Жуырда Халықаралық валюта қоры Қазақстан миссиясының қорытындысы бойынша есеп жариялады. Қор сарапшылары былтыр қараша айында елге келіп, экономиканың қазіргі ахуалын бағалап, негізгі үрдістерге талдау жасаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
QZ Economy.Талдау телеграм арнасы халықаралық ұйымның қорытындысын жариялады. Ондағы мәліметке сүйенсек, Қазақстан экономикасы оң серпін алып, орнықты даму жолына бет алған.
Экономикалық өсімнің негізгі драйверлері
ХВҚ дерегінше, 2025 жылы Қазақстан экономикасы жоғары қарқынмен өскен. Бұл өсім ішкі сұраныстың артуы, мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы, мұнайдан тыс салалардағы іскерлік белсенділік пен ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асуы есебінен қамтамасыз етілген. Бұған қоса, ынталандырушы фискалдық саясат пен мемлекеттік кәсіпорындардың инвестициялары да маңызды рөл атқарған.
Экономиканы құрылымдық тұрғыда жаңғырту, шикізат экспортына тәуелділікті азайтып, өңдеу саласына, логистика мен инфрақұрылымға басымдық беру нақты нәтиже бере бастаған. Соның айғағы - 2025 жылғы 6,5 пайыздық экономикалық өсім.
Қай салалар алға шықты?
• өңдеу өнеркәсібі – 6,4%
• көлік саласы – 20,4%
• құрылыс – 15,9%
• сауда – 8,9%
• ауыл шаруашылығы – 5,9%
Бұл көрсеткіштер экономиканың нақты секторы дамып жатқанын және оның құрылымының күрделене түскенін аңғартады. Мұндай экономика сыртқы күйзелістерге әлдеқайда төзімді келеді.
Қаржылай тұрақтылық пен резервтер
ХВҚ Қазақстанның фискалдық және сыртқы резервтерін жеткілікті деңгейде деп бағалайды. Сонымен қатар банк секторының тұрақтылығы да атап өтілген. Қазіргі таңда алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 125 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл елдің қаржылық қауіпсіздігін күшейтіп, жаһандық дағдарыстар жағдайында «қорғаныш жастық» қызметін атқарады.
Инфляциямен күрес: дұрыс бағыт
Қор сарапшылары инфляцияны төмендетуге бағытталған саясатты да оң бағалап отыр. Базалық мөлшерлемені арттыру, артық өтімділікті шектеу, Үкімет, Ұлттық банк және қаржы нарығын реттеу органдарының бірлескен іс-қимылы инфляцияны мақсатты деңгейге 10 пайыздан төмен көрсеткішке жақындатуға мүмкіндік береді.
Бұл күрделі әрі ұзақ процесс болғанымен, оның қажеттілігі күмән тудырмайды. Әсіресе, азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарларын өндіретін жаңа кәсіпорындарды қолдау инфляциялық қысымды азайтудың маңызды тетігі саналады.
Ұсыныстар мен тәуекелдер
Сонымен қатар ХВҚ экономиканы әртараптандыру үшін құрылымдық реформаларды жеделдету қажеттігін атап өтеді. Атап айтқанда, мемлекет үлесін қысқарту, жеке сектор мен қаржы нарығын дамыту, іскерлік климат пен корпоративтік басқару сапасын жақсарту ұсынылады.
Әрине, тәуекелдер де жоқ емес: негізгі сауда серіктестеріндегі өсімнің баяулауы, геосаяси белгісіздік, мұнай бағасының құбылуы. Соған қарамастан, халықаралық сарапшылар 2025 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 6,2 пайызға дейін жеделдеуі мүмкін деп болжайды.
Түйін
Бұл бағалаулар Қазақстан үшін жаңалық емес. Реформалар жүргізіліп жатыр, инфляциямен күрес ашық әрі жүйелі түрде іске асуда, тәуекелдер де жасырылмай айтылады. Ең бастысы - ел экономикасындағы оң өзгерістерді тек ішкі аудитория ғана емес, тәуелсіз халықаралық сарапшылар да мойындап отыр.
