Дамыған елдерде бала тәрбиесі – мемлекеттік маңызға ие мәселе. Баланың амандығы мен бақыты – басты құндылық. Сол себепті бала нені көріп, нені тыңдап жүр деген сұраққа үлкен жауапкершілікпен қарау маңызды.
ЮНЕСКО деректері бойынша, бүгінде 3–5 жас аралығындағы балалар аптасына шамамен 28 сағат экран алдында отырады. Бұл – күніне 4 сағат. Бұл көрсеткіш баланың ересектермен тікелей қарым-қатынаста өткізетін уақытынан әлдеқайда көп. Мұндай жағдай баланың денсаулығына ғана емес, психикасы мен дамуына да айтарлықтай әсер етеді.
Көру қабілетінің нашарлауы, қозғалыс белсенділігінің төмендеуі, сөйлеу тілінің кешеуілдеуі, назар тұрақсыздығы, қиял мен шығармашылық ойлаудың төмендеуі – мұның барлығы экранға тәуелділіктің салдары. Балалар теледидар немесе планшет көріп үйренгеннен кейін, өздігінен ойнауға, қиялдауға, оқиға ойлап табуға ынтасыз болады. Олар тек дайын әсерді тұтынуға бейімделіп алады.
Сапалы контент – шешімнің бір жолы
Экран уақытын мүлдем алып тастау – қазіргі заманда мүмкін емес. Сондықтан да мамандар экрандағы контенттің сапасына назар аударуға кеңес береді. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда соңғы жылдары қазақ тіліндегі сапалы балалар контентінің көбеюі – үлкен жетістік.
2021 жылдан бастап «Nickelodeon», «TiJi», «Disney» сынды әлемдік танымал арналардың өнімдері қазақ тіліне аударыла бастады. Ал 2023 жылы бұл қатарға бүлдіршіндерге арналған «Nick Jr» арнасы қосылды.
Бұл бастама – балалардың экран алдындағы уақытын ана тілімізде, мәдени әрі танымдық тұрғыда тиімді өткізуіне жол ашады. Сонымен қатар, бала үйде қазақша тыңдап, көріп, сол тілде ойын жеткізе бастайды. Яғни, бұл тек мультфильм емес, тілдік орта қалыптастырудың құралы.
Алайда экрандағы сапалы контент те ата-ананың орнына тәрбиеші бола алмайды. Экранға тәуелділікті жеңу үшін ата-ананың белсенді араласуы маңызды. Мысалы, мультфильмді бірге көріп, ондағы оқиғаларды талқылау, түсінбеген жерін түсіндіру – баланың ойын дамытуға көмектеседі. Ал көрген фильмнен кейін кейіпкерлердің рөлін ойнап көру, суретін салу – оның шығармашылық қабілетін дамытады.
Көптеген педагогтар мен психологтар баланың дербес ойнау, қиялдау, құрастыру, сурет салу сияқты белсенді әрекеттермен айналысуы – оның толыққанды дамуы үшін маңызды екенін айтады. Яғни, экран – тек қосымша құрал. Негізгі рөл – бала мен ата-ананың арасындағы тірі байланыста.