Қазақстанда жұмыссыздар саны ресми статистикадан екі есе көп – Мәжіліс депутаты

Dalanews 07 июн. 2023 12:23 1259

Ресми статистика бойынша Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі небәрі 5%-ды құраса, тәуелсіз сарапшылар бұл көрсеткіштің екі есеге жоғары екенін айтады. Бұл туралы бүгін Мәжіліс отырысында «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев мәлімдеді.

Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Е.Бейсенбаев бюджеттен бөлініп жатқан қаражаттың тұрақты емес, уақытша жұмыс орындарын ашуға жұмсалып жатқанын атап өтті.

«Жұмыссыздық деңгейі кейінгі 5 жылда 5% шамасында сақталып отыр. Бұл көрсеткішке ешкімнің сенбейтіні анық. Алайда, тәуелсіз сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстандағы жұмыссыздықтың шынайы деңгейі 9-10%-дан кем емес. Бұл – кемі 900 мың адам деген сөз, яғни екі есеге көп. Ал бюджеттен бөлінетін қаржы тек уақытша жұмыс орындарын ашуға, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық тиімділікті сақтау үшін жұмсалып отыр», - деп атап өтті депутат.

Ол сондай-ақ, халықтың тұрмысы төмендегенін, азық-түлік керісінше қымбаттағанын айтып, Үкіметтен оған қарсы шара қолдануды талап етті.

«Халықтың несие алу деңгейі де өте жоғары. Мысалы 2022 жылы тұтынушылық несие – 30 процентке, яғни 13,2 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл бюджетке түсетін салықтық түсімдермен шамалас қаражат. Яғни, аталған көрсеткіш – халықтың төлем қабілетінің төмендеуінің көрсеткіші», - деді ол.

Елнұр Бейсенбаев Ұлттық қор қаражатының бюджеттің дефицитін жамауға кетіп жатқанын, бюджеттік және салықтық әкімшілендіру жүйесіндегі кемшіліктерді тізбектей келе, Үкіметке бірнеше ұсыныс пен талабын айтты. Олар:

  1. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіруді бюджеттік бағдарламаларды тексеруден және оларды дұрыс жіктеуден бастау қажет.

  2. Жаңа стратегиялық құжаттарды ойлап табудың қажеті жоқ. Стратегиялық құжаттар – бұл Мемлекет басшысының Жолдауы, Ұлттық жобалар, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы.

  3. Негізгі мақсат бюджет қаражатын игеру емес, ал оңтайлы нәтижеге қол жеткізуді басты индикатор ретінде қарастыру керек.

  4. Үкімет бюджеттік нақтылауды тек пайыздық көрсеткіштерді көтеру мақсатында емес, керісінше тұралап қалған жобаларға қосымша қаражат қарастыру үшін пайдалануы керек.



Рекомендовать
Последние новости