Қазақстанда биік ғимараттағы өртті сөндіру үшін алғаш рет дрондар қолданылады

Қаракөз Амантай 12 нояб. 2024 11:01 1193

Төтенше жағдайлар министрлігі биыл жаңа техникалар сатып алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы министрлік басшысы Шыңғыс Әрінов үкімет отырысында хабарлады.

Әрінов төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында министрлік бөлімшелерінің жауынгерлік дайындығы күшейіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, республикалық және жергілікті бюджет қаражаты, сондай-ақ лизинг есебінен 728 арнайы техника мен 18 мыңнан астам құрал-жабдық алынуда.

“Сатып алынған техниканың негізгі бөлігі аудандық бөлімшелердің қажеттілігіне қарай бөлінбек. Сонымен қатар, материалдық-техникалық жабдықтау аясында биік ғимараттарға арналған өртке қарсы екі дрон алғаш рет сатып алынады”, - деді ол.

Министрдің сөзінше, Ақмола облысында пилоттық жоба шеңберінде әмбебап құтқару бөлімшесі құрылған. Оған өрт сөндірушілер, дәрігерлер және құтқарушылар кіреді, бұл зардап шеккендерге жедел кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, министр өрт сөндіру бөлімшелерін салу тәсіліне өзгеріс енгізілгенін мәлімдеді. Тамыз айынан бастап Астанада 3,5 айдың ішінде тез құрастырылатын құрылымдардан тұрғызылған өрт сөндіру бөлімі іске қосылды.

Әріновтің айтуынша, осы тәсіл еліміздің барлық өңірлерінде қолданылады. Жалпы, Қазақстанға 121 өрт сөндіру депосы қажет екендігі де айтылды.


Рекомендовать
Последние новости