"Қазақ әдебиеті" газетінде торқалы той

Dalanews 28 февр. 2024 12:44 1669

Биыл "Қазақ әдебиеті" газетінің жарық көре бастағанына – 90 жыл. Атаулы мереке жыл басынан әртүрлі деңгейде аталып өтуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Естеріңізге сала кетейік, "Қазақ әдебиеті" газетінің алғашқы саны осыдан тоқсан жыл бұрын, яғни 1934 жылдың 10 қаңтарында жарық көрген болатын. Басылым әуелде Қазақстан жазушылар одағының органы ретінде жарық көріп тұрады. "Қазақ әдебиеті" газетінің ең алғашқы редакторы – жазушы-драматург Ғабит Мүсірепов болса, жауапты хатшысы – Мұхамеджан Қаратаев еді. Ол кездегі газеттің редакция алқасында кіл мықтылар қызмет етті. Айталық, ақын Сәкен Сейфуллин, жазушы Бейімбет Майлин, ақын Ілияс Жансүгіров, Ілияс Қабылов, Әйтеке Мусиндер болды.

Соғыс жылдары, яғни газет 1940 жылдан бастап 15 жыл шықпай қалады. Кейін 1955 жылы қайтадан өзінің оқырмандарына жол тартады.  Жыл басында әдеби басылымды Мемлекет басшысы құттықтады. Алматыға арнайы келген мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Қазақ әдебиеті" газетінің ардагерлері мен қазіргі қызметкерлерін құттықтап, арнайы марапаттады. Сонымен бірге, министр қатысқан әдеби басылымның жиынында мерзімді басылымның бүгіні мен болашағы туралы келелі отырыс өткізіп, басылымның ертеңі, алдағы тағдыры талқыланды.

Өз кезегінде Аида Ғалымқызы лебіз білдіріп, Мемлекет басшысының құттықтауын оқып берді: "Ғасырға жуық уақыт ішінде газет қалың оқырманы бар, беделді басылым ретінде қалыптасып, төл тарихымыздың жаршысына айналды. Әдебиетіміздің алтын дәуірі қалыптасуға зор еңбек сіңірген апталық алдағы уақытта да өзіне жүктелген мәртебелі міндетті мінсіз атқара береді деп сенемін. Баршаларыңызға шығармашылық шабыт, толағай табыс, бақ-береке тілеймін" деді. Газет тойы жыл соңына дейін жалғасады, әртүрлі жанрларда әдеби байқаулар өтеді, бұл күллі қазақ әдебиетінің тойы себебі.


Рекомендовать
Последние новости