Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Новороссийск маңындағы теңіз терминалының әкімшілік ғимаратына пилотсыз ұшу аппараттары (дрондар) шабуыл жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“2025 жылдың 25 қарашасына қараған түнде Новороссийск теңіз айлағына жасалған дрон соққысының салдарынан КҚК теңіз терминалының әкімшілік корпусы соққы бөлігінің зақымдаушы элементтерінен бүлінді. Оңтүстік Озереевка ауылында КҚК-ның басты басқару орталығы орналасқан. Сол жерден Теңіз – Новороссийск құбыр желісінің Қазақстан мен Ресей аумағындағы бүкіл жұмыс үдерісі бақыланады”, – делінген консорциум таратқан ресми хабарламада.
Абырой болғанда, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
“Қала бойынша “Дрон қаупі” дабылы жарияланған бойда қызметкерлер дереу қауіпсіз орындарға эвакуацияланды. Айлақтағы жүк операциялары уақытша тоқтатылды. Краснодар өлкесінің губернаторы Вениамин Кондратьев түнгі шабуылды соңғы уақыттағы ең ұзақ әрі ең жаппай жасалған шабуылдардың бірі деп сипаттады: жарақат алғандар бар, тұрғын үйлер бүлінген”, – деп толықтырды КҚК.
Консорциум 2025 жылдың 24 қыркүйегінде Новоресейдегі КҚК теңіз терминалының қалалық кеңсесі де дрон соққысына ұшырағанын еске салды.
“2025 жылдың 17 ақпанында Каспий Құбыр Консорциумының ең ірі нысандарының бірі – “Кропоткин” мұнай айдау станциясына бірден жеті дронмен шабуыл жасалды. Шабуыл уақыттық аралықпен жасалып, нысанның жұмысын бұзуды ғана емес, станцияда кезекшілік етіп жүрген қызметкерлер арасында адам шығынына әкелуді мақсат еткен. Қалпына келтіру жұмыстарының кешенінен кейін “Кропоткин” станциясы 2025 жылдың мамыр айында қайта іске қосылды”, – делінген хабарламада.
