Қазақстан қорғаныс саясатын қайта қарауда: Сәтпаев бұл өзгерістің себебін түсіндірді

Қаракөз Амантай 12 июн. 2025 17:48

Кейінгі уақытта Қазақстан қорғаныс әлеуетін күшейтуге ерекше ден қойып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен қорғаныс министрі ауысты, Лондонда Ұлыбританиямен әскери ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, Түркиядан әскери өнім сатып алу да жанданды. Мұндай белсенділікке ҰҚШҰ-дағы әріптестер, әсіресе Мәскеу қалай қарайды? Қазақстан кімнен қауіп күтеді? Осы сұрақтарға саясаттанушы, саясат ғылымдарының кандидаты Досым Сәтпаев Minval басылымына берген сұхбатында жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҰҚШҰ-ның әлсіздігі мен Қазақстанның мүддесі

Сәтпаевтың айтуынша, Қазақстан — өз алдына дербес, әскери бағыт-бағдары бар егемен ел. Сондықтан ел қауіпсіздігі ең алдымен ұлттық мүддеге негізделуі тиіс.

“Қазақстан – ҰҚШҰ-ның мүшесі, бірақ бұл ұйымның тиімсіз екені анық байқалды. Соның салдарынан басқа мүше елдер де онымен белсенді жұмыс істеуді доғарды. Украинадағы соғыс Ресейдің әскери тактикасы мен стратегиясының, қару-жарағының әлсіздігін көрсетті. Бүгінде Ресей Ираннан дрон, Солтүстік Кореядан әскер сұрауға мәжбүр. Сондықтан Ресейдің әскери серіктес ретіндегі беделі төмендеп кетті”, – деді ол.

Аймақ елдері қару-жарақты әртараптандыруда

Сарапшының айтуынша, Украинадағы соғыстан кейін Орталық Азия елдері де қорғаныс өнімін әр елден сатып алуға кірісті. Тіпті Ресейге жақын Қырғызстан да Түркиядан “Байрактар” алған.

“Өзбекстан Қытайдан қару алуға ұмтылып жатыр, тіпті бесінші буын қытай жойғыштарын сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқан болуы мүмкін”, – деді саясаттанушы.

Қазақстан да осы үрдістен шет қалған жоқ – АҚШ, Еуропа, Түркиядан әскери жабдық алу жолдарын қарастыруда.

Кеңестік әскери мектептің ізі

Дегенмен Сәтпаевтың айтуынша, әскери стратегия мен офицерлердің дайындығында бұрынғы Кеңес Одағының тәсілі сақталып отыр. Мәселен, жаңа қорғаныс министрінің өзі Ресейде білім алған.

“Егер біз әскери реформалар туралы айтсақ, онда қазақстандық әскерге жаңа буын мамандар қажет – олар қазіргі заман талаптарына сай, тиімді әскери құрылым құра алуы тиіс. Әзірге ондай жаңа әскери ойлау жүйесін байқамадым”, – дейді ол.

Сарапшының пікірінше, заманауи қаруды сатып алу оңай, бірақ оны тиімді қолдана білу әлдеқайда маңызды. Қару-жарақ әртүрлі елден алынған жағдайда олардың үйлесімді жұмыс істеуі де – үлкен мәселе.

Әлемдегі тұрақсыздық және Қазақстанның ұстанымы

Сәтпаев әлемдік геосаяси жағдайдың күрделі екенін айта келе, қазір көп ел өз қауіпсіздігін өздері қамтамасыз етуге көшкенін мысалға келтіреді. Бұрын АҚШ-тың қорғаныс “қолшатыры” астында болған Еуропа елдері де қорғаныс бюджеттерін арттырып, әскери өндірісті дамытып жатыр.

“Көптеген мемлекет бүгінгі жағдайдың соғыс қаупін күшейтіп отырғанын түсінді. Қазақстан да бұл шындықты мойындап отыр”, – дейді ол.

Қазақстан үшін нақты қауіп қай жақтан?

Саясаттанушының пікірінше, Қазақстан мен Орталық Азия үшін әскери қауіп төндіретін бірден-бір көрші – Ресей.

“Қытайдан немесе басқа Орталық Азия елдерінен соғыс қаупі жоқ. Бірақ Ресей — көрші елдердің ішінде нақты соғыс бастаған жалғыз мемлекет. Қазір РФ үшін Қазақстан мен аймақ елдері экономикалық серіктес ретінде маңызды. Дегенмен бәрібір сақ болу қажет”, – деді ол.

Ресейдің реакциясы және ақпараттық қысым

Сәтпаев Ресейдің Қазақстанның әскери әріптестікті кеңейту әрекетіне бейжай қарамайтынын да атап өтті.

“Мәскеу мұндай қадамдарға наразы болады. Түркия — Ресейдің серіктесі, бірақ Ұлыбритания мен өзге де Батыс елдері — Ресей үшін жау мемлекеттер. Егер Қазақстан солармен әскери байланыс орнатса, онда Мәскеу қысым көрсете бастайды. Бұл ақпараттық шабуыл, саяси қысым түрінде болуы мүмкін”, – дейді ол.

Сарапшы соңғы 1–1,5 жылда ресейлік насихаттық машинаның белсенді түрде Қазақстанға бағытталғанын, елдегі кез келген ішкі процеске “Ресей мүддесіне қауіп төндіреді” деген көзқараспен қарайтынын атап өтті.

“Украинадағы соғыстан кейін Ресей Қытай бағытына бет бұрды. Алайда Қазақстанның геостратегиялық маңызы әлі де зор. Сол себепті Ресей өз ықпалын сақтап қалуға тырысады. Сондықтан Астананың әрбір әрекетін “үлкейткіш әйнекпен” бақылап отыр”, – деп түйіндеді Досым Сәтпаев.


Рекомендовать
Последние новости