Қараша айында ауа райы қандай болады?

Ақтоты Жапатова 01 нояб. 2025 13:20

Қазгидромет қараша айына арналған консультативтік ауа райы болжамын ұсынды. Мамандардың мәліметінше, айдың басында ел аумағының басым бөлігінде солтүстік циклон әсерінен тұрақсыз ауа райы күтіледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бірінші онкүндікте жаңбыр қарға ұласуы мүмкін, ал солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде бұрқасын байқалады. Батыс аймақтарда жауын-шашын айдың алғашқы күндерінде түседі. Ұқсас ауа райы жағдайлары қарашаның екінші және үшінші онкүндіктерінде де қайталанбақ.

Синоптиктердің болжамынша, ай бойы желдің күшеюі, көктайғақ пен тұман жиі қайталанады. Ал бұрқасын негізінен елдің солтүстік, орталық және шығыс аймақтарында күтіледі.

Температуралық фон бойынша:

  • Батыс өңірлерде түнде +2…-7°С, күндіз +3…+18°С аралығында болады, онкүндіктің соңында +25°С-қа дейін жылы болуы ықтимал.

  • Солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда түнде -7…-15°С, күндіз -2…-10°С шамасында сақталады.

  • Оңтүстік және оңтүстік-шығыста түнде 0…-5°С, ал күндіз 0…+8°С болады. 7 қарашадан кейін температура +5…+15°С-қа дейін көтеріледі.

Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде кей өңірлерде аяздар күшейіп, түнгі температура -15…-20°С-қа дейін төмендеуі мүмкін.

Жалпы, қараша айында ауа температурасы ел бойынша нормадан шамамен 1°С жоғары болады деп күтілуде.

Жауын-шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде нормаға жуық болады. Ал батыс және солтүстік-шығыс өңірлерде (Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары мен Батыс Қазақстан, Павлодардың басым бөлігі, сондай-ақ Атырау мен Маңғыстаудың батысы) нормадан көп жауын-шашын күтіледі.


Рекомендовать
Последние новости