Қапшағай жағажайындағы заңсыз құрылыс тексеріледі – Қонаев прокуратурасы мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 02 июн. 2025 14:46

Қапшағай жағажайының қытайлық компания тарапынан құрылысына байланысты прокуратура мемлекеттік органдарды тексеруді талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz

Қонаев қаласының прокуратурасы Қапшағай су қоймасы жағалауындағы жағажайды қытайлық үлесі бар компания игеріп жатқанына байланысты мемлекеттік органдарға тексеру жүргізуді талап етті. Бұл туралы "Курсив" басылымының ресми сұранысына берілген жауаптан белгілі болды. 

Жағажай №8 аумағы Қытай қатысушысы бар жекеменшік компания – "Жібек жолы" Қазақстандық коммерциялық инвестициялық компаниясы» ЖШС-не берілген. Компанияның жалғыз құрылтайшысы – «На Ла Жуй Цзе» Синьцзянь бизнес басқару компаниясы. Бұл аумақта аттракциондар саябағын салу жоспарланған.

Сәуір айының соңында құрылыс жұмыстары басталып кеткен: бір нысан бой көтеріп, құрылыс техникасы мен жұмысшылар жұмыс істеп жатқан. Сол уақытта облыс әкімдігі жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әлі дайындалып жатқанын айтқан еді. Ал мамырда "Курсивтің" сұранысына жауап берген Су ресурстары министрлігі Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы Қапшағайдағы №8 жағажайға қатысты эскиздік жобаны мақұлдамағанын мәлімдеді.

"Курсив" ЖСҚ бекітілмеген және тиісті органдармен келісілмеген нысанда құрылыс қалай басталғанын анықтау үшін жергілікті прокуратураға сұрау жолдаған.

Прокуратура не дейді?

Қонаев прокуратурасы қаладағы жер қатынастары бөлімі мен сәулет және қала құрылысы бөліміне тексеру жүргізу туралы нұсқама жібергенін хабарлады.

"Сұраныста көрсетілген уәждер негізінде Қонаев қаласының жер қатынастары бөліміне және сәулет және қала құрылысы бөліміне тексеру жүргізу туралы талап жолданды", – делінген прокуратура жауабында.

Егер тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталса, уәкілетті органдар өз құзыреті аясында шаралар қабылдайды.

Әкімдіктің ұстанымы

"Курсив" Алматы облысы әкімдігінен жағажайдағы құрылысқа қатысты ұстанымын сұраған. Алайда сұраныс облыстық су ресурстары және ирригация басқармасына жіберілген. Онда тек "су айдындары мен олардың қорғалатын аумақтарында жұмыстар жүргізу Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының келісімімен жүзеге асады" деген жауаппен шектелген.

Басқарма сондай-ақ Қапшағай су қоймасы маңындағы "басқа да жобалар" туралы ақпарат сұрау салғандарын айтты.

Бұған дейін "Курсив" Қапшағай жағалауында болып, әкімдік құжаттар дайындалып жатыр дегенімен, №8 жағажайда құрылыс басталып кеткенін анықтаған.


Рекомендовать
Последние новости