Қара жамылып - қарызға батпайық

Dalanews 01 июл. 2022 13:34 639

Бүгінде той-томалақ пен қатар топырақты өлімде де ысырапшылдық белең алып барады. Дүниеден өткен адамды жөнелтудің өзі де әлі күнге көп жерде бәз баяғыша, аста-төк ысырапшылдықпен, жалған намысқа басқан даңғойлықпен атқарылып жүргенін көріп, естіп жүрміз.

Кейде жақынын ақтық сапарға шығару үшін, несие рәсімдеп, қарыз алып жататын жағдайларда жоқ емес.Осы ретте қазақ "Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады" деп тегін айтпаса керекті.

Осы ретте Абай облысының орталығы Семей шаһарында зиялы қауым, ақсақалдар, имам, дін қызметкерлерінің қатысуымен мұсылманша жерлеу, және ас беру мәдениетін қалыптастыру жайында кеңейтілген отырыс өтті.

Аталған жиында сөз алған ҚМДБ қарасты Абай облысынң бас имамы Асқар Мұқанов Қазақ халқы ғасырлар бойы күнделікті өмір тіршілігінде, соның ішінде адамның дүниеге келуі мен қайтыс болуына қатысты рухани-діни рәсімдерді орындауда мұсылманға тән мәдениетті ұстанып келе жатқанын айта келе, соңғы уақытта діни рәсімдердің шариат нормасына сай келмей, өзгерістерге ұшырай бастағанын тілге тиек етті.

"Қабір басына құлпытас ретінде орасан үлкен ескерткіштер мен зәулім қоршаулар орнату, ас берудегі ысырапшылдық қоғамның әртүрлі өкілдерінің, оның ішінде ақсақалдар мен дін мамандары тарапынан жиі-жиі сынға ұшырауда.



Қала берді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына шағым түсуде. Халыққа үндеу жолдап, аталмыш рәсімдердің шариғатқа сай орындалуын жеткізіп, зират тұрғызу мен зиярат жасаудың, кесене салудың жалпыға ортақ, біріңғай мәдениетін қалыптастыру үшін әрі облысымыздың барлық өңірлерінде сол талап бойынша орындалса дейміз" деді бас имам.

2020 жылы ҚМДБ-ның «Ас беру мәдениеті» мен «Зират және зиярат» құжаты негізінде зират көтеру жайлы шариаттың үкімін келтіреді.


Мәселен біріншіден қабірдің тереңдігі- 1м. 80 см. Ені-1м. Ұзындығы- 2м. 20см.

2. Қабірге жерленген кісінің кім екендігін айқындау мақсатында және жүргіншілер тарапынан тапталып, аяқ асты болмауы үшін оған шағын белгі (құлпытас) қоюға рұқсат. Қабірге биіктігі 1 метр, ал ені 50 сантиметрден аспайтын құлпытас қою, құлпытасқа марқұмның толық аты-жөнін, туған және қайтыс болған күндерін жазу.

3. Жерлеу орындарында зәулім ескерткіш немесе биік күмбез орнатуға, мешіт, медресе, құлшылық ету орындарын тұрғызуға болмайды.Зират қоршалған жағдайда әрбір қабірге жеке-жеке қоршау жасаудың қажеті жоқ.

6. Құлпытасқа марқұмның суретін қоюға рұқсат етілмейді.

7. Қабір басындағы бұрын жасалып қойған құрылыстарды бұзудың қажеті жоқ.

8. Қабір көтеруге кететін шығынды тірілерге жұмсау – әлдеқайда сауапты.

9. Тазалықты сақтау, зират маңын ластамау, қоқыс тастамау, темекі шегу, насыбай ату сынды кереғар әрекеттерге тиым салынған.

Сондай-ақ жиында зиялы қауым өкілдері бүгінгі таңда ас беру мәдениетінде орын алып жатқан кереғар әрекеттерге тоқталып, марқұм болған отбасының дүниеден өткен жақынын емес, келген адамға қалай дастархан жайып, асқа ерекше көңіл бөлініп келе жатқаны, жағдайы төмен отбасылар тіпті қарыз немесе банктен нисие алатын жағдайларда кездесіп жатқанын айтып өтті.

Шариат үкімі бойынша ысырапшылдыққа жол берілмеуі керек дейді Асқар Мұқанов.

"Марқұмның атынан ас берілгенде, негізгі ниет – бір Алланың разылығын ғана табу болуы тиіс. Одан өзге ниет – астың сауабын кемітеді. Осы орайда халықтың жағдайы мен қоғамдық пікірді ескере отырып, ас мәзірін ұсынып отырмыз.

Онда ет, күріш, шелпек, бауырсақ, құрт, ірімшік, қоспа, талқан, май, қатық, қант, науат, құрма, өрік, мейіз шәй.


Аталған ас мәзірін марқұмды еске алу барлық хатымдарында қолдануға, осы шаралардың орындалуына ат салысуға шақырамыз" деді Абай облысының бас имамы.

Демек дүниеден өткен адамға зәулім зират тұрғызып пен аста төк дастархан жайып ас беру шариатқа қайшы амал болып табылмақ. Сайып келгенде өлім бізді ысырапшылдыққа тәрбиелемеуі керек.

Қуаныш Рахметоллаұлы


Рекомендовать
Последние новости