші халықтардың» ағасы мен жағасы, яғни, «үлкен досы» – тек қана қазақтар. Ал қазақтар үлкен дос қана емес, үлкен жүректі дос бола білді. Бұл жауапты міндеттің жүгі де ауыр. Оны абыроймен арқалап жүру қазақтардың кішпейілдігінің ғана емес, барша қазақстандықтардың төзімі мен түсінігінің арқасында жүзеге асып жатыр.

Әз Төле би бабамыз «Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар» деп толғаған екен. Қазақ жұртының алыс-жақындағы елдерді «бәрекелді» дегізетін қазіргі басты жетістігі осы береке-бірлік болып тұр. Бұл ретте «берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деген ата-баба аманатына адалдық танытып, ішкі және сыртқы саясатында достық пен алыс-берісті, барыс-келісті мықтап басшылыққа алып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы достық пен ынтымақты басты темірқазығына айналдырып отыр.

Нұрлан ӘУБӘКІР

Рекомендовать
Последние новости