Путин Тоқаевты "құтқарған" еді. Қазақстан Батыстың сөзін сөйлеп кетті - ресейлік сарапшы

Dalanews 28 апр. 2022 14:22 870

Одақтасымыздың сарапшысымақтары "Ақорда Кремльді сатып кетті" деп дабыл қағуда. Олардың ойынша Қазақстан Батыстың қысымына төтеп бере алмай, белі бүгіліп кеткен.

Dalanews сөй деп гәпірген саясаттанушы Андрей Грозиннің сөзін оқырман назарына ұсынады.

Оның айтуынша АҚШ Мемхатшысының орынбасары Узра Зейдің Қазақстанға келісі тегін емес. Ақ үй өкілі Ақорданы Ресейден аулақ жүруге көндіріп, Кремльден алыстай түсуге кеңес берген.

"Ресейге салынған сойқан санкциялардан үрейі ұшатын одақтасымыз АҚШ-тың айтқанынан шыға алар емес. Қазақтар санкцияға ұшырағысы жоқ, сондықтан сақ қимылдайды. Орыс компанияларын елге шақыруға батпай отыр, бүйтер болса Ресейдің сыбайласы деген санатқа кіреді. Мұның салдары қандай боларын қазақтар көріп-біліп отыр", – дейді Грозин мырза.

...

Оның пікірінше қазақ элитасы Батыстағы капиталы бұғатталып, дүние-мүлкі тәркіленген ресейлік бай-бағландардың күйін кешкісі келмейді. Қазақстан Ресейді ашықтан-ашық қолдар болса, әлгіндей әрекетке бару қиындық туғызбайды.

Сөй деген Грозин: "Қазақстан ешкіммен қақ-соғы ұстанымнан таймауға тырысуда. Соның өзінде Батыстың ығына жығылып, Ресейден алшақтап барады" деп санайды. 


"Ақорданы тәубесіне түсіретін кез келген шығар. Қазақстан экспортының 90 пайызы Ресей аумағымен өтеді. Осы арнаның аузын буса, бәлкім, қазақ билігінің есі кірер. Мұндай әлсіз одақтастың "еркелігін" қашанғы кешіре береміз?!", – дейді ол.

...

Сарапшы Батыс басылымдарына сұхбат беріп, демократиялық құндылықтарды төрге оздырған Тоқаевтың позициясын түсінбей отырғанын айтады. Ол дос па, дұшпан ба, әлі де анық емес деп пайымдайды.

Грозиннің айтуынша Қаңтар дүрбелеңінде Тоқаевты құтқарып қалған жалғыз адам - Путин.

"Тоқаев Мәскеудің сенімімен шыға қойған жоқ. Батыс өркениеті оны әлі күнге дейін ресейшіл саясаткердің қатарыа қосады. Оған ел ішінде үлкен қысым жасалуда...", – деген Грозин "қысым жасап жатқан" аудиторияның атын атаудан қаймығыпты.

Қазақтілді аудиторияның басым бөлігі Путиннің шапқыншылығын қолдамайды. Қаңтар төңкерісі арқылы елдегі өзгеріске қозғау салған қазақтілді орта ел билігінің Ресейдің сөзін сөйлегенін құптамайды. Ол рас.


...

Ал Грозиннің айтуынша Қазақстандағы айыртілді аудиторияға Батыстың үкіметтік ұйымдары грант таратып, байқау ұйымдастырып, пейілін бұзған. Батыстың астауынан жем жеген әсіре ұлтшылдар әп-сәтте қаулап өсіп шығып, халықты Ресейге қарсы қойыпты.

"Тоқаев батысшыл топтың айтқанынан аса алмай отыр. Ресейдің сөзін сөйлейін десе, АҚШ пен Батыстың арбауына түскен қауымның табасына қалады. Мәскеу мұны көрмей, білмей отырған жоқ. Соңғы кездері тым көсемси бастаған көршісіне кеңшілік таныта ма, жоқ па ол жағы Кремль басшыларының көңіл-күйіне байланысты", – депті түйіндепті Грозин.

Думан БЫҚАЙ




Рекомендовать
Последние новости