"30 миллион теңгеге автокөлік алу әлдеқайда жеңіл". Депутат баспана мәселесін сынға алды

Қаракөз Амантай 11 июн. 2025 12:34

Қазақстандағы тұрғын үй мәселесі – ең өзекті әлеуметтік түйіндердің бірі. Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин мемлекет азаматтарға көлік алуды жеңілдетіп, ал баспана мәселесін екінші кезекке ысырып қойғанын сынға алды. Оның пікірінше, мұндай саясат елдегі әлеуметтік тұрақтылыққа кері әсер етеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Тұрғын үй адамның басты конституциялық құқығы. Бұл Ата Заңда айқын жазылған талап. Алайда іс жүзінде бұл құқықты жүзеге асыру қиынға соғып отыр", – деді депутат Мәжіліс отырысында.

Үй алу неге қиындап кетті?

Сатыбалдиннің айтуынша, елімізде автокөлік сатып алу жүйесі тұрғын үй сатып алудан әлдеқайда жеңіл.

"Мәселен, шамамен отыз миллион теңге тұратын автокөлікті сатып алу әлдеқайда жеңіл. Жылдық мөлшерлеме небәрі 6 пайыз, бастапқы жарна талап етілмейді. Құжат ресімде онлайн әрі жылдам. Ал дәл осы сомаға баспана алғысы келген азамат кемі отыз пайыздық бастапқы жарна төлеуге мәжбүр. 18–20% көлеміндегі жоғарғы пайызбен келісуге тиіс. Құжат жинау процесі ұзақ, нәтижесінде банк ипотека бермей қоюы да мүмкін", - дейді ол.

Депутат ұсынысы

Айтуынша, мемлекеттің тұрғын үй мәселесін екінші кезекке ысырып қоюы – алаңдатарлық жайт. Осыған байланысты ол бірнеше нақты ұсыныс жолдады.

"Біріншіден, халық арасында кең сұранысқа ие “жалдаудан сатып алуға” жүйесін жетілдіру қажет. Қазір бұл бағыттың басты кедергісі – алғашқы жарна. Депутаттың ұсынысы бойынша, пәтер жалдап отырған азаматтың ай сайынғы жалдау ақысының бір бөлігі болашақта сол үйдің алғашқы төлемі ретінде есептелуі тиіс. Мысалы, егер адам ай сайын 200 мың теңге төлесе, соның 50 мың теңгесі алғашқы жарнаға аударылып отырса, үш жыл ішінде ол төлем қабілетін де, жинақтау мүмкіндігін де дәлелдей алады. Бұл – әсіресе жастарға, жалғызбасты аналарға, әлеуметтік осал топтарға үлкен мүмкіндік", - деп қосты ол.

Сонымен қатар депутат тұрғын үй несиесін рәсімдеуді цифрландыру қажет екенін де атап өтті.

"Қазіргі автонесиелеудегідей, тұрғын үйді де жедел әрі онлайн рәсімдеуге жол ашатын “жылдам ипотека” жүйесін енгізу ұсынылады. Бұл мемлекеттік органдар мен банктер арасындағы дерек алмасуды оңтайландырып, құжат жинау процесін жеңілдетер еді", - деді ол.

Депутаттың айтуынша, қаржыландыру тетіктерін кеңейтіп, тек Отбасы банкпен шектелмей, басқа банктерге де тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысуға мүмкіндік беру керек.

"Сонымен қатар ипотекалық несиелеуге Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын (БЖЗҚ) тарту арқылы ұзақмерзімді қаржыландыру механизмін қалыптастырып, пайыздық мөлшерлемені төмендету ұсынылады. Бұл – бәсекелестікті арттырып, халықтың таңдау аясын кеңейтер еді", - деп қосты ол.

Төртіншіден, мемлекеттік қолдаудың әділетті әрі тиімді бағытталуы шарт.

"Тұрғын үй бағдарламалары шын мәнінде баспанасыз жүргендерге арналуы тиіс. Яғни, субсидиялар тек алғашқы рет үй алатындарға беріліп, тұрғын үй саясаты өңірлік даму жоспарларымен тығыз байланыста жүзеге асуы қажет. Бұл – елдегі көші-қон теңгерімін реттеуге де ықпал етеді", - дейді депутат.

Оның сөзінше, ұсынылған бастамалардың басты артықшылығы – олар мемлекеттік бюджетке салмақ салмай-ақ, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттырады. Бұл тек ипотекалық модельмен шектелмей, балама жолдар ұсынуға бағытталған.

"Қорыта айтқанда, баспана – бұл жай ғана төрт қабырға мен төбе емес. Бұл – адамның өміріне тұрақтылық сыйлайтын, отбасының берекесін арттыратын басты тірек. Қазақ үшін үй – азаматтың ар-намысы, болашаққа сенім мен балаларына қалдырар мұра. Сондықтан да тұрғын үй мәселесін тұтынушылық емес, өмір сапасының өзегі ретінде қарастыратын уақыт жетті. Мемлекеттік саясат осыған басымдық беруі тиіс", - деді ол.

Депутат Сайыров баспана мәселесі бойынша қандай ұсыныс айтты? 

Айта кетейік, тұрғын үй мәселесі бұған дейін де Мәжіліс қабырғасында бірнеше рет көтерілген. Депутат Ерлан Сайыров та ауыл тұрғындарына арналған жеңілдетілген ипотека ашуды ұсынған еді. 

Депутат вице-премьер Серік Жұманғаринге сауал жолдады. Саиров Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Отбасы банктің" қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға аударған жөн" деп нақты бағдар бергенін еске салды.

"Бүгінде ауылдық аудандар мен моноқалаларда 8,7 млн адам тұрады, бұл Қазақстан халқының 43 %-ы болады. Ал  тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі қалаларда  26,9 шаршы метр болса, ауылдарда бір адамға шаққанда небәрі  20,7 шаршы метр болып отыр.2025 жылдың басында ауылдарда 9 мыңнан астам адам тұратын 1200 авариялық үй, моноқалаларда 2,3 мың адам тұратын 76 авариялық үй болды", - деді депутат.

2022-2024 жылдары жаңа тұрғын үйдің тек 20 %-ы ауылдық жерлерде пайдалануға берілген.

"Мұндай диспропорция ең алдымен ауыл тұрғындары үшін ипотекалық, Отбасы банкі өнімдерінің қолжетімсіздігімен және халықтың хабардар болу деңгейі төмен болуына байланысты. Отбасы банктің консультациялық орталықтары тек  4 моноқалада және 5 шағын қалада жұмыс істейді, ауылдар мен аудандардың көп бөлігінде мүлдем жұмыс істемейді", - деді ол.

Депутаттың пікірінше, Отбасы банктің қызметін "аудан орталықтарына, моноқалаларға, ауылға бұру" туралы Президенттің тапсырмасы нақты іске асыру тетіктерінсіз қалған.

Ерлан Саиров ауылға бейімделген ипотекалық өнімдерді әзірлеуді ұсынды:

"Ауылдар, моноқалалар және шағын қалалар тұрғындары үшін төмендетілген мөлшерлемесі 5 %-ға дейін және ең төменгі бастапқы жарнасы 10%-дан бастап  жеңілдікті ипотекалық өнімдер жасау қажет. Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттары үшін мөлшерлемелерді субсидиялауды қамтамасыз ету керек", - деді ол.


Рекомендовать
Последние новости