Президент сұхбатындағы жауаптар көпшілік көңіліне сенім ұялатты

Dalanews 17 февр. 2022 17:11 786

Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» ұлттық телеарнасына сұхбат беріп, «Қасіретті қаңтар» оқиғасының себеп-салдары мен алдағы уақытта жүзеге асырылатын саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның сыртқы саясаттағы стратегиялық серіктестерімен қарым-қатынастарына, қабылдаған шешімдеріне қатысты қойылған маңызды сауалдарға жауап берді.

Президент «Қаңтар оқиғасына» қатысты маңызды деректерге тоқталып, Алматыға шабуыл жасаған қарақшылар мен бұзақылардың үлкен қылмысқа барғандығын және ұйымдасқан қылмыстық топтар билікті басып алмақ ойлары болғандығын жеткізді. Бүгінде, қайғылы оқиға бойынша күрделі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын, сондай-ақ жазықсыз қамауға алынғандарды да тергеу анықтауда деп айтты.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Алматыдағы бүлік кезінде елге тартылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін шақырғаны үшін ешкімнің алдында қарыз болып қалмағандығын түсіндіріп айтты. Өйткені, бүгінде осы мәселеге қатысты ел арасында шындыққа жанаспайтын түрлі әңгімелер жүр. Президент бұл шешімді басқа да қалаларды басып алудың алдын алу үшін қабылдағанын жеткізді.

Мемлекет басшысы Қаңтар оғиғасы барлығымызға сабақ болғанын жеткізе келе: «Бұл мәселеге қатысты жан-жақты зерттейтін болсақ, халықтың нарызылығының астарында өткір әлеуметтік мәселе жатыр. Халықтың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен. Оны мойындауымыз керек. Ол ақиқат. Мемлекеттің тұтас байлығы аз ғана топтың қолында. Теңсіздік белең алуда. Бұл мәселе туралы мен Парламентте, басқа да жиындарда айттым. Өкініштісі, азаматтардың наразылығын қылмыскерлер, лаңкестер пайдаланып кетті» деп айтты.

Сонымен қатар, бүгінгі елімізде қабылданып жатқан барлық реформаларға осы оқиға себепші болғандығын жеткізді.

Жалпы, Президенттің қоғамда жиі талқыланып, көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды сауалдарға берген нақты әрі тұшымды жауаптары көпшіліктің көңіліне сенім ұялатты деп ойлаймын.

Президентіміз сұхбатының соңында Отанымыз жалғыз және оны  қорғау – әрбіріміздің азаматтық борышымыз деді. Олай болса, елімізді қорғау және оның өркендеуі үшін еңбек ету – баршамызға жүктелген ортақ міндет.

Ендеше, бізге берілген  мүмкіндікті пайдалана отырып, еліміздің туелсіздігін тұғырлы ету жолында баршамыз аянбай еңбек етейік, ағайын.

Қайрат БАЛАБИЕВ, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы

Рекомендовать
Последние новости