Қаржыны қадағалау күшейеді: Назарбаев университетін қаржыландыру тетігі өзгермек

Қаракөз Амантай 12 мая 2025 16:05 145

2026 жылдан бастап "Назарбаев университеті", Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) және Астана халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) қаржыландыру тетігі қатаңдатылады. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Білім беру, денсаулық сақтау және қаржы салаларындағы бірқатар квазимемлекеттік ұйымдарды қаржыландырудың қолданыстағы тәртібі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қатаңдатылатын болады. Бұл шешім Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары негізінде қабылданды. Республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есебіне жүргізілген мемлекеттік аудиттен кейін Бюджет кодексіне тиісті өзгерістер енгізу процесі басталды", – делінген хабарламада.

Аудиторлар бюджет қаржысының мақсатты салымдар мен аударымдар арқылы мемлекеттік емес ұйымдарға берілуі мемлекет активтерінің қаржылық есептерде дәл әрі ашық көрсетілуіне кері әсер ететінін анықтаған. Атап айтқанда, бұл тәсілмен жыл сайын "Назарбаев университеті" мен "Назарбаев Зияткерлік мектептері" сияқты автономды білім беру ұйымдары, ӘМСҚ, АХҚО және басқа да бірқатар ұйымдар қаржыландырылып келген.

Жоғары аудиторлық палата үкіметке қаржыландыру тәсілін қайта қарауды ұсынды. Себебі қазіргі механизм мемлекеттік активтердің өсуіне ықпал етпейді – яғни, заңды тұлғалардың жарғылық капиталы артпайды және қаражаттың қалай жұмсалып жатқандығы да толық айқын емес.

"Осыған байланысты жаңа Бюджет кодексінде мақсатты салымдар мен аударымдар арқылы қаржыландыру нормалары алынып тасталды. Оның орнына трансферттер жүйесі енгізілуде. Бұл трансферттер ұйымның стратегиялық құжаттарында нақты нәтижелерге қол жеткізу жоспары болған жағдайда ғана беріледі", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ қаржы жылы ішінде игерілмеген қаражат (кейбір заңда көзделген жағдайларды қоспағанда) міндетті түрде бюджетке кері қайтарылуы тиіс.

"Трансферт алатын заңды тұлғалардың бірінші басшылары мемлекеттік органдардың даму жоспарларында, өздерінің ұзақмерзімді стратегияларында және бюджеттік бағдарламалар паспорттарында көрсетілген нәтижелерге қол жеткізуге тікелей жауапты болады. Сонымен қатар, олар алынған қаражатты пайдалану жөніндегі есептердің негізділігі мен шынайылығы үшін де жауап береді", – деп нақтылады ЖАП.

Жаңа тәртіп 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.


Рекомендовать
Последние новости