Ресей тарапы Семей мен Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын (ЖЭО) салу жобаларына қаржылай қолдау көрсетуі не мердігер ретінде қатысуы мүмкін. Бұл туралы “Самұрық-Энерго” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Біз қаржыландырудың түрлі көзін қарастырып жатырмыз: өз қаражатымыз есебінен де, сондай-ақ Ресей ұсынған қаржы мүмкіндіктерін де. Бұл ұсыныс екі ел арасындағы үкіметаралық келісім аясында жасалды. Қазір ресейлік тараппен қаржыландырудың түпкілікті шарттарын талқылап жатырмыз. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ", – деді Мақсұтов.
Оның айтуынша, кейінірек жобаның мердігері анықталады. Бұл рөлді ресейлік компания немесе халықаралық консорциум атқаруы мүмкін.
Жаңа жылу электр орталықтарының құрылысы 2029 жылдың екінші жартысында толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
