Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова медицина саласында білім алып жатқан студенттерге қатысты маңызды мәселені көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұдан былай "Қоғамдық денсаулық сақтау" және "медициналық-профилактикалық іс" факультеттерін аяқтаған түлектер медициналық жоғары оқу орнын бітіргеніне қарамастан дәрігер саналмайды.
Депутаттың айтуынша, бұл жағдай әділетсіздікке жол ашады. Яғни, қызметкерлердің біліктілігі мен жоғары білімі бар екеніне қарамастан, бірдей жұмыс істей тұра түлектер әріптестерінен аз жалақы алады.
"Олардың басым бөлігі бір кездері медициналық жоғары оқу орындарының жанындағы дипломнан кейінгі білім беру базаларында зертханалық диагностика бойынша бастапқы кәсіптік қайта даярлаудан өтті. Ондаған жыл бойы дәрігер-зертханашылар болып жұмыс істеді, мол тәжірибесі бар. Бірақ осы бұйрықтан кейін зертханашы дәрігердің ставкасынан техникалық персоналдың жалақысымен бірдей зертхана маманының ставкасына ауыстырылды.
Олардың жұмысы инфекциялық және жұқпалы биологиялық материалмен, улы химикаттармен және жабдықтың зиянды сәулеленуімен байланысты. Бұл мамандардың тәжірибесі мен әсіресе пандемия кезіндегі медицинаға қосқан үлесін ескере отырып, олардың осындай түсініксіз жағдайда қалғаны әділетсіз деп санаймыз", – деді депутат.
Оның сөзінше, берілген уәде мен орындалған істің арасында алшақтық бар.
"Медициналық-биологиялық іс", "Биотехнология" факультеттерін бітірген педагогикалық университеттердің түлектері бар, олар бұйрыққа сәйкес медицина қызметкеріне де, биология мұғаліміне де жатпайтын болып қалды", – деп атап өтті Гүлдара Нұрымова.
Осы тұста депутат мынадай өзгерістер енгізуді ұсынды:
"Қоғамдық денсаулық сақтау", "Медициналық-профилактикалық іс" факультеттерінің түлектері мен клиникалық зертханалық диагностика саласында медициналыққа жатпайтын білімі бар зертхана мамандары үшін біліктілік талаптары мен стандарттарын әзірлеу және бекіту;
осы лауазымда 2020 жылдың желтоқсанына дейін жұмыс істеген зертхана мамандарының "дәрігер-зертханашы" лауазымын қалпына келтірілсін.