Қазақ зиялыларын балалары неге сыйламайды?

Dalanews 27 июл. 2017 01:45 1302

Сөз жоқ, ұлттың негізін зиялы қауым құрайды. Зиялының сыйы кеткенде, елдіктің сыйқы кететіні сөзсіз. Осы бір қағидаға таяуда қарапайым оқиға арқылы көзім жете түсті. Соны сіздерге айтып берейін, кейбіреулердің көкейінде жүрген оймен үндестік табар. Кім білсін?..

Жақында өзім сыйлайтын жазушы, қазақтың қабырғалы қаламгері (аты-жөнін айтсам, ол кісіні осылай деп атағанымды барлықтарыңыз қосылатындарыңызға сенімдімін) саналатын бір ағамызды қала сыртындағы үйіне жеткізіп салдым.

Қазақ әдебеиетіне, қазақ тіліне, қала берді Тәуелсіздігімізге бір кісідей еңбек сіңірген аптал азаматтың шілденің шіліңгір ыстығында такси ұстап, әбігерге түскенін қаламадым. Ұлт мүддесі жолында жан аямай еңбектенген абзал ағамызға аздап болса да пайдам тиіп жатса, несі айып?

Жол бойы ағамыз қазақ тілінің тағдыры, қазіргі алмағайып заманда мемлекеттігімізді сақтап қалудың маңыздылығы жайындағы ойларымен бөлісті.

Арасында сұрақ қойып, көбінде тыңдаумен болдым. Мұндай кісінің... ақтарыла айтқан әңгімесі маған майдай жаққанын жасырып қайтейін.

Осылайша ағамыздың әсерлі әңгімесін тыңдап, қала сыртындағы үйге қалай жеткенімізді білмей де қалдық.

Жол бойы «оңға, солға» деп ағамыз жол көрсетіп, екі қабатты котедждің (ағамыздың беделіне сайы үйі де жақсы екен) алдына маңдай тіре тоқтадық.

Ағамыз маған рахметін жаудырып көліктен түсіп жатқанда жанымызға есік пен төрдей қара джип екпіндеп келіп тоқтап, қап-қара әйнек төмен түсіп, ар жағынан қаланың тікбақай әдепкі көп қыздарының сұлбасы көрінді.

Бұл ағамыздың қызы-тұғын. Ол көліктен түспестен әкесіне, яғни, зиялы ағамызға орыс тілінде дәу темір қақпаны ашып жіберуге «өтініш» жасағанын естідім. Ағамыз ауыр денесіне қарамай жас балаша қалбалақтап, темір қақпаны ашып, айғырдай қара джип мінгін қызын үйіне кіргізіп, артынша қақпасын жапқанын өз көзіммен көрдім.
Әкесі джиппен келген сүйікті қызын қақпаны ашып, үйіне кірзізіп алғанда не тұр деп ойлауыңыз мүмкін. Иә, көпшілігіміз үшін  бұл оғаш қылық болып көрінбеуі мүмкін. Ал көз алдыңызға басқалай елестетіп көріңізші, бесіктен белі шықпаған, бозөкпе қызға қазақ тілінің қамқоршысы, мемлекетіміздің қорғаны, әдебиетіміздің ақсақалы еңпеңдеп есік ашып жатса, бұл оғаш қылық болып көрінбей ме? Сөз жоқ, мұның оғаш қылық екенін бірден аңғарасыз.

Бұл – қазақ зиялыларының бала тәрбиесінде жіберген басты кемшілігі. Иә, бәріміз өзегіміздің жарып шыққан баламызды жақсы көреміз. Бірақ жақсы көрудің шегі болуы керек қой.

Бала әке-шешені құрметтеуі тиіс. Біздің елдегі зиялы да, қарапайым халық та осы бір қағиданы айырылып қалғаны жасырын емес. Қазіргі таңда өзін зиялы санайтын азаматтардың іс-әрекеті мен ұстанымына (ол қазақ тіліне қатысты ой-пікірі мен ұлттық мүддеге қатысты ой-пайымы болуы мүмкін) балалары құрметпен қарамайды.
Егер олар ұлт зиялысы дәрежесіне көтерілген ата-анасының іс-әрекетін құрметтесе, балалары әке-шешелері секілді қазақ тілінде сөйлеген болар еді. Өкінішке орай, көптеген зиялы қауым өкілдерінің балалары әкелерінің еңбегіне, іс-әрекетінің мәнін түсінбейді. Әрине, бұған бала емес, біздің зиялы ағаларымыздың өздері кінәлі.

Олар балаларын жақсы көргендіктен қазақ тілін біліп, ұлт мүддесі үшін өздері секілді жүйкесін жұқартқанын қаламайды. Айғырдай джипті өздері мінбесе де балалары мінгенін жөн көреді. Қазақ тілін білмейтін боқмұрын (тіпті қазақ тілін білмегенін ескерсек, олар тәрбиелі, білімді бала болуы мүмкін ғой) балаларының алдында емпеңдеп есік ашуға арланбайды.

Үйдегі баласына өзінің ұстанымын, іс-әрекетін үлгі ете алмаған зиялылар он жерде көңілге қонымды ой айтса да, айтқан сөзінің дуасы болмасы анық.

Сондықтан зиялы да, қарапайым халық та баласын шамадан тыс артық жақсы көру жақсылыққа апармайтынын түсінетін кез жетті. Кез келген бала ата-анадан төмен тұруы керек, Әсіресе зиялы қауым өкілдері, саясаткерлер, кәсіпкерлер балаларының алдында құрақ ұшпауы керек. Біз баламызды жақсы көрген сайын олардың мінез-құлқын бұзып жатқанымызды байқамаймыз. Бар жақсымыз баламызға болсын деп оларды менменшіл, эгоистке айналдырдық.
Қазір қай зиял деген азаматты алып қараңызшы, баласының ойы, пайымы, түсінігі әке-шешесінің ұлттық мұраттармен шендескен ой-пайымымен мүлде сәйкеспейді. Зиялы қауымның көпшілігінің баласы біз «зиялы, ұлтымыздың жоқтаушысы» деп төбемізге көтеретін ата-аналарын заман көшінен қалып қойғандардың санатына жатқызып қойғаны жасырын емес.

Ал олар өздері мініп жүрген қымбат көлік пен тұрып жатқан зәулім үйлер өзінен-өзі қандай еңбекпен келгенін білмейді. Міне, бұл баланы шамадан тыс жақсы көрудің кесірінен туындаған кесапат. Сондықтан жастар алдағы уақытта алдындағы ағаларының қателігін қайталамай, өздерінің арман-мұраты мен ой-паймына балаларының құрметпен қарауына тәрбилеу керек. Сол кезде ұлтты мүддеміз түгенделіп, қазақ тілі тұғырына қонатыны сөзсіз.

Нұрлан Жұмахан  

 

Рекомендовать
Последние новости