Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанда есірткі бизнесіне қарсы жүргізілген күрес нәтижесінде төрт айдың ішінде 20 ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) жолы кесілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Төрт айда 3 мыңға жуық есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталды, оның ішінде 828 дерек – есірткіні сату фактісі. Жалпы көлемі шамамен 3,5 тонна есірткі тәркіленді. Оның 259 келісі синтетикалық есірткі, 2 тоннаға жуығы марихуана, ал 303 келісі гашиш. 83 есірткі зертханасының әрекетіне тосқауыл қойылды. Сонымен қатар, 6 тоннаға жуық прекурсор (есірткі өндірісіне пайдаланылатын химиялық заттар) тәркіленді. 20 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Заңсыз контент таратып келген 11 мыңнан астам сайт бұғатталып, 1 миллиард теңгеден астам қаражат сақталған 12 мың банк картасы мен шоты бұғатталды. 1783 адам ұсталып, олардың 669-ы қамауға алынды”, — деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейрхан.
Оның айтуынша, сәуір айында бірнеше сәтті операция жүргізілген.
“Қосшы қаласында Ақмола облысының тумасы ұсталды. Көлігін тінту кезінде одан 6,5 келі a-PVP синтетикалық есірткісі табылды. Кейінгі жедел шаралар барысында оның сыбайластары – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары қолға түсіп, олардан тағы 1 келі “синтетика” алынды”, — деп хабарлады ІІМ.
Сондай-ақ Астана қаласында Ақтөбе тұрғыны ұсталып, одан 2,5 келі синтетикалық есірткі тәркіленген.
“Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда”, — деді Мейрхан.