Қарағанды индустриялық университеті ғылыми материалдарды плагиатқа тексеруі тиіс мердігермен болған сотта жеңіске жетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аталған қызметті көрсетуге конкурс жеңімпазы атанған компанияның Ресей, ТМД елдері және Еуропа ғылыми еңбектерінің деректер базасы болмаған.
Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, ақпанда университет пен ЖШС арасында ғылыми материалдарды плагиатқа тексеру қызметін көрсету жөнінде 1,9 млн теңгеге шарт жасалған. Алайда кейін оқу орны ұсынылған жүйенің техникалық сипаттама талаптарына сай келмейтінін анықтаған. Атап айтқанда, Ресей, ТМД және Еуропа елдерінің ғылыми еңбектерінің деректер базасы болмаған.
"Бұл тексерудің объективтілігі мен дәлдігін айтарлықтай төмендетті. Талапкердің айтуынша, бұл университеттің ұлттық және халықаралық деңгейдегі академиялық беделіне кері әсер етуі мүмкін еді", – деп мәлімдеді сотта.
Нәтижесінде келісімшарт біржақты тәртіппен бұзылып, қызмет қабылданбады және ақысы төленбеді. Алайда ЖШС өкілдері бағдарламалық қамтамасыз ету іс жүзінде қолданылғанын, қызметкерлері 200-ден астам ғылыми жұмысты тексергенін алға тартты.
"Сот жауапкердің тапсырыс берушінің талаптарынан хабардар болғанын, бірақ өз жүйесін келісімшарт шарттарына сай етпегенін анықтады. Жүйеге қойылған бастапқы талаптар техникалық сипаттамада нақты көрсетілген, ал оларды орындамау тапсырыс берушінің күткен нәтижеге қол жеткізуіне мүмкіндік бермеді", – деп көрсетті сот үкімінде.
Сот университеттің талабын қанағаттандырып, ЖШС-ны мемлекеттік сатып алулардың адал емес қатысушысы деп таныды. Сондай-ақ одан мемлекеттік баж өндіру туралы шешім шығарды.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.