Қазақстан ЖИ-ға неге дайын емес: Мәдиев баяндамасы

Самал Асқар 10 февр. 2026 11:30

Қазақстан Үкіметі цифрландыру мен жасанды интеллектіні ұлттық басымдық ретінде жариялағанымен, нақты сектордың дайындық деңгейі бұл мақсаттарға сәйкес келмей отыр, деп хабарлайды Dala News.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев елдегі цифрлық ахуалға қатысты бірқатар жүйелі проблемаларды ашық айтты. Министрдің мәліметінше, мемлекеттік органдар мен салалардағы деректердің орташа цифрлану деңгейі бар болғаны 57% құрайды. Ал жасанды интеллектіні толыққанды енгізу үшін бұл көрсеткіш кемінде 90% болуы қажет.

Бұл алшақтық жасанды интеллектіні өнеркәсіпте, энергетикада, көлікте және ауыл шаруашылығында қолдануды айтарлықтай тежеп отыр. Министрдің айтуынша, көптеген өндіріс орындары мен салаларда деректер мүлде цифрланбаған немесе сапасы төмен. Соның салдарынан жасанды интеллект шешім қабылдаудың құралына емес, тек пилоттық жоба деңгейінде қалып отыр.

Мәселенің тағы бір түйіні мемлекеттік ақпараттық жүйелердің бытыраңқылығы болып отыр. Өткен жылы жүргізілген толық түгендеу нәтижесінде ескірген және бірін бірі қайталайтын жүйелердің көп екені анықталған. Кейбір министрліктерде ондаған ақпараттық жүйе қатар жұмыс істеген. Бұл басқару сапасын арттырудың орнына, керісінше шығынды көбейтіп, деректердің бір орталыққа жиналуына кедергі келтірген. Қазір бұл жүйелерді бір платформаға көшіру басталғанымен, процесс баяу жүріп жатыр.

Цифрлық инфрақұрылым мәселесі де түбегейлі шешілген жоқ. Үкімет оптикалық байланыс, интернет пен спутниктік технологияларды дамытып жатқанын айтқанымен, шалғай аймақтарда байланыс сапасы әлі де төмен. Бұл өз кезегінде цифрлық теңсіздікті күшейтіп, азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін шектейді.

Киберқауіпсіздік те алаңдаушылық тудырып отыр. Мемлекеттік жүйелерге қойылатын талаптар заңмен бекітілгенімен, оларды сақтамағаны үшін жауапкершілік әлсіз. Министр бұл бағытта бақылауды күшейту қажеттігін мойындады. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің толық резервтелмеуі төтенше жағдайларда деректердің жоғалу қаупін арттырады.

Үкімет цифрландыруды жеделдету үшін жаңа тәсіл ұсынуда. Мемлекеттік қолдау мен субсидиялар цифрландыру міндеттемелерімен тікелей байланыстырылады. Яғни өндіріс пен бизнес деректерін цифрландырмаса, мемлекеттік қолдауға ие бола алмайды. Бұл қадам мәселені шешудің құралы ретінде ұсынылғанымен, оған бизнес қауымдастықтың дайын екені әзірге белгісіз.

Министр баяндамасы Қазақстанның цифрлық амбициясы жоғары болғанымен, нақты дайындық деңгейі оған сай келмейтінін көрсетті. Цифрлық ел құру туралы ұрандар айтылғанымен, деректердің сапасы, инфрақұрылымның әлсіздігі және жүйелік басқарудың жетіспеуі бұл мақсатқа жетуге басты кедергі болып отыр.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove