«Путин сарайы». Қазақ неге орысшыл

Dalanews 24 февр. 2021 09:37 1232

Қазақстанның Ресей ықпалынан жақын-жуықта шыға алмайтыны айдан анық. Оны көп жайттан байқауға болады. Бүгінде Ресей Еуразиялық Одақ арқылы экономикалық тұрғыдан посткеңестік елдерді өзіне жіпсіз байлап тастады. Оның бел ортасында Қазақстан да бар. Қазір халық Еуразиялық Одақтың кесірінен ескі, сапасыз көлік мініп, күн өткен сайын табысының азайып бара жатқанын там-тұмдап болса да түсіне бастады.

Ал ақпараттық кеңістігіміз Ресейдің бақылауында десек асыра айтқандық болмас. Шыны керек, Орталық Азиядағы түркі тілдес мемлекеттер арасында біздің халық тым орысшыл. Оны мына бір қарапайым жайттан анық аңғаруға болады.

Жыл басында Алексей Навальныйдың «Геленджиктегі Путин сарайы» деген зерттеу фильмі жарыққа шықты. Бұл фильм орыстілді бірқатар елде ай бойы Ютубтың ең жоғарғы рейтингісінде көш бастағаны белгілі. Бүгінде Кремльдің мазасын қашырған фильмді 113 миллионнан астам адам көріп үлгерген.

Таяуда әлеуметтік желіні ақтарып отырып, аталмыш фильмінің Ютубтағы рейтингісін көріп қалдым. Көрдім де Ресейдің ақпаратына біздің билік қана емес, қарапайым халықта жіпсіз байланғанына көзім жеткендей болды.

Әлгі рейтингке көз салсаңыз, «Геленджиктегі Путин сарайы» фильмі бірнеше апта бойы Ютубте Ресейде, Украинада, Белорусте, Латвияда және Қазақстанда бірінші орынды ешқандай фильмге дес бермей топ бастағанын байқауға болады.


Осы бір қарапайым жайттан-ақ Қазақстандағы Ютубтың аудиториясы Ресейге қаншалықты байланғанын байқауға болады. Суреттегі статистикадан бірінші орында тұрған елдердің қатарынан түркі тілдес елдерден Қазақстаннан басқа елді көрмейсіз.

Иә, Украина мен Белорустың рейтингінің басында тұрғанын түсінуге болады. Олар бауырлас халық. Тілі мен діні ортақ. Ал бізге не жорық?

Сататистикада ұзақ жылдан бері миллионға жуық адамы Ресейге барып, жұмыс істеп нан тауып жүрген Қырғызстан мен Өзбекстан мүлде жоқ. Ал экономикалық тұрғыдан Ресейге анау айтқандай тәуелді емес, Қазақстан орыстың ақпаратын жиі көретін елдердің бел ортасында жүруін қалай түсінуге болады? Бұл жақсылықтың нышаны емес.


Бүгінде көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан экономикалық тұрғыдан Ресейге аса жақын ел. Бірақ қырғыз бен өзбекті иделогиялық тұрғыдан орыстың шырмауындағы ел деп айта алмайсың.

Ал орыстар экономикалық тұрғыдан қазақтарды өзіне бәсекелес санайтыны жасырын емес. Өйткені, біз де Ресей секілді сыртқа мұнай, астық, уран, метал экспорттаймыз. Біздер экономикалық тұрғыдан орысқа мұқтаж болмасақ та оларға идеологиялық тұрғыдан неге тәуелдіміз?

Айтпақшы, «Геленджиктегі Путин сарайы» фильмі аса қызығушылықпен көрген елдердің рейтингісінде бізге туыстас халық әзірбайжандар да бар екен. Бірақ олар Навальныйдың фильмін біз сияқты «қатты» көрмепті. Олардың рейтингінде аталған фильм 26 орыннан әріге аспаған.

Нұрлан Жұмахан, журналист. 

 

Рекомендовать
Последние новости