Қазақстан шахматшылары Лондонда екі алтын мен командалық күміс жеңіп алды

Ақтоты Жапатова 16 июн. 2025 11:35

Қазақстан шахматшылары Лондонда өткен блицтен командалық әлем чемпионатында тамаша шеберлік көрсетіп, командалық күміс (KazChess командасы) және алты жеке жүлде, соның ішінде екі алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Тамаша ойынымен және қайтпас жігерімен ерекше көзге түскен KazChess командасы финалға шықты.

«Лондонда өткен блицтен командалық әлем чемпионатында тамаша ойын көрсетіп, күміс медаль жеңіп алған Kazchess командасын құттықтаймыз! Біз шынымен де мықты және ынтымағы жарасқан ұжым құрдық – жас шахматшыларымыз бен тәжірибелі ойыншыларымыз бүкіл турнирді абыроймен өткізіп, соңына дейін күресті. Бұл турнир біздің әлемнің ең мықты командаларымен тең дәрежеде бәсекеге түсіп жатқанымызды тағы да дәлелдеді. Ойыншыларымыздың жасы мен амбициясын ескере отырып, алдағы уақытта талай рет үлкен жеңіске жетеміз деп сеніммен айтуға болады», – деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.

KazChess атынан қатысқандар:

  • Александр Грищук (2683, FID)
  • Рихард Раппорт (2631, Венгрия)
  • Андрей Есипенко (2646, FID)
  • Дәрмен Сәдуақасов (2575)
  • Алдияр Аңсат (2488)
  • Меруерт Камалиденова (2255)
  • Елназ Қалиахмет (2189)
  • Ислам Айтен (1929, әуесқой шахматшы)
    Капитан — Гүлмира Дәулетова.

«Біз өте бақыттымыз. Қазақстан шахматы үшін бұл үлкен жетістік», – деді Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті және команданың мүшесі Дәрмен Сәдуақасов.

KazChess командасы D тобындағы ойында екінші орынға шықты, содан кейін 1/8 финалда Rookies командасын жеңді, ширек финалда Freedom ұжымын басып озды және жартылай финалда Uzbekistan командасынан басым түсті. Финалда KazChess ойыншылары WR Chess Team ұжымымен кездесті, ол чемпион атағына лайық екенін дәлелдеп, 75 000 еуро алды. Вице-чемпиондарға – 50 000 еуро, күміс жүлдегерлерге – 30 000 еуро, 4-ші орын алғандарға – 20 000 еуро, 5-ші орынға табан тіреген командаға 15 000 еуро табыс етілді.

Қазақстанның алты өкілі жеке есепте ерекшеленіп, турнирлік перфоманс бойынша анықталатын тоғыз тақтаның әрқайсысында үздік ойыншылар үштігіне енді. Ерғали Сүлеймен (Rookies, 7-ші тақта) мен Алдияр Сайлаубай (Ashdod Elit Chess Club, 9-шы тақта) алтын медаль жеңіп алды. Алдияр Аңсат (KazChess, 6-шы тақта), Ксения Балабаева (Barys.kz, 7-ші тақта) және Дәрмен Дәурен (Rookies, 9-шы тақта) күміс жүлдені қанжығасына байлады. Даниял Сәпенов (Rookies, 2-ші тақта) қола медальге ие болды.

Рапид пен блицтен 2025 жылғы командалық әлем чемпионаты – тарихтағы үшінші іс-шара. Біріншісі 2023 жылы Дюссельдорф қаласында өтті, екіншісін 2024 жылы Астана қабылдады. Ал биыл 11-15 маусым аралығында Лондонда 52 команда жиналды. Бір күн бұрын рапидтен жарыс аяқталды: Team MGD1 алтын, Hexamind Chess Team күміс, Freedom командасы қола медаль алды. Блицте (3 минут + әр жүріс үшін 2 секунд) командалар алты тақтада: төрт негізгі, бір әйелдер тақтасында, рейтингі 2000-нан төмен әуесқой ойыншыға арналған бір тақтада бақ сынасты.


Рекомендовать
Последние новости