Әзірдің өзінде жас мамандарды көптеген құрылымдар қызметке шақыруда. Солардың ішінде Алмас Сәкенұлы да бар.
Dalanews.kz тілшісі іріктеуден мүдірмей өтіп, ТОП 300-дің қатарына кірген Алмас мырзамен тілдескен болатын.
Биылғы жылдың басынан бері Тоқаевтың кадрлық резервіне кірген Алмас Сәкенұлына әр түрлі құрылымдар (соның ішінде коммерциялық мекемелер де бар) ұсыныстар келіп түскен. Кейіпкеріміз әзірше барлығын қарастырып, қабілетім мен тәжірибем жетсе нақты бір шешімді қабылдаймын. Өз басым денсаулық сақтау саласымен байланысты бағытқа басымдық беріп отырмын деп ағынан жарылды.
«Астанадағы медицина университетін педиатрия мамандығы бойынша тәмамдадық. Кейін менеджмент мамандығын да меңгердім. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы бойынша магистр дәрежесін де алдым», – дейді Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.
Тұтастай алғанда, Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуден өту айтуға ғана оңай. Dalanews.kz бұл жайында терең талдау жүргізіп, әр үміткердің аналитикалық, интелектуалдық қабілетіне баса мән берілетінін егжей-тегжейлі жазған болатын.
Үміткерлер 4 кезеңнен, атап айтқанда тестілеу, сараптамалық пайымдау деңгейі, эссе жазу секілді сатылардан өтеді.
Осындай сынақтардан сүрінбей өткен Алмас Сәкенұлы ендігі күш-жігерін елге қызмет етуге сарп етуге дайын.
«Ағаға қарап, іні өсер екен. Туған ағамның ілім-білімге деген талпынысы да маған қозғау салды. Кадр резервке өткен ағамның артынан мен де осы тізімге ендім. Отбасымыз үшін өте қуанышты жағдай болды.
Жалпы аталмыш резервтің құрамына кірген әрбір азаматтың көзінен от көрініп, білімі мен қабілетін мемлекетіміз бен қоғам үшін кәдеге жаратсақ деген ниеті байқалады. 10 жылдан артық денсаулық сақтау саласында еңбек еткендіктен бе, маған медицинадағы менеджерлік бағыт жақын. Менің көзқарасым бойынша ауруханадағы бөлім меңгерушілерден бастап, бас дәрігерге дейін менеджментті жете меңгергені дұрыс. Жұмысты бір ретке келтіріп, оңтайландыра процесін әзірлеу аса маңызды. Әлі де болса көрініс беретін кеңестік басқару стилінен біртіндеп емес, тездетіп бас тартуымыз қажет. Нәтижелі болса, науқастарға да дәрігерлерге де қолайлы жағдай жасалынады», – деп өз ойын жеткізді.
Жауапкершілігі жоғары денсаулық сақтау саласында дәрігерлердің біліктігі, білімі мен қатар, жұмысты үйлестіріп, барынша тиімді қылу науқасқа да, ақ халатты абзал жандарға да пайдалы болмақ.
Қазіргі таңда Алмас мырза Әлеуметтік медициналық сақтандыру мекемесінің менеджментін дамыту үстінде. Денсаулық сақтау қызметін, мониторингін, талдауын, инфрақұрылымын үйлестіру бойынша жемісті еңбек етуде. Көпшіліктің талқысына түскен МӘМС жайлы да сұрап көрдік.
«Иә бүгінгі таңда адамдар тарапынан әр түрлі пікірлер айтылуда. Ол заңдылық. Әрбір жаңа жоба ел арасында қызу талқыға түсері белгілі жайт. Иә, дәл қазір барлық игілігін көрмеуіміз мүмкін. Бірақ алдағы уақытта, медициналық сақтандыру жүйесі арқылы, денсаулық сақтау саласының бюджеті ұлғайып, сәйкесінше көрсетілетін көмектің сапасы, ауқымдылығы, дәрігерлердің жалақысы да едәуір артпақ», – дейді Алмас Сәкенұлы.
2011-шы жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан Алмас адамдарға көрсетілетін көмектің әлі де болса өз деңгейінде емес екендігін тілге тиек етті.
Бұл олқылықтың түзету үшін дәрігерлердің білімін жетілдіріп, еңбегіне қарай бағалап, ынталандырып отыру маңызды. Науқастарға көрсетілетін көмектің сапасын арттыру үшін соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтарды жете меңгерген кадрлық пул қалыптасуы қажет.
Сөй деген Алмас Сәкенұлы: «Соңғы жылдары елімізде дәрігерлер дефициті сезілуде. Оның бірнеше себебі де бар. Мәселен медицина саласында білім алып жатқан студенттер 7-ші курстан кейін, кейде оқуын жалғастырмай немесе, мамандығы бойынша жұмысқа орналаспай жататын жайттар кездесіп жатады. Қыз балалардың көбі тұрмыс құрып, өмірін отбасына арнап жатса, ер-азаматтар айлығы жоғары басқа саланы таңдайды. Десе де, Гиппократ антына адал болып, елдің алғысына бөленіп жүрген дәрігерлер де баршылық», - дейді.
Оның пікірінше Тоқаев бастамасымен қолға алынған кадр резерв туралы идея бүгін де, ертең де өміршеңділігін жоғалтпайды. Ал осынау құрамға іріктелген жастар Жаңа Қазақстанның қабырғасын қаласуға әзір.