Қазақстанда медициналық қалдықтар өрескел заңбұзушылықтармен жойылуда – депутат

Қаракөз Амантай 26 мар. 2025 16:21 612

Мәжіліс депутаты Вера Ким медициналық қалдықтар – инфекциялардың және улы ластаушы заттардың ықтимал қауіпті көздері – өрескел заңбұзушылықтармен жойылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Медициналық қалдықтарды басқару жүйесінің қазіргі жағдайына қатты алаңдаушылық білдіреміз. Жүргізілген талдау бірқатар жүйелі мәселелерді анықтады. Біріншіден, тиімді бақылаудың және қажетті инфрақұрылымның жоқтығы. Медициналық қалдықтар, инфекциялардың және улы ластаушы заттардың ықтимал қауіпті көздері ретінде, өрескел заңбұзушылықтармен жойылуда. Қалдықтардың қоқыс полигондарында жинақталуы, сүзгілеусіз өртелуі, тиісті есепке алынбай тасымалдануы мен сақталуы, сондай-ақ олардың тұрғын үйлерге жақын жерлерде және заңсыз қоқыс орындарында табылуы сияқты фактілер анықталуда", – деді Ким Мәжілістің сәрсенбі күнгі отырысында депутаттық сауалын жариялау барысында.

Депутаттың айтуынша, екінші мәселе – медициналық қалдықтарды бақылаусыз өртеу, бұл атмосфераға жоғары уытты және канцерогенді қасиеттері бар диоксиндер, фурандар және ауыр металдардың таралуына әкеледі.

"Бақылаудың жеткіліксіздігі мен реттеудегі олқылықтар медициналық қалдықтарды кәдеге жаратудың бірыңғай әрі қауіпсіз жүйесінің жоқтығына алып келді. Тексерулерге салынған мораторий жауапсыз компанияларға қалдықтарды заңсыз жинауға мүмкіндік берді. Мемлекеттік тапсырысты алған кейбір мердігерлер утилизация нормаларын бұзу арқылы шығындарын азайтуда", – деді мәжілісмен.

Депутат ауылдық жерлерде медициналық қалдықтарды жою мәселесі ерекше проблема екенін атап өтті. Оның пікірінше, бақылаудың бытыраңқылығы бұл процесті одан әрі қиындатады.

Көтерілген мәселелерді шешу үшін медициналық қалдықтарды өңдеудің әр кезеңін – медициналық мекемеден утилизацияға дейін қадағалауға мүмкіндік беретін жапондық электронды манифестке ұқсас цифрлық мониторинг жүйесін әзірлеу және енгізу ұсынылады.

Сонымен қатар:

• Утилизация нысандарының санын көбейтіп, сапасын жақсарту, әсіресе ауылдық аймақтарда;
• Медициналық қалдықтарды орталықтандырылған түрде тасымалдау үшін жауапты операторларды тағайындау;
• Фельдшерлік-акушерлік пункттер мен амбулаториялардан қалдықтарды жинаудың нақты кестесін әзірлеу қажет.

Мәжіліс депутаты мемлекет бұл тасымалдау рейстерін субсидиялауы тиіс екенін, осылайша компанияларды шалғай өңірлерде жұмыс істеуге ынталандыруға болатынын атап өтті.


Рекомендовать
Последние новости