Қанат Шарлапаев: Баспананы бөлумен енді әкімдіктер айналыспайды

Кәмшат Тілеухан 10 дек. 2024 11:07 492

10 желтоқсанда Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев құрылыс саласына қатысты баяндама жасады. Бүгінгі таңда оның үлесі еліміздің жалпы ЖІӨ-нің 5,6%-ын құрайды. Салада 670 мыңнан астам адам жұмыс істейді, 53 мыңға жуық кәсіпорын қызмет етеді, оның 2 903-і құрылыс материалдарын өндіреді, деп жазады Dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, биылғы 11 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 6,9 трлн теңгеге жеткізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,3%-ға артық. 2024 жылдың соңына дейін рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қараша айының қорытындысы бойынша 16,3 млн шаршы метр тапсырылды, жыл соңына дейін тағы 1,7 млн шаршы метр пайдалануға беру жүргізілуде.

"Салаға қаражатты инвестициялаудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін Министрлік тұрғын үй құрылысын ынталандыру бойынша бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдады. Осы жылы барлық көздер есебінен аталған мақсаттарға шамамен 965 млрд теңге жоспарланған, бұл 160 мыңнан астам азаматтың 41 мың жаңа пәтерге қоныстануын қамтамасыз етеді. Мұқтаж азаматтарға қолжетімді құралдарды ұсынуға ерекше көңіл бөлінеді", — деді Қанат Шарлапаев.

Биыл мемлекеттік қолдау есебінен 22 мыңнан астам жалға берілетін пәтер сатып алуға 330 млрд теңге қарастырылып, әкімдіктерге 305 млрд теңге аударылды. Жыл соңына дейін мемлекеттік бағалы қағаздар шығару есебінен 165 млрд теңге сомасында 10 мыңнан астам пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. 2% және 5% бойынша жеңілдетілген ипотекалық қарыздар есебінен бүгінгі күні 94,5 млрд теңге сомасына 7 861 қарыз берілді. Тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік желілерді тартуға 83 млрд теңге бөлінді.

Осы жылдың мамыр айынан бастап "Наурыз" жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. 2024 жылға 300 млрд теңге сомасына 12 мың қарыз беру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 172 млрд теңгеге 6 мыңнан аса қарыз берілді.

Сондай-ақ Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында Қазақстанның тұрғын үй саясатын реформалауға және құрылыс саласын дамытуға бағытталған шараларға да тоқталды. 

"Мәселен, тұрғын үйді есепке қою және бөлу жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың функцияларын Ұлттық даму институты болып қайта құрылған Отбасы банкіне беруді көздейтін Заң қабылданды. Тұрғын үйді бөлу есепке қою күні мен азаматтардың табыс деңгейі негізінде жүзеге асырылатын болады, бұл бірінші кезекте ұзақ уақыт кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Маңызды жаңалықтардың бірі – сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру құқығы, бұл 50 мыңнан астам адамға әсер етеді. Тұрғын үйді жекешелендіруге қатысты нормалар 4 желтоқсаннан бастап күшіне енді, ал басқа жаңа енгізілімдер 2025 жылдың мамырынан бастап күшіне енеді", - дейді ол.

Министр жыл басында қала құрылысы сараптамасы институтын енгізуге де назар аударды. Бұл механизм қала құрылысын жоспарлау сатысында сәулет нормаларынан ауытқулардың алдын алуға, жобаларды бекіту кезінде бұзушылықтарды болдырмауға мүмкіндік береді. Енді олардың барлығы «Мемсараптама» РМК-да міндетті сараптамалық тексеруден өтеді. Мұндай шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін едәуір төмендетеді және бастапқы рұқсат беру құжаттамасын беру кезінде адами фактордың ықпалын болдырмауға көмектеседі.


Рекомендовать
Последние новости