Қазақстанда ұзақмерзімді жобаларды қолға алып, ірі инвестиция жасауға ниетті шетелдік инвесторлардың бірі - қатарлық алып компания Power International Holding (PIH) болып табылады. Осы инвесторлардың қадамы еліміздің алдағы даму траекториясын, экономикалық бет алысы қандай бағытта екенін анықтауға мүмкіндік беріп жатады. Осы тұрғыда алып қарастырсақ, 19-дан астам елде жұмыс істейтін, әртараптандырылған қатарлық холдинг Қазақстанда энергетикалық саладағы байланысты нығайтып қана қоймай, таза энергия, ақылды инфрақұрылым және тұрақты урбанистика сынды жаңа бағыттағы тың бастамаларға түрен салып жатқанының куәсі боламыз, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Атап айтқанда, PIH тобы "Самұрық-Энерго" компаниясымен бірлесіп, Қызылорда облысында 1 100 МВт қуаттылықтағы парогаз электр станциясын (CCGT) салу жобасын іске асыруда. Сонымен қатар, "QazaqGaz" ҰҚ" АҚ және ҚР Энергетика министрлігімен бірлесіп:
- жылына 1 және 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін екі зауыттың құрылысын;
- жаңа компрессорлық станция (КС-14) мен Ақтөбе – Қостанай магистральді газ құбырының дамуын;
- Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырының кеңеюін жүзеге асыруда.
Расында, Қазақстан таза энергияға көшуде батыл қадамдар жасауға бет бұрған. ҚР Энергетиак министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың тоғыз айында жаңартылатын көздерден электр энергиясын өндіру 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға өсті, ал олардың ұлттық энергия теңгеріміндегі үлесі 6.67 пайызды құрайды. Бұл үлес алда атом энергетикасын дамытумен бірнеше есе еселене түседі деп күтіледі. Жалпы, Қазақстанның экологиялық таза энергияға жаһандық көшудегі рөлі елдің экономикалық байланыстарын кеңейтуге және Орталық Азиядағы өңірлік динамиканы өзгертуге мүмкіндік береді. Сондықтан бұл сала алда да шетелдік инвесторлар үшін тартымды бола түспек.
Сондай-ақ Еуразия төрінде цифрлық экономика және телекоммуникация бағытындағы жаңа алаң қалыптасып келеді. Оның ішінде Қазақстан бірінші болып қадамдар жасап, Еуразиядағы аса ірі цифрлық хабқа айналуды алға мақсат етіп отырған жайы бар. Қазақстан онлайн-сервистердің сапасы бойынша әлемнің үздік 10 елі және электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша 20 елдің қатарына енеді. Еліміздегі барлық транзакциялардың 90%-дан астамы қолма-қол ақшасыз жүргізіледі. Электронды коммерция жақсы дамуда. Жуырда елімізге суперкомпьютер әкелінді. Дата-орталықтар құрылуда. Astana Hub инновациялық экожүйесі, AIem.ai жасанды интеллект орталығы бар. Мұнда әлемдік ІТ-индустрия өкілдіктерінің кеңселерін ашу үшін келіссөздер жүргізілуде. Міне, Қазақстанның осы өршіл даму мақсатына бәс тігіп отырған шетелдік компаниялардың бірі - тағы PIH компаниясы. Олар энергетикадан бөлек, телекоммуникация секторына да инвестиция салуда. Altel және Tele2 Kazakhstan операторларын сатып алу арқылы цифрлық инфрақұрылымды жаңғыртып, ел бойынша интернетке тең қолжетімділік пен цифрлық инклюзивтілікті қамтамасыз етуді көздеп отыр. Осылайша қаталық компания халықаралық "Astana Hub" IT-стартаптар паркінің базасына да тіркелді. Өйткені PIH ұялы байланыс қана емес, онымен байланысты инфрақұрылымдық активтерді де дамытуды жоспарлап отыр: мұнаралар, дата-орталықтар, талшықты-оптикалық желілер. Мұнымен тоқтап қалмай, алда компания 5G-ге инвестиция салу, AI және IoT базасында шешімдерді енгізу, Қазақстанда PowerMind платформасын дамыту, сондай-ақ Цифрлық сауаттылық пен киберқауіпсіздікті арттыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға басымдық бермек.
"Power International Holding" жобалары Қазақстан үшін аса маңызды салаларды қамтиды. Газды қайта өңдеу инфрақұрылымы – энергетикалық қауіпсіздікке, телекоммуникация – елдің цифрлануына үлес қосады. Ал денсаулық сақтау, IT және тау-кен металлургия саласындағы жоспарлар – технология трансфері мен өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуге мүмкіндік ашады. Қазақстан бұл бастамалардың тиімді жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын", – деді 2025 жылы 16 мамырда қатарлық компанияның Қазақстандағы төрағасы - басқарушы директоры Амер Махасенмен кездескен Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров.
Иә, қатарлық компания тау-кен өндірісі, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларындағы жобаларды қарастырып, Қазақстанның ұлттық басымдықтарына жауап беретін инвестициялық серіктестікке ашық екенін де жеткізіп отыр.
"Қазақстан нарығына шығу — PIH үшін тек географиялық кеңею емес. Бұл — елдің болашағына деген сенім мен тұрақты құндылық қалыптастыруға бағытталған міндеттемеміздің көрінісі. Біз инфрақұрылымға, адам капиталына және орнықты келешекке инвестиция сала отырып, өңірлік энергетикалық байланысты нығайтуға үлес қосуға дайынбыз", — деді қатарлық компанияның Қазақстандағы төрағасы - басқарушы директоры Амер Махасен 2025 жылы 30 мамырда елордада өткен Astana International Forum – 2025 шарасы барысында.
Инвестиция бұл тек ақшалай табыс қана емес, бүтін саланың жаңаша жаңғыруын білдіре алады. Яғни, ол кез келген ел үшін жаңа бір құжаттарды, заңнамалық өзгерістерді де қабылдауды қажет етуі мүмкін. Жоғарыда аталған форумда Амер Махасен мырзаға: "Өңірге инвестиция тарту үшін қандай өзгерістер қажет" деген сауал қойылды.
"Power International Holding сияқты халықаралық компания атынан мен бұл өңірде үлкен әлеует бар екенін көріп отырмын. Географиялық орналасуы, бай ресурстары және жаңғыруға бағытталған ұлттық саясат – басты артықшылықтар", - деді ол.
Дегенмен, инвесторлардың сенімін арттырып, олардың белсенділігін күшейту үшін, Махасен мырза мынандай бірнеше маңызды бағытқа назар аудару қажеттігін айтады:
Біріншіден, құқықтық және нормативтік айқындықты күшейту.
Қазақстан инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша елеулі қадамдар жасады. Алайда шетелдік компаниялар заңның үстемдігі мен тұрақты құқық қолдану мәселесін жиі көтереді. Заңдардың барлығына бірдей, ашық қолданылуы – инвесторлар сенімін едәуір арттырады.
Екіншіден, адами капитал мен инфрақұрылымға инвестиция салу. Білікті кадрлар мен заманауи көлік-логистика жүйесін дамыту өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады.
Үшіншіден, әсіресе жергілікті өндірісті қолдайтын салалар үшін салық жүктемесін төмендету.
Төмен салықтар жаңа өндірістік жобаларды ынталандырып қана қоймай, инвестициялық табыстылықты арттырады — бұл ұзақ мерзімді шетелдік қатысу үшін шешуші фактор.
Төртіншіден, импортқа тәуелділікті азайтып, жергілікті өндірісті белсенді қолдау.
Ішкі құн тізбегін нығайту сыртқы тәуекелдерді төмендетеді, экономикалық егемендікті арттырады және тұрақты инвестициялық орта қалыптастырады.
Оның айтуынша, осы бағыттарға басымдық беру арқылы өңір ұзақ мерзімді капитал үшін сенімді және тартымды алаңға айнала алады.
Айта кетсек, 2024 жылдың 6 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарға ресми сапары барысында Power International Holding компаниясының иелері Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаятпен де кездескен болатын. Сол кезде Президент Қазақстан Үкіметі тарапынан қатарлық инвесторға қолайлы жағдай жасалатынын растап, барлық жұмысты жоғары стандарттарға сай нәтижелі орындаудың маңызын атап өткен еді.
Power International Holding (PIH) — энергетика, құрылыс, телекоммуникация, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және жылжымайтын мүлік сияқты салаларда жұмыс істейтін үздік катарлық конгломерат. Қазақстандағы қызметін UCC Holding еншілес құрылымы арқылы жүзеге асырады.
PIH активінде 400-ден астам компания, 19 елдегі 65 000-нан астам қызметкері бар. Топ өзінің ауқымдылығымен, икемділігімен және тұрақты құндылықты құруға деген адалдығымен танымал. Жаһандық Forbes мәліметтері бойынша, PIH капиталы бойынша 100 ең ірі араб отбасылық компаниялар рейтингінде 12-ші орында тұр.