Ресей президенті Владимир Путин Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Украинадағы соғысқа қатысты бірқатар мәлімдеме жасады. Бұл туралы BBC хабарлады, деп жазады Dalanews.kz.
Путиннің айтуынша, Мәскеу Украина аумағындағы өзін «өз жері» деп есептейтін аймақтарды әскери жолмен басып алуға дайын.
"Арнайы әскери операцияның мақсаты сөзсіз орындалады. Біз қақтығыстың бастапқы себептерін дипломатиялық жолмен жоюға тырыстық. Алайда қарсы тарап пен оны қолдап отырған шетелдік күштер келіссөздерден бас тартса, Ресей өзінің тарихи жерлерін әскери жолмен азат етуге қол жеткізеді", - деді ол.
Ресей билігі бұған дейін Украинаның төрт облысын - Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон аймақтарын аннексиялағанын жариялаған. Алайда қазіргі уақытта Ресей әскері бұл өңірлердің ішінде тек Луганск облысын толық бақылауда ұстап отыр.
БАҚ дерегінше, Мәскеу Донецк облысындағы Киев бақылауындағы аумақтардан да украин күштерінің кетуін талап етуде. Украина билігі бұл талапты қабылдамай отыр.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский аумақтық мәселелерді шешу тек референдум арқылы мүмкін екенін мәлімдеген еді.
