Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қаруды иемденген күдіктілер ұсталды

Көркем Алдабергенова 10 сент. 2025 09:24

Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қаруға қатысты күдіктілер Алматы облысында ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеп. 

«21 мыңнан астам азаматтық қару иесі тексерілді, олардың 400-ден астамы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осылайша, ағымдағы жылдың 5 қыркүйегінде Алматы облысында осы өңірдің тұрғындары ұсталып, олардан Алматы қаласындағы қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған арнайы мылтық тәркіленді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», – деді ІІМ криминалдық полиция департаменті басқарма бастығының орынбасары Жандос Батырбеков.

Айта кетейік, 1 қыркүйектен бастап ел аумағында «Учаске» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Оның аясында заңсыз айналымдағы қаруды анықтау жұмыстары күшейтілген.

«Шара басталғалы бері заңсыз айналымнан шамамен 50 қару бірлігі, 500-ден астам оқ-дәрі және алты жарылғыш құрылғы алынды; қару-жарақ пен оқ-дәрілер жасырылған 12 қойма табылды; «қаңтар оқиғасы» кезінде ұрланған алты қару және полицияның жабдықтары тәркіленді. Оның ішінде бір автомат, бір тапанша, екі ойық карабин және екі тегіс ұңғылы мылтық, сондай-ақ қызметтік бронежилеттер мен каскалар бар. Бұдан бөлек, ел тұрғындары өз еркімен 15 қаруды тапсырды», – деп нақтылады ІІМ.


Рекомендовать
Последние новости