2025 жылдың шілдесінде енгізілген дәрілік заттарды таңбалау жүйесі елде бірқатар заңбұзушылықты әшкереледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Атап айтқанда, жүйе тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) аясында халыққа тегін таратылуы тиіс дәрілердің коммерциялық нарықта сатылғанын, таңбалау кодтарының қайта қолданылғанын және жарамдылық мерзімі өтіп кеткен препараттардың саудаға шығарылғанын анықтаған.
Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператордың мәліметінше, мемлекет қаржысына сатып алынып, халыққа тегін берілуі тиіс 15 мыңнан астам дәрі-дәрмек бірлігі сатылғаны тіркелген. Сондай-ақ 6,5 мыңнан астам таңбалау коды қайта пайдаланылып, жалпы саны 385 мыңнан аса заңбұзушылық фактісі анықталды. Бұдан бөлек, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен 750-ден астам дәрі қаптамасының сатылғаны белгілі болды.
Ведомствоның хабарлауынша, министр вице-министрлер мен құрылымдық бөлімшелерге дәрі айналымын толық тәртіпке келтіру үшін таңбалау және қадағалау жүйесінің аналитикалық платформасын күнделікті жұмыста қолдануды тапсырды. Сонымен қатар бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін дәрілердің мақсатсыз пайдаланылуын қатаң бақылау міндеттелді.
