Қазақстан мен Американы не байланыстырады?

Dalanews 06 нояб. 2018 10:46 1400

АҚШ-тың Сауда министрі Уилбур Росспен кездескен Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Америка арасындағы қарым-қатынасқа сызат түспегенін, керісінше жаңа экономикалық байланыстарға жол ашылып жатқанын айтты.

Мемлекет басшының бұлай деуі бекер емес. 1992 жылы Алматыда Америка елшілігі ашылды. Содан бері екі ел арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс үзілген жоқ. Жыл басында Назарбаев Ақ үйге арнайы барып Трамппен жүздесіп келді.

Бұл орайда екі ел арасындағы елеулі, айтулы деген оқиғаларға көз жүгіртіп өткенді жөн көрдік.

 

1993 жыл

Еліміз егемендік алғаннан кейін қабылданған алғашқы құжаттың бірі – «Шетелдік инвестициялар туралы» заң-тұғын.

1991 жылы қабылданды бұл заң. Ауадай қажет еді бізге. Қазақстан алғаш рет Мәскеуге жалтақтамай Американың «Шеврон» корпорациясымен Атырау облысындағы Теңіз кен орнында біріккен кәсіпорын құру туралы келіссөз жүргізе бастады сол тұста.

Картинки по запросу назарбаев 1993 шеврон

Тек Теңіз емес, басқа да кен орындары инвестицияға сусап тұрған сол жылдары. Қарашығанақ, Өзен, Жаңажолдың «жүрегі» тоқтап қалудың аз алдында тұрды.

Сол кезгі жағдайды сипаттаған Назарбаевтың кітабы да қолымызда. Сол тұстағы Қазақстан экономикасына Елбасы: «есі кіресілі-шығасы күйде» деген баға беріпті.

Экономиканың тамырына қан жүгірту үшін инвестиция керек еді біздің елге.

Елдің инвестор назарын аударатын бір байлығы – мұнай. Мемлекеттің осы салаға басымдық бергені де содан.

1993 жыл – еліміздің мұнай-газ нарығына өзгеріс алып келді.

 Осы жылдың 6 сәуірінде Алматыдағы "Достық" үйінде президент Назарбаев пен «Шеврон» корпорациясының жетекшісі Кеннет Дерр алдағы 40 жылда қойын-қолтықтасып игеретін «Теңізшевройл» кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қойды.


Айтпақшы, Теңізге теріскейдегі көршіміз қызыққан. Назарбаевтың ол естелігін де таптық.

«Мәскеуде Ельцин маған: «Теңізді бізге беріңдер» деді. Қараймын, қалжыңдап тұрған жоқ. «Ендеше Ресей бізге Орынбор облысын қайтарсын. Орынбор Қазақстанның астанасы болды емес пе?» дедім. «Сіз Ресейдің аумағына қатысты арыз-шағымыңыз бар ма?» деді ол. «Жоға» дедім мен. Ельцин күліп жіберді, мен де күлдім…».

25 жыл бұрын мұнай-газ саласының үлесі күллі Қазақстандағы өндірістің 2,5 пайызын ғана құраған екен. Соңғы 25 жылда мұнай өндіру көлемі 3 есеге өскен.

 1991 жылы Қазақстан 25 млн. тонна мұнай өндірсе, 2014-2015 жылдары өндірілген «қара алтынның» көлемі 80 млн. тоннаға жеткен.


Қазақстан мен Американың арасындағы байланыстарды сөз еткенде Шевронды айналып өте алмайсыз. Еліміздегі мұнай өндірісінің дамуына америкалық алпауыт компания өлшеусіз үлес қосты.



 

1994 жыл

Назарбаев АҚШ-қа барды. Дәл осы сапарда екі ел арасында демократиялық әріптестік туралы хартияға қол қойылды. Демократияны ту еткен елдің қағидалары мен құндылықтары Қазақстанда да қолдау тарап, ел арасына етене кіріге бастаған кез осы тұс.

Сол жылдың көктемінде Қазақстан «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» атты АҚШ бастамашы болған НАТО-ның әскери әріптестік бағдарламасына қосылды. Осы арқылы біздің ел НАТО-мен арадағы байланысқа жол ашты әрі БҰҰ-нің гуманитарлық-бітімгерлік операцияларына атсалысуға мүмкіндік алды.

Сол жылдың соңына таман Ядролық қаруды тараптау туралы меморандумға қол қойды біздің ел. АҚШ Қазақстанның бұл әрекетін «бейбітшілікке жасалған қадам» деп бағалады.

 

1997 жыл

Назарбаев алыс құрлыққа үшінші рет сапар шекті. Бұл жолғы сапарда Каспий маңындағы мұнай-газ кеніштерін пайдалану, АҚШ пен Қазақстанның арасындағы экономикалық әріптестікті арттыру бағдарламасына қол қойылды.

Картинки по запросу назарбаев 1994

Билл Клинтонның «Қазақстанды Орта Азиядағы сенімді серіктес» деп атаған кезі осы тұс.

Бұдан бөлек ілгерідегі демократиялық әріптестік туралы құжатқа қосымша ретінде бұл жолы Экономикалық әріптестік туралы хартияға және қол қойылды. 

Клинтон өз кезегінде біздің елді «АҚШ-тың сауда және инвестициялық саясатындағы маңызды әріптесі» деп атады.

 

1999 жыл

1999 жыл – Назарбаев кезекті рет Вашингтонға барды. Бұл жолы Қазақстан үкіметі мен АҚШ үкіметі арасында консулдық мәселелер бойынша ортақ шешімге келу туралы меморандумға қол қойылды.



Бұдан бөлек Ақ үйде Назарбаевқа Халықаралық сайлау жүйесі қоры тағайындаған «Демократияны дәріптеудегі ерен еңбегі үшін» дипломы табыс етілді.

        
 2003 жыл

  Бұдан бұрын НАТО-ның әскери әріптестік бағдарламасының мүшелігіне енген Қазақстан Иракқа 27 әскери инженерін аттандырды. Жалпы 2003-2008 жылдардың аралығында 300-ге жуық қазақстандық жауынгер Иракта болып қайтты.



Еліміздің Қорғаныс министрлігінің дерегінше, осы аралықта біздің әскерилер 4 млн-ға тарта минаның көзін жойған, 3000-ға жуық жергілікті тұрғынға медициналық көмек көрсеткен.

 

 2006 жылы

 Назарбаев кезекті рет Вашиногтанға ұшып,  кіші-Джордж Бушпен жүздесті. Кездесуде екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту, оның ішінде энергетика, әскери әріптестік, сауда және инвестиция, демократияландыру бағытындағы байланыстарды жақсарту мәселесі сөз болды.

Кездесуде Назарбаев біздің елдің жаһандық лаңкестікке қарсы күреске белсенді үлес қосуға әзір екендігін, әрі осы мақсатта БҰҰ-ның бітімгерлік операциялары мен НАТО-ның «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасына атсалысуға сай отырғанын айтты.

 

2010 жыл

Дәл осы жылы Қазақстан мен НАТО арасындағы әскери әріптестіктің екінші кезеңіне қол қойылды. Альянс мүшелері Қазақстанның аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі ерекше екенін айтып, Қазақстанның бұл бағыттағы атқарған ісіне оң бағасын берді.

Яролық қауіпсіздік бойынша өткен жаһандық саммиттің қарсаңында АҚШ президенті Барак Обамамен жүздескен Нұрсұлтан Назарбаев осы тараптағы өзекті мәселелерді ортаға салды.

Обама Қазақстан Президентіне ядролық қарусыздану мәселесінде қажырлық танытқаны үшін , оның ішінде Ақтаудағы BN — 350 ядролық реакторын санаттан шығарғаны үшін алғыс айтты. Назарбаевтың Қазақстан аумағында Халықаралық ядролық отын банкін құру туралы ұсынысына қолдау білдірді.

 

2012 жыл

Қазақстанның Қорғаныс министрлігі мен НАТО арасындағы әскери әріптестіктің үшінші кезеңіне қол қойылды.

 

2015 жыл

Дәл осы жылы Назарбаев Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ның 70-ші сессиясында АҚШ президенті Барак Обамамен кездесті.

Осы жылдың күзінде Орта Азия мен АҚШ-тың арасындағы әріптестіктің жаңа форматы әзірленді.



С5+1 (5 мемлекет және АҚШ) атты форматтың жасалғанын сол кезгі мемдепартаменттің баспасөз хатшысы Джон Кирби мәлімдеген болатын.

– Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанмен арада жаңа форматтағы әріптестік орнататын кез келді, – деді Кирби.

Кейін 5 мемлекеттің сыртқы істер министрлері мен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джон Керри Самарқандта жүздесті. Кездесу нәтижесінде С5+1 форматы аясындағы жаңа декларацияға қол қойылды.


«АҚШ Орта Азия елдерімен арада біріккен бизнес жобаларды бастағысы келеді. Аймақтағы ахуал қалыпты болса, сіздерге шетелдік инвестор да көптеп келері анық. Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпкерліктің өркендеуіне мүмкіндік береді. Бұдан былай сауда, транспорт және коммуникация, энергетикалық байланыстар мен транзиттік тасымалдар бағытындағы байланыстар жаңа қарқынмен дамитын болады», – деді Керри сол жолы.

 

2018 жыл

Назарбаев Трамппен кездесу үшін Вашингтонға барды. Екі ел басшысы алғаш рет 2017 жылы «АҚШ және Ислам әлемі» саммитінде жүздескен.



Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Дональд Трамппен Ақ үйдегі кездесуі кезінде бірқатар халықаралық маңызы бар мәселелерді талқылады.

«Мен Қазақстанның атынан ғана емес, бұрынғы Кеңес республикасы және Орталық Азияның атынан да сөйлеп тұрмын. АҚШ-тың 5+1 форматта болуы өте маңызды. Қазақстан АҚШ елінің терроризмге қарсы күресін және Ауғанстандағы жұмысын белсенді түрде қолдайды», – деді Елбасы.


Қазақстанның ядролы бомбадан бас тартқанын атап өтті.

«Ядролы елдерді бізден үлгі алуға шақыруға моралді құқымыз бар. Біз Иранмен сөйлескендей, Солтүстік Кореямен де сөйлесіп жатырмыз. Солтүстік Кореяның мәселесін АҚШ пен Қытай, Ресей елдерімен бірігіп шешуге болады», - деді Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы АҚШ еліне Қазақстанның визасыз режим бергенін атап өтті.

«Қазақстан бізде жиі болатын америкалық азаматтарға визасыз режім жариялады. Біз сіздерден де жауапты реакция болады деп үміттенеміз. Біздің елдер арасында алғаш рет әуеаралық хабарлардың алмасуы ашылуда», – деді
Назарбаев.

Тақырыпқа тұздық: 




Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапар барысында  жалпы құны 7 миллиард АҚШ доллары болатын 27 коммерциялық құжатқа қол қойылған. Екі ел арасындағы сауда көлемі 2 миллиард АҚШ долларының төңірегінде. Биыл бұл көрсеткіш 30 пайызға өскен. 



 

 

Рекомендовать
Последние новости