Интернетті жиі өшіріп, шығынға бататын елдердің көшін іргеміздегі көршіміз Ресей бастап тұр.
Орыстар 2022 жылы интерентті өшіріп 21,59 млрд долларын жоғалтқаны мәлім болды. Ресей Украмнаға соғыс ашқан күннен бері интернетті өшіріп, ақпаратты бақылауға алуда.
Ал екінші орында диктаторлық режим салтанат құрған Иран тұрақтапты. Ресми Тегеран интернетті жиі өшіріп, 773 млн доллар шығын шеккен.
Ал үшінші орынға жайғасқан Қазақстан интернетті өшірудің салдарынан 410,3 млн доллардың басына су құйғаны мәлім болды.
Былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде билік елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғаламторды өшіруге мәжбүр болғаны белгілі.
Қазақстанда интернетті өшіру кезінде 16 миллионнан астам 144 сағат бойы интернетке қол жеткізе алмай қиналған.
Еліміз 2019 жылы интернетті өшіріп, 2,6 млн доллар шығын шеккен еді. Ол кезде Қазақстан интернет өшіргіш елдердің арасында 18-ші орынға табан тірген-ді.
Назарбаев режимі мемлекетті тығырыққа тіреп, елімізде саяси ахуал күрделенгелі бері Қазақстан интернетті жиі өшіретін елдердің қатарына қосылған болатын.
Енді биылдан бастап бұл тізімге енбейміз деген үмітіміз бар.
Айтпақшы, интернетті өшіретін елдердің арасында 2022 жылы Өзбекстан бесінші орынға жайғасып, 219 млн долларынан айырылыпты. Былтыр Өзбекстанда қарақалпақтар көтерілгенде өзбек ағайындар біз секілді амалсыз интернетті өшірген-ді.
Бұдан басқа Орталық Азия елдері арасында интернетті өшіретін елдердің қатарында Түркіменстан (10 орын, 29 млн доллар жоғалтқан) мен Тәжікстанда (19 орын, 2,1 млн доллар жоғалтқан) төбе көрсетті.